"Күнбағысқа ұқсамай, күннің бейнесін беруі керек": Қырғызстанда туға өзгеріс енгізу туралы заң қабылданды

0
766

Түзетулерді 59 депутат қолдап, бесеуі қарсы дауыс берді.


ERNUR.KZ. Қырғызстанда парламент депутаттары елдің мемлекеттік туындағы күн сәулесінің пішінін өзгертуді ұсынатын заңды үшінші оқылымда қабылдады, деп жазады stan.kz.

Түзетулерді 59 депутат қолдап, бесеуі қарсы дауыс берді. Дауыс беруден кейін құжаттың бастамашысы депутат Нұрланбек Шәкиев әріптестерін құттықтады.

"Құрметті депутаттар! Жаңа ту құтты болсын! Бұл өзгеріс емес, бұл өңдеулер. "Аңызға айналған парламент" туралы үнемі айта берудің қажеті жоқ. Әр кезеңнің өз аңызы бар", - деді ол.

Бұған дейін депутаттар тудағы сәулелердің пішінін толқындыдан күн сәулесін анық еске түсіретін пішінге өзгертуді ұсынған болатын.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та қоғамда мемлекеттік тудың күнбағысқа ұқсайтыны және осының аясында түрлі пікірлердің қалыптасқанын атап өтті.

Садыр Жапаров туға өзгеріс енгізу өз идеясы екенін мойындады. Ол Парламент спикерінен заң жобасына бастамашылық етуді сұрады.

"Ту күнбағысқа ұқсамай, жарқыраған күннің бейнесін беруі керек",- деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев.