ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауруханасына жаңа медициналық қондырғылар орнатылды

0
1 060

Аппараттармен жұмыс істеу мақсатында бірнеше дәрігер біліктілігін арттырып, қайта даярлаудан өтті.


ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауруханасына жаңа медициналық қондырғылар орнатылды

Ордабасы аудандық аурухана базасына жаңа медициналық қондырғылар орнатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы аудандық Орталық ауруханасының емдеу базасы жаңа заманауи құрал-жабдықтармен толықты. Атап айтсақ, емдеу орталығына тыныс алу жүйесінде әртүрлі өкпе патологияларын анықтау мақсатында қолданылатын бронхоскопиялық аппарат, абдоминалдық зерттеулер, транскраниалдық эхографиялық тексерулерді жүргізетін жоғары эксперттік ультрадыбыстық зерттеу аппараты (Samsung Madison HS40), өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ), науқастарды тасымалдауға арналған медициналық каталка кереуеттері жеткізіліп, пайдалануға берілді. Жоғарыда аталған аппараттармен жұмыс істеу мақсатында бірнеше дәрігер біліктілігін арттырып, қайта даярлаудан өтті.


Сондай-ақ облыс әкімі Дархан Сатыбалдының аудан тұрғындарымен кездесудегі халық өтініші негізге алынып, аудандық ауруханаға «Euroampli Alien Cardio» жылжымалы ангиографиялық жүйесі жабдығы орнатылды. Аталған медициналық техникаларды Италияның «Eurocolumbus s.r.l» компаниясы шығарған. Үш жаңа медициналық қондырғы 2024 жылы халық игілігіне пайдалануға берілмек.


Аудандық Орталық ауруханасының Бас дәрігері Болатхан Сағымбековтың айтуынша, импорт қондырғылар адам денесіндегі тамырларды зерттеп, олардың жағдайы мен жұмысын бақылап, қан мен оттегіні жүрекке жеткізетін тамырлардың күйін анықтауға қызмет етеді. Осылайша, бірегей аппарат коронарлық тамырлардың тарылуының алдын алмақ.