ТҮРКІСТАН: 11 медициналық нысан пайдалануға беріледі

0
389

Осы бағытта биыл облыстағы медициналық нысандардың басым бөлігі шалғай елді мекендерде салу жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: 11 медициналық нысан пайдалануға беріледі

Түркістан облысында жыл соңына дейін 11 медициналық нысан пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында медициналық инфрақұрылымды жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін осы бағыттағы жұмыстарға күш салуды, медициналық қызмет сапасын арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта биыл облыстағы медициналық нысандардың басым бөлігі шалғай елді мекендерде салу жоспарланған.


Бүгінде бой көтерген 11 нысанның құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Жыл басынан бері 4-еуі пайдалануға берілді. Мәселен, Түлкібас ауданының Рысқұл, Шүкірбұлақ, Ақбиік, Келтемашат ауылдарында дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункті халық игілігіне беріліп, жұмысын бастады. Ал қалған нысандарда құрал-жабдықтар орнату, абаттандыру, ішкі әрлеу және қабылдап алу шаралары жүргізілуде.


Атап айтсақ, Сарыағаштағы Қарақалпақ, Ордабасыдағы Ықылас темір, Дербес және Төреарық, Қазығұрттағы Қақпақ пен Ынталы, Отырардағы Талапты ауылдарына медициналық нысандар жылдың соңында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық жерлерде тағы 3 ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Денсаулық нысандарының құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға облыстық бюджеттен және Ұлттық қордан тиісті қаражаттар бөлінген.


Одан бөлек, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 нысанның құрылысын жүргізу жоспарлануда. Түркістан қаласындағы 570 орындық аурухана құрылысы 2024 жылы аяқталуы тиіс. Сондай-ақ Сарыағаш қаласында перинаталдық орталығы мен заманауи медициналық кешен құрылысының жобасы әзірленуде. Жалпы Түркістан облысында 46 медициналық ұйымды жабдықтармен қамту деңгейі 84 пайыздан асып, меже толығымен орындалды. Негізгі ауру-жітім көрсеткіші де біршама төмендеді. Қазіргі таңда азаматтардың денсаулығын түзеуге 5,5 мыңнан астам дәрігер және 19 мыңнан аса маман қызмет етуде.


Өңірде нысандар соғу, материалдық-техникалық базамен қамту бойынша жұмыс қарқынды. Қазіргі таңда мамандарға тапшылық байқалуда. Былтыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 37 маман облыстағы ауылдарға келіп, жұмысын бастады. Олардың әрқайсысына 1,5 млн. теңгеден қаржылай қолдау берілді. Келесі жылы да аталған бағдарлама бойынша жұмыстар жалғасады.