Түркістан облысында 683 елді мекен сапалы интернет желісімен қамтылған

0
223

Қалған елді мекендерде интернетпен қамту жұмысы жүруде.


Түркістан облысында 683 елді мекен сапалы интернет желісімен қамтылған

Түркістан облысында 32 елді мекенге жаңа базалық станция орнатылып, 62 ауылдың станциялалары жаңғыртылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 825 ауылдық елді мекен мен 7 қалаға интернет сапасын анықтау мақсатында талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі бойынша 683 елді мекен сапалы интернет желісімен қамтылған. Қалған елді мекендерде интернетпен қамту жұмысы жүруде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды ауылдық елді мекендердегі интернет пен байланыстың сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.


«Өңірде әсем ғимараттар бой көтеруде. Мәселен, әрбір аудан-ауылға барсақ мектеп, аурухана салынып жатқанын көреміз. Сол ғимараттарды, білім ұяларын және әлеуметтік нысандарды сапалы интернетпен қамту жұмысын күшейту керек. Көрші елмен шекаралас аудандарды интернетпен қамтуға басымдық берілгені дұрыс. Ақпараттық қауіпсіздік әрі аймақтың дамуы үшін маңызды. Байланыс операторларымен, осы салаға қатысты инвесторлармен тұрақты байланыс орнатып, жұмысты жалғастырыңыздар», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


Жиында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2023 жылы ұялы байланыс операторлары арасында келіссөздер жүргізіліп нәтижесінде 32 елді мекенге жаңа базалық станция орнатылып, 62 ауылдық елді мекеннің қолданыстағы базалық станциялаларына жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Жоспардың орындалуы 107% құрап отыр.


Бүгінде орталық атқарушы органдармен 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленуде. Облыс бойынша негізгі іс-шаралар жоспары айқындалды. Атап айтсақ, талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы ауылдық елді мекендерді қолжетімділікпен қамту, республикалық және негізгі облыстық жолдарды 4G технологиялары мобильді кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету, «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы интернетті ауылдық елді мекендердегі үй-шаруашылығына дейін жеткізу және 5G желісін енгізу мәселелері қарастырылған.


Түркістан облысы елді мекендерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жол картасы әзірленген. Қазіргі таңда байланыс операторлары өз тарапынан 96 ауылдық елді мекенге жаңа базалық станция орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, 113 ауылдық елді мекенде жаңа базалық станция орнатылады. Сонымен қоса, 70 ауылдық елді мекенде орнатылған базалық станцияларды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.


Бұдан бөлек, өңірлік байланыс инспекциясымен бірлесіп тұрғындардан түскен арыз-шағымдарға қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысында 361294 үй шаруашылығы бар. Оның 68 646-сы, яғни 19%-ы сапалы талшықты интернетпен қамтылған. Облыс тұрғындарын үй жағдайындағы жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамту мақсатында операторлардың серіктестері тарапынан 2023-2024 жылдарға салынған инвестициялар көлемі жалпы 1,64 млрд. теңгеніқұрайды. Түркістан қаласы тұрғындарын жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық интернет желісімен толықтай қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ 1 млрд. теңге инвестиция салып, жалпы 91 үйге интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Түркістан облысы әкімдігіне қарасты 900-ден астам мемлекеттік мектептің барлығы техникалық мүмкіндігіне қарай интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 464 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы интернет желісімен қамтылса, 295 мектеп шекара маңында және таулы аумақтарда орналасуына байланысты радиокөпір технологиясы арқылы интернет желісіне қосылған. 149 мектеп төмен жылдамдықты желісімен қамтылған. 2023 жылы басқарма тарапынан байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіліп, облыс бойынша 84 мектепті жоғары жылдамдықты оптикаға ауыстыру мақсатында жоспар дайындалды. Қазіргі уақытта жоспар бойынша «Қазақтелеком» АҚ тарапынан 56 мектеп, «Транстелеком» АҚ тарапынан 28 мектеп оптикаға ауыстырылды.


Жиын соңында облыс әкімі Дархан Сатыбалды халықты интернетпен қамту деңгейін арттыру қажеттігін айтып, әрбір аудан, ауылдағы байланыс сапасы назарға алынып, жылдам ғаламтормен қамтамасыз ету жұмысын жандандыруды тапсырды.