ТҮРКІСТАН: Жетісайда да мақта теру науқаны басталды

0
765

Өнімді жинауға 200 комбайн дайын тұр.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда да мақта теру науқаны басталды

Жетісайлық шаруа ақ алтынды техникамен теруді бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Негізгі күн көрісі ауыл шаруашылығы саласы саналатын аграрлы аймақ – Жетісай ауданының дихандары үшін әрбір күн мен сағатты тиімді пайдалану өте маңызды. Мол табысқа жетуде уақытылы дән сеуіп, дер кезінде минералды тыңайтқыштарды беру, кешіктірмей егістікті сығару үлкен рөл атқарады. Тынымсыз еңбек өз нәтижесін берері де сөзсіз. Ала жаздай таңның атысынан кештің батысына дейін егістік алқапта тынымсыз еңбек етіп, еңбексүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан жетісайлық шаруалар мақта терім науқанын бастады. Бастағанда да қол терімі емес, техникамен теруді қолға алды. Ерте көктемде еккен шитті мақтасынан алғашқы өнімдерін жинауды бастаған Жетісай ауданы Ынтымақ ауылдық округіндегі «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы әр гектарынан бірінші терімнің өзінен 30 центнерден өнім алып отыр.


«Ауданынның негізгі өнімі саналатын мақта өнімі өзге дақылдар сияқты 2-3 айда емес, ұзақ уақытта пісетін болғандықтан ерекше күтімді қажет етеді. Ауданның, округтің әкіміне көп рақмет, биыл судан, минералды тыңайтқыштар мен жанар жағар майдан тапшылық болған жоқ. Уақытылы ағын суымызды алдық. Мақтаның көсек құрты аздап әбігерге салғаны болмаса басқасы дұрыс. Міне, қазір алғашқы терімді техникалық әдіспен теруді бастадық. Өнім әзірге жаман емес. Бастысы - мақта бағасы көңілге қонымды болып шаруалардың еңбектерін ақтаса болды», - дейді шаруа қожалығының төрағасы Нұрсұлтан Омаров.


Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мұхтар Бейсенбаевтың мәліметінше округ бойынша жалпы округтегі 6490 гектар суармалы жердің 4239 гектарына шитті мақтаның тұқымы себілген. Биылғы жылы өнімді шашпай-төкпей ысырапсыз жинап алуды басты мақсат етіп отырған округ дихандары өнім көлемін гектарына 22,5 гектардан жоспарлап отыр. Мамандар Ынтымақ ауылдық округінде 35 комбайн мақта терімге сақадай-сай тұрғанын айтады.



Айта кетейік, аудан басшысы Мұрат Болатұлының тікелей тапсырмасымен биыл Жетісай ауданы бойынша 44 мың гектардан астам жерге мақта егіліп, өнімді жинауға 200 комбайн дайын тұр. Жауапты сала мамандарының басты міндеті – дихан-шаруалардың маңдай тері тамған егістік алқаптарындағы ақ алтынды жауын-шашынға қалдырмай қырманға толтыру болып отыр.