Дархан Сатыбалды кентаулықтардың талап-тілегін тыңдады

0
949

Әкім аулаларды аралады.


Дархан Сатыбалды кентаулықтардың талап-тілегін тыңдады

Түркістан облысының әкімі Кентауда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентауда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін тұрғындардан өзінен сұрады. Шаһар халқымен есептік кездесуге келген өңір басшысы көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын пысықтады. Аулаларды аралап, Кентаулықтардың ұсыныс-талаптарын тыңдады. Дархан Сатыбалдымен тілдескен тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту барысын өздері жіті бақылайтындарын жеткізді.


Жалпы, Кентау қаласы бойынша 376 көпқабатты тұрғын үйлер бар. 2014 – 2022 жылдар аралығында 5,843 млрд теңгеге 200-ден астам көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, кіреберістері, қасбеті, жертөледегі инженерлік жүйелері толығымен жаңғыртылды. 2023 жылға Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 55 көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 1,57 млрд теңге қаржы бөлінді. Көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.


Өңір басшысы кезекті рет Кентаудағы №5 жылу энергия орталығындағы күрделі жөндеу барысын бақылады. Қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелерін және 4 кері сорғы станциясын қайта құру жұмыстарын атқару бойынша мердігер мекеме «Ер-Мад» ЖШС-мен келісімшарт түзіліп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы 4,7 шақырым жылу жүйесін және 2 сорғы станциясын қайта құру жоспарлануда. Облыс әкімі құрылыстың сапасын басты назарда ұстап, жылыту маусымына дейін толық дайын болуды міндеттеді.


Биыл 2 қазандықты жылыту маусымына дейін қайта құру, 2 қазандықты жыл соңына дейін қайта құру және 4 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделген. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытыңдысы алынды. Жалпы, биыл Кентауда жылыту маусымына дайындық ерекше әрі сапалы жүргізілмек.