ТҮРКІСТАН: Облыстық маңызы бар жолдардың қысқа дайындығы пысықталды

0
391

Жол саласына жауапты тұлғаларға жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма берді.


ТҮРКІСТАН: Облыстық маңызы бар жолдардың қысқа дайындығы пысықталды

Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3983,34 шақырымды құрайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3983,34 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1943,3 шақырымы бірінші кезектегі қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар болса, 434 шақырымы таулы аймақтарда қар қатты басып қалуы қаупі жоғары аймақтар. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 2023-2024 жылғы қысқы маусымға дайындығы пысықталды.


Өңір басшысы жауапты басқарма басшысына, жол саласына жауапты тұлғаларға жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма берді.


Жиын барысында өзекті мәселелер мен ұсыныстар айтылды. Бүгінде қысқы мерзімде жолды күтіп ұстау жұмыстарына жұмылдырылған арнайы техникалардың жалпы саны – 118 бірлік. Соның ішінде «Оңтүстік жолдары» МКК – 36 дана, қосалқы медрігер – 82 дана. Жұмылдырылатын жұмысшылыр саны – 259 адам.


Автомобиль жолдарын дер кезінде тазалап, көк тайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 5 588 м3 құм және 417 тонна тұз әзірленген. Қазіргі таңда инертті материалдар аудан, қалалардағы қоймаларға жиналған.


Арнайы техникаларға пайдаланылатын жанар-жағармай (бензин, дизель) отынымен қаматамасыз ету жұмыстары бойынша жанар-жағармай бекеттерімен келісім-шарттар жасалынып, жалпы 180 тонна дизель, 150 тонна бензин отыны дайындалған. Сондай ақ ауа-райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан.


Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында Шыбықбел, Одаманбұлақ және Созақ ауданында Ащысай, Таскөмірсай жылыту бекеттері бар. 4 жылыту бекеті 70 тонна көмір отынымен қамтамасыз етіліп, тәулік бойына жылы күйде ұстаушы кезекші ұйымдастырылған. Жылыту бекеттерінің бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар, яғни, төсек орынмен және азық түлікпен толығымен қамтамасыз етілген.


Түркістан облысының аудан, қала әкімдіктері тарапынан бүгінгі таңда қысқы күтіп ұстау жұмыстарына қаржы қаралып, 2 935 м3 құм және 655 тонна тұзбен қамтылған. Аталған жұмыстарға 110 арнайы техника мен 544 адам жұмылдырылған. Осы бағытта жұмыс істемеген аудан басшыларына сын-ескертпе айтылды.


Қардың жаууына байланысты көлік магистральдарында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда авариялық-құтқару жұмыстарына шұғыл әрекет ету бойынша Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті, Түркістан облыстық Әкімшілік полиция басқармасы және «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Түркістан облысы филиалы арасында іс-әрекет ету жоспары бекітілген.


Сондай-ақ «Оңтүстік жолдары» МКК мамандары тарапынан тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылады.Бұдан бөлек, қысқы кезеңде автокөлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз жүруін қамтамасыз ету бойынша жол картасы облыс әкімінің бірінші орынбасарымен бекітіліп, бақылауға алынған.