ТҮРКІСТАН: Заманауи жылыжайды электрмен қамту мәселесі шешілді

0
287

Атқарушы билік тарапынан өңірдегі инвестициялық жобаларға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.


ТҮРКІСТАН: Заманауи жылыжайды электрмен қамту мәселесі шешілді

Түркістан облысында заманауи жылыжай кешенін электрмен қамту мәселесі шешілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысының прокуратурасы мен жергілікті атқарушы билік тарапынан өңірдегі инвестициялық жобаларға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.


Осы орайда, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, облыс прокуратурасы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері, инвесторлар және кәсіпкерлердің қатысуымен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жиын өтті. Кездесуде инвестициялық жобалардың жүзеге асуы барысында орын алатын кемшіліктер мен кедергілер, оны шешу жолдары кеңінен талқыланды.


2020 жылы Польша елінің «Polcotton LTD» компаниясы жылыжай кешенінің құрылысын (ауданы 11,5 га) жүзеге асыру инвестициялық жобасын қолға алған болатын. Алайда, жобаны жүзеге асыру барысында электр энергиясының жеткіліксіздігі байқалды. Инвесторға кешеннің толық жұмыс істеуі үшін кемінде 15 МВт орнына, 7 МВт электр энергиясы берілді. Сондықтан жобаның тек І кезеңі жүзеге асырылды. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен өңірлік инвестициялық штаб отырысында да талқыланып, аудан әкімі мен жауапты басқарма басшысына тапсырма берген болатын.


Бұл мәселеге Түркістан облысының прокуратурасы да атсалысты. 2023 жылдың тамыз айында облыс прокуроры туындаған мәселелерді зерделеу және оның шешу жолдарын қарастыру мақсатында аталған нысанда болды.


Сайрам ауданында облыс әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесіп, ауқымды жобаны қолға алды. Қуаттылығы 1000 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысы базасындағы электр станцияның құрылыс жұмыстары басталды. Электр станциясының құрылысы 2025 жылы аяқталады. Осыған байланысты облыс прокуратурасымен инвестор және жауапты компания «ПГУ-Түркістан» ЖШС арасында келіссөздер жүргізілді.


Кездесуде Түркістан облысының прокуратурасы мен әкімдігі, Кәсіпкерлер палатасы, инвестор және «ПГУ-Түркістан» ЖШС арасында электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, инвестор 9,5 га аумақта жылыжай кешенінің ІІ кезеңінің құрылысын бастайды. Жобаны 2025 жылы аяқтау жоспарлануда.