ТҮРКІСТАН: Сауранда 7 мыңға жуық бизнес субъектілері жұмыс істеп жатыр

0
346

Бұл нысандарда өндірілген өнім көлемі былтыр 50 млрд. теңгеге жуықтаған.


ТҮРКІСТАН: Сауранда 7 мыңға жуық бизнес субъектілері жұмыс істеп жатыр

Сауран ауданында 7 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сауран ауданында 7 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп жатыр. Бұл нысандарда өндірілген өнім көлемі былтыр 50 млрд. теңгеге жуықтаған. Ал, биыл өнім көлемін 85 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауданда былтыр 85 мыңнан аса турист бас сұққан 56 тарихи-мәдени нысан орналасқан. Оның ішінде көпшілікке танымал Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата кесенесі секілді орындар бар. Осы орайда, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Сауран қалашығы маңынан «Сапар» орталығы салынып жатыр екен. Биыл бұл құрылыс толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі. Одан бөлек, демеушілер есебінен 97 млн. теңге қаралып, Жүсіп ата кесенесі аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Жалпы, былтыр бұл салаға 1,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, жоспар толық орындалған. Бұл туралы өңір журналистерімен жүздескен аудан әкімі Мақсат Таңғатаров айтып берді.


«Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 44 мың гектардан астам алқапқа дақыл егіліп, өнім көлемі 70,8 млрд. теңгені құрады. Өнімнің бір бөлігі аудан және облыс тұрғындарының қажеттілігіне жаратылса, 150мың тоннаға жуығы экспортталды. Аудандағы мал-құстың жалпы саны 775 мыңнан асады. Былтыр 15 мың тоннаға жуық ет, 55 мың тоннадан аса сүт және 10 миллионға тарта жұмыртқа өндіріліп, үш бағыттағы өнім көлемі 30,5 млрд. теңгеге жетті. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына 12,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осы салада өткен жылы 12 инвестициялық жоба іске асырылса, биыл тағы мақта майын өндіру, жаңбырлатып суару арқылы картоп және сәбіз егу, мал азығын дайындау сынды 11 жоба қолға алынып отыр. Аудандағы үш мың гектарға жуық егістікке су үнемдеу технологиясы орнатылса, биыл тағы 5 мың гектарға жуық алқапқа жаңа технология ендіріледі. Ал, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 191 жобаға 1 млрд. 267 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Былтыр әкімшілік пен прокуратура ғимараттары пайдалануға берілсе, қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция бөлімі және аумақтық органдар ғимараттарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, 8 көпқабатты тұрғын үй салу бойынша құжаттар әзірленуде», - деді Мақсат Асылбекұлы.