Түркістандық мемлекеттік қызметшілер республикалық сайыста жеңіске жетті

0
704

Дүбірлі сында Түркістан облысының өрендері 131,5 ұпай жинады.


Түркістандық мемлекеттік қызметшілер республикалық сайыста жеңіске жетті

Талдықорған қаласында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасындағы республикалық спартакиада өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Талдықорған қаласында спорттың 7 түрінен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасындағы республикалық спартакиада аяқталды. Дүбірлі сында Түркістан облысының өрендері 131,5 ұпаймен оқ бойы озып шығып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.


Айтулы сында облыс қоржынына волейболшылар алтын жүлде салды. Жасындай жарқыраған волейболшылар барлық қарсыласын айқын жеңіп шықты. Ал финалда БҚО командасын жеңді. Команда капитаны Ахан Есалиев бастаған сайыпқырандар былтырғы күміс жүлдені биыл алтынға айналдырды. Командада Е.Сырғабеков, И.Артиков, Б. Ержанов, Т.Ауелбек, Г.Мұсаева, Ұ.Данышпанова, С.Игенбай, Ә. Сейдмұхтар, Б.Оразбай, Б. Саду, Б. Сапарбеков, С.Ерсұлтан және А.Жұманов жасындай жарқырады.


Сондай-ақ, бильярд бәсекесінде түркістандықтар күміс жүлдеге ие болды. Команда сапында С. Ізбасқанов, Д. Айтымбетов, Қ. Ендібай және Е.Атемов өнер көрсетті. Команда жетекшісі – Ә. Қойлыбаев.


Сонымен қатар, тоғызқұмалақтан жекелей сында облыс намысын қорғаған Е. Ағабек қола жүлдені еншіледі.


Одан бөлек, Үстел теннисінен алтын жүлде бұйырса, қазақ күресінен командалық үшінші орынға иелік етті. Ортақ жеңіске кіші футбол, тоғызқұмалақ және жүзу спортынан бақ сынаған мемлекеттік қызметшілер де үлес қосты.


Айта кетсек, Жетісу төріне команданы Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Муслимова бастап барды. Мемлекеттік қызметшілер бұл жеңісті Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толу мерекесіне арнады.