​Арыс қаласында «Әже – ұлт ұйытқысы» байқауы өтті

0
1 938

Мұндағы мақсат – жас ұрпақ санасына қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына деген құрмет сезімін қалыптастыру, инабаттылық пен ибалылықты дәріптеу.


​Арыс қаласында «Әже – ұлт ұйытқысы» байқауы өтті

фото: arys-akikaty.webpress.kz

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Арыс қаласында («Жергілікті салт-дәстүр» бағыты бойынша) «Әже – ұлт ұйытқысы» байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Іс-шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, мәдениет үйі мен ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.

Мұндағы мақсат – жас ұрпақ санасына қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына деген құрмет сезімін қалыптастыру, инабаттылық пен ибалылықты дәріптеу, отбасындағы әжелер тәрбиесін үлгі ету, олардың ақыл-кеңесін өмірде пайдалануға ықпал жасау һәм ұлттық құндылықтарды насихаттау. Қала мен ауылдық округтерден қатысқан әжелер «Сәлем – сөздің анасы», экраннан көрсетілген ұлттық құндылықтарды таңдау арқылы әдеп-ғұрып, салт-дәстүр, ырым мен тыйымдар туралы сұрақтарға жауап беру – «Ел болам десең, бесігіңді түзе» және «Салт-дәстүр – жазылмаған заңымыз» тақырыбында сынға түсті. Бұл ретте, Жиделі ауылы өнерпаздарының «Төркіндеу» салт-дәстүрін жоғары деңгейде бейнелегенін атап өткен жөн.

Байқау қорытындысы бойынша Монтайтас ауылынан келген 74 жастағы Қанаева Гүлпаршын бас жүлдені жеңіп алса, жиделілік Талшымбетова Айымхан І-орынды иеленді. Тиісінше ІІ-орынды ардагерлер ұйымынан қатысқан Нұрбекова Күләш пен Қожатоғай ауылынан қатысқан Мұхамеджанова Мархаба, ал ІІІ-орынды Ысқақова Гүлзина мен Төленбаева Айткүл (Арыс қаласы) және Момбекова Ұлсара (Дермене ауылы) өзара бөлісті. Арнайы мадақтамалармен марапатталған әжелерге бағалы сыйлықтар тапсырылды.