«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»: Жетісайлық демеушілер тоқсанды «үздік» аяқтаған оқушыға сыйақы тағайындады

0
657

100 оқушы керек-жарақпен қамтылды.


«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»: Жетісайлық демеушілер тоқсанды «үздік» аяқтаған оқушыға сыйақы тағайындады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жетісай ауданында «Мектепке жол» акциясы өтіп, 100 оқушы керек-жарақпен қамтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданы Атамекен ауылдық округінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясында 100 балаға мектеп сөмкесі мен оқу құралдары тарту етілді. Әр жылы аудан көлемінде ұйымдастырылатын акция биыл Атамекен ауылдық округінен басталды.


"Акцияның басты мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық барысында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім, жартылай жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсет», - деген аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков бүлдіршіндердің болашағына үлкен сенім артып, жомарт жүректі кәсіпкерлердің қайырымдылық шаралардан қалыс қалмайтынына сенім білдірді.


«Елге көмек» қайырымдылық қоры жетекшісінің бастамасымен ұйымдастырылған акция Республика көлеміндегі кәсіпкерлердің қолдауымен өтіп, өткен жылы мұқтаж үш отбасыға баспана сыйлаған болатын. Бұдан бөлек, аудандағы әрбір мектепте әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылардың тізімдері жасалып, білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жедел желі арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған кез-келген ата-ана көмек сұрай алады.


Сонымен қатар, демеушілер акцияға қатысушы оқушылар арасынан алғашқы тоқсанды «үздік» аяқтаған оқушыға 100 мың теңге сыйақы тағайындап отыр.