Түркістандық әкім ұстаздарды онлайн режимде құттықтады

0
484

Ән-жырлар мен би-күйлер іс-шараның көркін қыздырды.


Түркістандық әкім ұстаздарды онлайн режимде құттықтады

Мақтаарал ауданының әкімі онлайн режимде ұстаздар қауымын құттықтады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Ұстаздар күні» мерекесі Мақтаарал ауданында онлайн режимде ерекше аталып өтті. Мерекелік шараға zoom бағдарламасы арқылы қатысқан аудан әкімі Бақыт Асанов білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Аудан болып құрылғалы бері екі жыл уақытта білім саласында аудан ұстаздары едәуір жетістікке жетті десем қателеспеймін. 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша 85 бітіруші түлегіміз "Алтын белгі", 65 түлегіміз "Үздік аттестат" иегері атанды.Жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиада қорытындысында 26 оқушы жүлделі орындарға және мадақтамаларға ие болып, 3 оқушымыз олимпиаданың республикалық кезеңіне жолдама алды. Қорыта айтқанда, 2019-2020 оқу жылында 25 оқушы жүлделі II, III орындарға және 1 оқушымыз бас жүлдені жеңіп алды. Яғни, 2018-2019 оқу жылымен салыстырғанда олимпиадалар мен түрлі байқауларға қатысқан жеңімпаздардың саны екі есеге өсті. Бұл жетістіктеріміздің барлығы ұстаздарымыздың ерен еңбегінің арқасы деп білемін!" - деді Бақыт Насырханұлы.

Онлайн арқылы өткен мерекелік іс-шарада аудан басшысынан бөлек, ауданның білім бөлімінің басшысы М.Серікбаев, ауданның кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Жолдасов, ата-аналар комитетінің төрағасы С.Мелдеханов, ауданның білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі У.Исламовалар құттықтау сөзге шығып, ұстаздарға деген жылы лебіздерін арнады.

Ауданның бас ұстазы М.Серікбаев: "Ешқандай мерекеге тең келмейтін ұстаздардың мерейлі мерекесінде барша ұстаздар қауымынамықты денсаулық, ұзақ та салауатты ғұмыр, таусылмас табыс, баянды бақыт, отбасылық шаттық тілеймін! Бойларыңыздан қуат, жүздеріңізден шуақ кетпесін. Шығармашылықтарыңыз шыңдалып, ұлт алдындағы ұлағатты істеріңізбен ел ықыласына мәңгі бөлене беріңіздер!" - деді.

Айта кетейік, жалпы мерекелік жиында оқушылар тарапынан арнайы дайындалған ән-жырлар мен би-күйлер іс-шараның көркін қыздырды.