ТҮРКІСТАН: Мақтааралда жылыжай шаруашылығы дамып жатыр

0
650

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мақсатында бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлініп, 100 пайызға игерілді.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда жылыжай шаруашылығы дамып жатыр

Мақтаарал ауданында жылыжай шаруашылығы дамып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қалалардағы кәсіпкерлік нысандар мен шаруа қожалықтарын аралап, тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен мүмкіндіктер туралы ақпарат беруде. Мақтаарал ауданына сапары барысында өңір басшысы Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Әл-Фараби елді мекенінде орналасқан «Абдужалил» ЖК-нің жылыжай кешенінде болып, жұмысымен танысты. Шаруалармен кездесіп, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының мүмкіндіктері жайында кеңінен тоқталды.


«Бұл жобаның басты мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, жұмыссыздар санын азайту. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында 6 бағытта жұмыс жүріп жатыр. Жоба шеңберінде 3 220 жоба қаржыландырылып, 3 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Іс бастаймын, кәсібімді кеңейтемін деген азаматтарға әрқашан қолдау болады», – деді облыс әкімі.


Аталған жылыжай кешенінде лимон, қызанақ пен қияр және болгар бұрышы өсіріледі. 1998 жылы құрылған кешеннің аумағы – 9 гектар. Шаруа жер көлемін кеңейтіп, басқа да көкөністерді өсіруді қолға алуды көздеп отырғанын жеткізді.


Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мақсатында бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлініп, 100 пайызға игерілді. Пилоттық жобаға 16 ауданнан 64 ауылдық округ енгізіліп, 75 жаңа кооператив ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 3220 жоба қаржыландырылып, 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады. Осы жобалар есебінен қосымша 30 млрд. теңгеге өнім өндіріледі. Келер жылға бағдарламаға 13,2 млрд. теңге бөлінбек.