ТҮРКІСТАН: «Ақ бұлақ» орталығы балаларға көмектесіп жатыр

0
237

Түркістан облысында мүгедектігі бар 11 мыңға жуық бала есепте тұрады.


ТҮРКІСТАН: «Ақ бұлақ» орталығы балаларға көмектесіп жатыр

Түркістан облысындағы «Ақ бұлақ» оңалту орталығы балаларға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ақ бұлақ» облыстық балалар оңалту орталығы 3 жастан 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. 175 төсек-орындық, (85 неврологиялық және 90 ортопедиялық) оңалту орталығы Түлкібас ауданы, Қарағашты ауылында орналасқан.


Оңалту орталығының қызметкерлері рамазан айында пітір садақаларын, өздері атынан демеушілікке арнаған қаржыларын арнайы қорға жинап, сол қаражатқа емдік дене шынықтыру кабинетін, ойын бөлмелерін, музыкатерапия және ойын әрі терапиялық бөлмелерін жасақтады. Сонымен қатар білікті дәрігер, іскер басшы Нұрхан Нарымбетованың ұйымшыл ұжымы арнайы мектеп кабинеттерін өздері безендіріп, бір бөлмені аспан ғаламшарларымен көркемдеп, телескоп аппаратын қойып, балалардың қиялына ерік беретіндей мүмкіндік сыйлады.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елдің басты байлығы халықтың денсаулығын нығайтуға көп көңіл бөлумен қатар Үкіметке денсаулық сақтау саласын жақсартуды міндеттейді. Президент ауруханада емделіп шыққан пациенттің қайта ауырып, емдеу мекемесінің төсегіне таңылмауының алдын алу мақсатында оңалту орталықтары жұмыс істеу керектігін үнемі айтып келеді. Нәтижесінде елімізде біршама оңалту орталықтары ашылды.


Түркістан облысында мүгедектігі бар 11 мыңға жуық бала есепте тұрады. Соның 30 пайызын жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан ерекше балалар құрайды. Оларға өңірде 4 оңалту, 3 қамқорлық орталығы қызмет көрсетеді. Соның бірі – «Ақ бұлақ» облыстық балалар оңалту орталығы.


«Біз бұл бастаманы біраздан бері ойлап жүргенбіз. Ем алуға келген балаларға оңалтудың амалы – барынша қызықтырып, өмір сүруге құлшынысын арттыруға тырыстық. Түрлі кабинеттер ашып, баланың зейінін көтеруге мүмкіндік сыйладық деп ойлаймын. Біздің орталыққа келген балалар 18 күн ішінде білім алып, жан-жақты дамиды деген сенімдемін. Сонымен қатар ұжымдағы барлық қызметкерлерге шексіз ризашылығымды білдіремін. Сырттан адам шақырмай, барлық істі жұмыла атқардық. Ойымдағыдан да керемет дүниелер шықты», – дейді оңалту орталығының басшысы.


Ұжымның кезекті қуанышын бөлісуге өзге аймақтағы әріптестері де арнайы келген. Түркістан облыстық балаларды оңалту орталығының басшысы Айдар Шнетов, Кентау қаласындағы «Жансая» балаларды оңалту орталығы басшысының орынбасары, Денсаулық сақтау басқармасының Түркістан облысы бойынша штаттан тыс балалар реабилитологы Мариям Парманова мен «Сарыағаш» облыстық балалар шипажайының басшысы Еркін Нұрлыханов бастаған азаматтар ұжымға сәттілік тіледі.


Орталықта математика, қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті, Қазақстан тарихы, жаратылыстану, география пәндері оқытылады. Математика пәні 1-4 және 5-11 сынып оқушыларына Qalan.kz математикадан интерактивті онлайн порталы арқылы өткізілуде. Аталған порталдың негізін қалаушы Асқар Болат порталды бір жылға тегін пайдалануға демеушілік көрсетіп, балалардың математикалық сауаттылық пәні бойынша білім алуына үлес қосқа.


Аумағы 7 гектар жерді құрайтын, табиғаты тамаша тау бөктеріне жақын орналасқан орталыққа келген қонақтар мұндағы мұнтаздай тазалықты, әсем көріністі көріп, таңданыстарын жасырмады. Әр ғимаратты арнайы барып аралап көріп, балалармен тілдесіп, жұмыстың тиянақты жүріп жатқанына көз жеткізді.