ТҮРКІСТАН: Құрылысқа жауапты мердігерлерге қатаң талаптар қойылды

0
263

Аталған жиынға департамент басшылары, бақылаушы органдар, облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары мен мердігер мекеме қызметкерлері қатысты.


ТҮРКІСТАН: Құрылысқа жауапты мердігерлерге қатаң талаптар қойылды

Түркістан облысында құрылыс нысандарына жауапты мердігерлерге қатаң талаптар қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында құрылыс нысандарының сапасы жөніндегі мәселелер мен мемлекеттік сатып алу саласындағы бәсекелестікті күшейту және құрылыс нарығын монополиясыздандыру жайы талқыланды. Аталған жиынға департамент басшылары, бақылаушы органдар, облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары мен мердігер мекеме қызметкерлері қатысты.


Алқалы жиында құрылыс жұмыстарының сапасын жақсарту және бәсекелестікті күшейту мақсатында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру нормалары жайында сөз қозғалды. Бұл бойынша тапсырыс берушілерге, мердігерлер мен жобалаушы мекемелерге және техникалық қадағалаушы мекемелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, істің сапасына мән беру керектігі айтылды.


Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жауаптыларға құрылыс нысандарының сапасын жақсарту бойынша қатаң талаптар қойып, аталған жұмыстар межеленген уақытында аяқталуы тиіс екенін ескертті.


Өңірде жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарында мемлекеттiк нормативтердiң талаптарын бұзғаны үшін лицензияларын тоқтатуға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 312 бабының 2 бөлігіне сәйкес 6 мердігерге хаттама толтырылып сотқа жолданды. Нәтижесінде 1 мердігер мекеме лицензиясынан айырылып, тағы 5 мердігер мекеме бойынша сот процестері жалғасуда.


Айта кетейік, 2024 жылы 4 ай көлемінде облыс аумағында заң талаптары сақталмаған құрылыс нысандарына 83,793 млн теңге айыппұл салынған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 77,4 пайызға артқан.