ТҮРКІСТАН: Сыра ішкен жүргізуші жедел жәрдем қызметкерін тал түсте сабап тастады (видео)

0
835

Бейнежазбадағы ер азамат және хабарлама бойынша келген қызметкерлерге қатысты тексеру басталған.


ТҮРКІСТАН: Сыра ішкен жүргізуші жедел жәрдем қызметкерін тал түсте сабап тастады (видео)

Түркістан облысында сыра ішкен жүргізуші жедел жәрдем қызметкерін соққыға жықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында сыра ішкен жүргізуші тал түсте жедел жәрдем қызметкерін соққыға жықты. Бұл туралы әлеуметтік желіге қоғам белсендісі Айгүл Орынбек жариялады.


"Ақшаң болса қалтаңда, сыра ішіп, көлік басқарып талтаңда! Қараға жүретін заң, ханға жүрмейтіннің тағы бір дәлелі! Бәрінің көзінше полиция қызметкерінің қолын алып, көлік басқарып кетіп қалу - ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ШЕГІ! Қызметте жүрген дәрігерлерді ұрып соғып, ішіп алып көлік басқарғаны үшін полиция қызметкерлері жәй ғана жібере салғанын Мұрат Қабденов мырза қалай түсіндіресіз?", - деп жазды ол өз парақшасында.


Ал, бейнежазбаны түсірген куәгерлер оқиға орнына полиция қызметкерлері келгенімен, мәселені шешумен емес, істі созбақтаумен айналысқанын айтады.


"Полиция не істеп жатыр? Жәй ғана құқықбұзушымен сөйлесіп, жібере салды. Жүргізушінің қолында бір шөлмек сыра бар. Түк болмағандай көлігіне отырды да кетіп қалды", - дейді олар.


Расында, бейнежазбадан аңғарғанымыздай, жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққан жүргізуші полицейлермен сөйлесіп, ештеңе болмағандай, "777 KIM 22” нөмірі тағылған көлігіне мініп, оқиға орнынан кетіп қалған.


Шынында да, әдетте қарапайым азаматтардың қолын қайырып әкететін тәртіп сақшылары не үшін бұл азаматқа қарсы шара қолданбады? Көлігінің қымбат нөміріне мән берсек, "құқық бұзушы ықпалды азамат па?" деген сауал да туындайды. Бұл жағдай көпшіліктің наразылығын тудыратыны сөзсіз.


Тағы бір айта кетерлігі - еліміздегі автокөлік номірлеріндегі өңірді білдіретін сандар сериясы 20-ға дейін ғана екенін ескерсек, бұл жүргізушінің көлігіне жалған нөмір тағып алғанын оп-оңай аңғаруға болады. Бірақ, полиция қызметкерлері мұны да "аңғармай" қалған сияқты. Бұл да тәртіп сақшыларына тағылатын бір айып екені анық


Өз кезегінде бұл жазбаға облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов пікір білдірген.


"Қайырлы таң, бұл жайтты мен бақылауға алдым. Бейнежазбадағы ер азамат және хабарлама бойынша келген қызметкерлерге қатысты тексеру басталды. Нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз!", - делінген полиция бастығының пікірінде.


Алайда, құзырлы органның баспасөз қызметі толыққанды ресми ақпараттың әлі дайын болмағандығын жеткізді. Білдей бір полиция департаментінің бірнеше сағат бұрын болған оқиғаға қатысты ресми ақпарат бермеуі де күдік тудыратын жағдай.