ТҮРКІСТАН: Полиция қызметкерін көлікпен қағып кеткен азамат қамалды

0
726

Балаларын анасынан айырмақ болған.


ТҮРКІСТАН: Полиция қызметкерін көлікпен қағып кеткен азамат қамалды

Отбасылық жанжал кезінде екі баланың анасына араша болған полиция қызметкерін ер адам көлігімен қағып кетті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғыны Р. азаматтық некедегі күйеуі С. екі баласын бермей күштеп ұстап отырғанын айтып тәртіп сақшыларына шағымданған. "Балаларды алмақ болсаң бірге қосып өртеп жіберемін" деп қоқан-лоққы көрсеткен жауыз әкеден тығылып, балалардың үлкені 14 жастағы қыз анасынан алып кетуін сұрап, жылап та хабарласқан көрінеді. Перзенттеріне шырылдап араша сұраған ананың арызы бойынша полицейлер күдіктінің үйіне қарай шыққан. Күдікті ер адам да көлігімен тәртіп сақшыларына жол бойында кездесе кеткен. Қос бірдей учаскелік полиция майорына бағынбай қарсылық көрсеткен күдікті көлігінде отырған екі баласымен оқиға орнынан қашып кетпек болған. Күдіктінің соңынан қуған полицейлер көлігінің алдынан шығып тоқтатпақ болғанда күдікті іркілместен полиция майоры Умирбек Сапарбаевты соғып қашып кеткен. Әріптестеріне көмекке келген полицейлер жарақат алған майорды ауруханаға жеткізген.

Күдікті де көп ұзамай өз үйінде қолға түсіп, 14 және 6 жастағы балалар анасына табысталды. Ұлы мен қызын анасынан айырмақ болған әке қазір қамауға алынған. Оның үстінен ҚР ҚК нің 380 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті көлігімен соққан полиция майорының жағдайы бірқалыпты дейді дәрігерлер.

"1990 жылы туған науқас 5 тамыз күні тобықтың (голен) жабық сынығымен аурухананың хирургиялық бөліміне түскен. Ауруханаға жеткізілерден 40 минут бұрын Абылайхан мектебінің жанында көлік соққаны анықталған. Жағдайы қалыпты, ем қабылдап жатыр. Науқас ары қарай портал арқылы облыстық клиникалық аурухананың травмотология және ортопедия бөліміне жолданады,"- деп мәлімдеді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.