Қайырымы жоқ ұлы анасына өмір бойы алимент төлейтін болды

0
1 036


Қайырымы жоқ ұлы анасына өмір бойы алимент төлейтін болды

Сайрамдық ана жалғыз ұлынан алимент өндіретін болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жалғыз перзентінің үстінен зейнеткер ана сотқа шағымданған. Түркістан облысы Сайрам ауданының 67 жастағы тұрғыны Л.О. жалғыз ұлы Ш.М.дан өзін күтіп бағуға алимент өндіру туралы аудандық сотқа арызданған.

Зейнеткер ананың айтуынша, баласы анасымен бірге бір шаңырақта тұрса да ас-суына, күнделікті тіршілігіне көмектеспейтін көрінеді. Жұмыс істейтін азамат ұлы тапқан табысын өзіне ғана жұмсап, мұқтаж шешесінің дәрі-дәрмегі мен киім-кешегіне басын қатырмайды. Зейнетақысының мөлшері тым аз екенін айтқан ана ұлынан ай сайын 50 000 теңге алимент өндіру туралы соттан сұраған.

Сот отырысында талап қоюшы ана Л.О өзі микроинсульт және гипертониядан зардап шегіп ауырғанын, үнемі стационарлық емделуге мәжбүр екенін айтып өтті. Ал жауапкер ұлы Ш.М. соңғы кездері өзінің жұмыссыз жүргенін, өзінің кәмелеттік жасқа толмаған 3 баласы бар екенін айтып, талап қоюшыны Л.О.-ның арызын ішінара қанағаттандыру соттан сұрады.


"Сот шешімімен азаматтық іс бойынша жауапкер Ш.М. талап қоюшы Л.О.-ға ай сайын 5 АЕК айлық (есептік көрсеткіш мөлшерінде) өмір бойына төлеуге шешім қабылданды",- деп мәлімдеді Сайрам аудандық сотының баспасөз қызметі.