ТҮРКІСТАН: Мақташылар семинар-кеңесте бас қосты

0
880

Семинар-кеңесте сала мамандары тарапынан отандық және шеттелдік тұқымдарға мемлекет тарапынан түрлі қолдаулардың қарастырылғандығын түсіндірді.


ТҮРКІСТАН: Мақташылар семинар-кеңесте бас қосты

Түркістан облысында «Берекелі Қырман» атты ауданаралық семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданына қарасты А.Қалыбеков ауылдық округінде орналасқан «Али» шаруа қожалығының егістік алқабында Түркия мемлекетінен әкелінген тұқымдық шиттердің өнімділігін таныстыру мақсатында «Берекелі Қырман» атты ауданаралық семинар-кеңес өтті.


Семинарға Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов, Жетісай, Мақтаарал аудандарының мақта өңдеу зауыттарының басшылары мен мақта дақылын өсіруші агроқұрылым басшылары қатысты.


Онда «Мақталы Агро» ЖШС тарапынан жыл басында Түркия мемлекетінің мақта тұқымын дайындаушы «ProGen Tohum» компаниясының жоғары өнім беретін және тұздылығы жоғары егістік жерлерге төзімді (мақта сорттары ВА1010, Лазер, Эдесса, Каризма, Лима) тұқымдық шиттерін алып келіп, мақта дақылын өсіруші шаруаларға ұсынылған болатын.


«Али» шаруа қожалығы басшысы Талғат Әшимов өзінің 40 гектар егістік алқабына түріктің ВА1010 мақта сортын егіп, бүгінгі таңда егістіктің гектарынан 38-40 центнерден өнім алып жатқандығын айтып, шаруаларға келер жылы осы сортты егуге кеңес берді.


Нұралы Әбішов қазіргі таңда облыс аумағында мақта дақылының бірнеше сорттарының бақылаусыз егілуінің салдарынан мақта өнімділігінің өсуіне кері әсер етіп жатқанын айтты.


«Осыған орай сіздер мақта дақылының сапалы өнім беретін тұқымдық шиттерін таңдап, бізге ұсыныңздар, біз сол тұқымдық шиттерді мемлекет тарапынан қаржыландыруға ықпал жасайтын боламыз», – деді облыстық мәслихаттың төрағасы.


«Мақталы Агро» ЖШС мақта өңдеу зауытының басшысы Сержан Тастанбеков бүгінгі таңда Түркия мемлекетінен келген осы тұқымдық шиттерді сатып алған шаруалардың өнімін қайта өздеріне өткізген жағдайда нарықтық бағадан 20-25 теңге қымбатына сатып алатынын айтты.


Сонымен қатар семинар-кеңесте сала мамандары тарапынан отандық және шеттелдік тұқымдарға мемлекет тарапынан түрлі қолдаулардың қарастырылғандығын түсіндірді.


Жиын соңында шаруалар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.