ТҮРКІСТАН: Мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 10 орталық жұмыс істеп тұр

0
317

Күн тәртібінде 5 мәселе қаралып, өзекті тақырыптар талқыланды.


ТҮРКІСТАН: Мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 10 орталық жұмыс істеп тұр

Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы модераторлық етіп жүргізіп отырды. Отырысқа облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы Әсия Темірбаева, аумақтық жауапты департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары мен мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшілері және Үйлестіру кеңесінің мүшелері қатысты. Күн тәртібінде 5 мәселе қаралып, өзекті тақырыптар талқыланды.


2023 жылдың 6 айында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Күміс Кемелқызы баяндама жасады. Айтуынша, Түркістан өңірінде 95 мыңнан астам мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның 83 мыңнан астамы ересектер болса, 12 мыңнан астамы балалар. Облыста 10 мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, 1 кәсіптік колледжі және 1 ардагерлер үйі бар. Бүгінгі таңда Порталдағы реестрде ымдау тіл маманы, жеке көмекшінің қызметін көрсету, оңалту техникалық құралдары және ұйым санаторий-курорттық емдеу қызметін қамтамасыз ету бойынша 173 өнім беруші тіркелген. Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша 35 320 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылып, қажеттіліктің 77,5 пайызы құрап отыр. Жыл соңына дейін 90% қамту жоспарлануда. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік қызметтер мен құралдардың саны артқан. Бүгінгі таңда «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру шеңберінде қол жетімділіктің интерактивті картасына енгізілген 641 объектіде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу бойынша жұмыс жүргізілді.


Облыста орналасқан барлық шипажайларда аталған санаттағы азаматтарға қолжетімділіктің қамтамасыз етілуі және көрсетілетін медициналық қызметтерінің заңға сәйкестігі, санитариялық-эпидемологиялық жағдайлар жөнінде атқарылған жұмыстар қозғалды.


Жауаптылардың баяндамасына сүйенсек, жоспардан тыс тексеру нәтижесінде бірқатар шипажайлардың талапқа сай келмейтіндігі анықталған. Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті 28 шипажайға 13,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салды. Ал, 27 санаторий-курорттық емдеу басшыларын Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті таныстырған ұйғарым бойынша 5,7 млн. теңге айыппұл арқалаған. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментімен 28 шипажайға 1,2 млн теңгеге айыппұл салып, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қолдану үшін тексеру қорытындылары тиісті орындарға жолданды.


Басқарма басшысы Әсия Құралқызы мүгедектігі бар адамдарды кәсіпкерлікке тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жыл басынан бері 927 азамат жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант алса, оның 160-ы мүгедектігі бар адамдар. Сонымен қатар басқарма тарапынан кәсіпкерлікті дамыту бойынша облыстық байқау жарияланғанын атап өтті. Байқауға 2023 жылғы грант иегерлері қатысады. Яғни қатысушылар шығарған өнімдердің немесе қызмет түрлерінің сапасы мен инновациялық көрсеткіші бағаланады. Өтінімдер 10 шілдеде басталып, 20 тамыз аяқталады. Аудан, қалалық жұмыспен қамту бөлімдері ІІІ-IV лекте осал топтар арасынан бизнес жобасын қорғағандардың ішінен үміткерлерді конкурсқа ұсынады. Жобалар қыркүйек айында қаржыландырылып, іске асырылады. Ұсынылған жобаларды арнайы комиссия іріктеп, жеңімпаздар Әлеуметтік қызметкерлер күні мерекесі қарсаңында марапатталады.


Отырыста Үйлестіру кеңесінің мүшелері қоғамдық орындар мен әлеуметтік қызмет көрсетуде туындайтын кейбір мәселелерге зер салып, назарға алынуын сұрады. Мәжілісті қорытындылаған Ермек Кенжеханұлы талқыға салынған мәселелерге қатысты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тапсырмалар жүктеді.


Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдарды аблитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жергілікті бюджеттен қосымша қажетті қаржы қарастыруды, аумақтық департаменттердің тексеру қорытындысымен заңбұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берген шипажайларды Әлеуметтік қызметтер көрсету порталының өнім берушілер реестрінен шығару бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.