​Әлеуметтік желіге мұндай СУРЕТТЕРДІ САЛМАҢЫЗ

0
5 083

Қандай суреттерді қара ниеттілер сізге қарсы қолдана алады?


​Әлеуметтік желіге мұндай СУРЕТТЕРДІ САЛМАҢЫЗ

Егер сіз мың-миллиондаған оқырманы бар ТОП-блогер болсаңыз, әлеуметтік желі әлемінен біршама біліміңіз бар деген сөз. Яғни, парақшаңызға не салуға болады, нені жариялауға болмайды, қандай сақтық шараларын қолдану керек – мұның бәрін білесіз. Ал егер біліміңіз соншалықты жетік болмаса, желідегі парақшаңызды абайлап қолдануға тура келеді. Әсіресе, әр суретіңізді жүктер алдында «жеті рет өлшеп барып кескен» артық болмайды.

Ең алдымен, қандай суреттерді жариялауға болмайтынын біліп алыңыз.


Билеттер

Қазіргі таңда жол көлігіне отырғызу билеті, талон суреттерін жариялау қауіпті. Әсіресе, штрих-коды, билет иесінің аты-жөні және рейс нөмірі көрсетілген авиабилетті жолсапардан бұрын жалпақ жұртқа көрсетпеңіз. Олай еткен жағдайда кез келген адам сіздің жеке кабинетіңізге кіріп, билетте кері қайтару не уақытын ауыстыру сияқты өзгерістер жасай алатын болады.

Концерт, басқа да іс-шараларға қатысуға құқық беретін билеттер де дәл солай. Егер билеттің штрих-коды кадрға ілігіп қалған болса, арам ойы бар адам оны фотошоп арқылы өңдеп, басып шығарып, сіздің орныңызға кіре алады.


Демалыс суреттері

Желідегі парақшаға жариялаудың салдары жайсыз жағдайларға ұрындырған суреттер қатарында демалыс көріністері де бар. Кей желі қолданушылары суретпен қосып «Біз мында демалып жатырмыз, осы уақытқа дейін боламыз» деген ақпаратты да жария етеді. Ұры-қарылар мұндай мүмкіндікті мүлт жібермейді. Ең жаманы, оларға көмекті өзіңіз беріп отырсыз. Сондықтан, егер үйде ешкім қалмаса, демалыс суретін жариялауға асықпаған абзал. Сондай-ақ, суретке геобелгі қоюдың да қажеті жоқ.


Банк картасы, басқа да құжаттар

Банк картасын екінің бірі желідегі парақшасына шығара бермейді. Алайда, бұл осындай әрекетке баратын аңғалдар мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Сондай-ақ, банк картасы арқылы төлем қабылдайтын қызмет иелері ашық түрде жариялауға мжбүр. Осындай қадамға барсаңыз, сіздің картаңыз бен ондағы қаржыңыздың тағдыры қашанда қыл үстінде тұратынын біле жүріңіз.

Жеке басты куәландыратын құжаттар да желіде жарияланатын нәрсе емес. Өз құжатыңызды жалпақ жұрт назарына ұсына қоймайтыныңыз белгілі. Ал, біреудің құжатын тауып алсаңыз не құжат бойынша біреуді іздеу керек болса ше? Мұндай жағдайда құжат иесінің суреті ғана көрінетіндей етіп, қалған ақпараттарды жасырып жариялаған абзал.

Балалардың бейнесуреті

Өзіңіздікі болсын, өзгенікі болсын, жас баланың суретін де желідегі жалпақ жұрт назарына ұсына салуға болмас. «Тіл-көз тиеді» деп қауіптенгендер онсыз да олай етпейді. ал, мұндай наным-сенімге иланбайтындар миығынан күліп отырып нәрестенің суретін шығарып жатады. Алайда, мұнда мәселе наным-сенімде ғана емес. Баланың суретін бөгде мақсатта қолданушы теріс ниеттілер табылуы мүмкін. Сондай-ақ, қазір ештеңе айта алмайтын бала өскен соң бұл әрекетке наразылығын білдіруі де ғажап емес.


Кілт суреттері

Ғаламтор желісіне пәтер, көлік, сейф, басқа да бағалы мүліктер кілтін салуға да болмайды. Сену қиын, бірақ, арамыздан суретке қарап оның көшірмесін жасай алатын шеберлер де шығады екен. Егер тұратын мекен-жайыңызды, жүрген-тұрғаныңызды жазылушыларынан жасырмайтын желі қолданушысы болсаңыз, көшірме кілті бар адамға сізді тауып алу қиынға түспейтіні белгілі. Осылайша, жаман ниеттілерге өзіңізді өзіңіз жем қыласыз.


Ұялы телефон нөмірі

Желідегі парақшаңызға ұялы телефон нөмірін көрсетіп қоюға тура келетін жағдайлар бар. Әсіресе, онлайн қызмет ұсынатындар үшін осылай тиімді. Алайда, бұл қадам түрлі алаяқтық әрекеттерін жүзеге асырып, алдап соққысы келетіндер үшін де таптырмас мүмкіндік. Олардың алдауына арбалып қалмау үшін жұмысқа бір нөмірді арнап қойыңыз. Оған келіп түскен жұмыстан басқа тақырыптарға қатысты сұрақтар мен ұсыныстарға жауап бермеңіз. Ал, жақын-жуық, достармен байланысу үшін жеке нөмір болғаны жөн.

Әлеуметтік желі – адамдардың көптеген іс-әрекетін жеңілдетіп беріп отырған заманның жетістігі екені рас. Алайда, оны әркім өз ниетіне қарай әртүрлі мақсатта қолдануда. Қара ниеттілердің құрығына түспеу үшін аса сақтықпен пайдаланған дұрыс.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


ТЕЛЕФОН неге ҚЫЗЫП кете береді? Негізгі 6 себеп


Өнертапқыштардың ЗАҒИП жандарға жасаған сыйы