СҰРАЛМАҒАН АҚЫЛ ата-ана мен баланың арасын АЛШАҚТАТАДЫ

0
2 300

Әр бала ата-анадан кіндігін үзіп, өз арбасын өзі сүйреге тиіс


СҰРАЛМАҒАН АҚЫЛ ата-ана мен баланың арасын АЛШАҚТАТАДЫ

Дүниеге келгені кеше ғана сияқты көрінетін балаңыз бүгін мектеп бітіргелі тұр. Жеке куәлігін де қолына алып қойған. Тіпті үйленіп алған болуы да мүмкін. Ал сіз әлі де өбектеп, сол бұрынғы сөздер мен қамқорлығыңызды тоқтатқан жоқсыз ба?

  • «Қарның тоқ па? Тамағыңды іштің бе?»
  • «Жаурап қаласың, қалың киін»
  • «Суық су ішпе, ауырып қаласың»
  • «Менің балама тиіспеңдер, ұйықтап алсын»
  • «Айлығыңды алдың ба? Не істедің оны?» - деп жүрсіз бе әлі?

Расында, ұл-қызы әлдеқашан өсіп, кәмелет жасына толып қойса да, жауапкершілікті өзіне бермей, мойнына қамыт қып арқалап жүргендер көп. Тіпті олар отбасын құрып кетсе де, шектен тыс қамқорлықпен тыныштық бермейтіндер бар. Осылайша жақсы ата-ана атанамын десеңіз, қателесесіз.


Ең жақсы әрі ең дана ата-ана – ол баласының есейгенін ескеріп, ересек өмірге аттанған сәтінде кіндігін үзіп, өзінен ажыратып жіберетін ата-ана. Егер сізге бұлай жасау қиынға соғып жатса, бірер кеңеске көз жүгіртіп көріңіз.


Кішкентай кезінде сіздің қамқорлығыңызға, көмегіңізге зәру болғанымен, өсе келе кіндігі ажырап, әр бала өз арбасын өзі сүйреуі заңдылық. Ол арбасын жақсы сүйреп алып кете ме, шаршап-шалдығып әр жерге бір тоқтай ма, қисық-қыңыр жүріп барып дұрыс жолға түсе ме – бәрі де өз жауапкершілігінде болуға тиіс. «Баламның шекесін Күн шалмасын, табанына шөңге кірмесін» деп өбектеуді тоқтатыңыз. Жаныңыз ашып, жүрегіңіз жарылып бара жатса да, шыдауға тырысыңыз. Ол енді өмірін өз ойындағыдай етіп өз қолымен құрғысы келеді. Сіздің араласуыңызды қаламауы мүмкін. Қаласа да, бұл дұрыс болмас еді.

Ата-анадан ажыраудың алғашқы формасы 3-4 жаста басталады. «Өзім істеймін», «өзім кием», «өзім ішем» деп қиғылық салғанда қасықты қолына бермесеңіз, сепарацияның алғашқы сатылары дұрыс жүрмейді. Мектеп табалдырығын аттағанда кіммен дос болатынын өзі шешсе, қатарластарымен арадағы конфликті өзі шешуге талпынса, үй тапсырмаларын өз бетінше орындаса, т.б. осы сияқты әрекеттерді сәтті орындау – сепарацияның екінші сатысы. Жасөспірімдік өтпелі кезеңде «мен үлкейдім», «өзім білем» деген ойлар пайда болып, сепарация өткірлене түседі де, кәмелеттік жасқа толуға жақындағанда бала да, ата-анадан ажырауға деген құлшынысы да сабасына түседі. Әйткенмен, бұл – жалпы көрініс. Баланың ата-анадан ажырауы үшін қандай да бір нақты жас белгіленбеген. Ол әркімнің тұлғалық қалыптасу, даму жолына байланысты. Біреу 14 жасында өмірінің тізгінін өз қолына алғысы келеді. Біреулер ол үшін 18 жасты күтеді. Үйленгенше бұл туралы ойына кіріп-шықпайтындар да бар. Қалай болғанда да, баланың бойындағы өзгерістер мен қалауларын бақылаңыз. Өздігінен ықыласы болмаса, оянуына ықпал жасаңыз, көмектесіңіз.

Балаңыз ересек өмірге қанат қаққалы тұрғанда мына шындықты мойындау керек: ендігі жерде ата-аналық махаббат орнымен берілмесе, шектен шықса, баланың жақсы өмір сүруіне кедергісін келтіріп, зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан, болуы мүмкін бәле-жаланың алдын аламын деп алдына түсіп жүгірмеңіз. Артын тазалаймын деп қайда барса да ізінен қалмай, соңында жүрмеңіз. Бабын жасаймын деп асты-үстіне түспеңіз. Тек қандай шешімі болса да қолдайтыныңызды, оған сенетініңізді айтып қанаттандыру жеткілікті.


Баланың ата-анадан кіндігі ажырамауының ең үлкен зияны ол отбасын құрғанда басталады. Қарым-қатынасына араласып, екінші жартысына қалай сөйлеуді, қалай қарауды үйреткісі келіп, кемшілігін көзге түртіп, түзетуге тырысады. Жастар сұрамаса да, оңды-солды ақыл-кеңесін асқан жомарттықпен үйіп-төгеді. Кіндігі ажырамаған, «бала» кейпіндегі еркек не әйел мәселесін өз бетінше шеше алмайды. «Не істеймін?» деп ата-анасына алақан жаяды да тұрады. Әке-шешесінің сөзінен аттап кете алмайды. Осылайша жаңа одаққа өз ережесін орнатқысы келетін ата-аналар көп жағдайда сол отбасыны бұзып тынады не өзінің баласымен арақатынасын суытып бітеді.

Осындай жағдайға жол бермес үшін өз балаңызды жұбайынан қорғаштауды тоқтату керек. Өміріне қауіп төнген не денсаулығына зиян келуі мүмкін жағдайда ғана араласыңыз. Оған дейінгі мәселелерді өздерінің саралауына, шешіп алуына мүмкіндік беріңіз. Балаңыздың таңдауына, шешімдеріне құрметпен қараңыз. Ақылды тек олар сұраған кезде ғана айту керек.

Бөлек тұрған балалар ғана ата-анадан ажырайды, бірге тұрғандар әке-шешенің етегінің астынан шықпаса да болады деген түсінік те қате. Бір шаңырақ астында тұрып та, ата-анамен бірге қабылдайтын және жеке өзі, жұбайы екеуі қабылдауға тиіс шешімдерді ажырата алу – нағыз ересекке тән қабілет. Балаңыздың бойындағы осы қабілетті өлтірмей, шыңдауына жәрдем етіңіз.


Ұл-қызыңыздың, қала берді немерелердің ісіне араласып, олардан «Ой, қойыңызшы» деген сөзді естіп, қадіріңізді кетіргенше, өзіңізге хобби тауып алыңыз. Сонымен айналысыңыз. Армандарыңызды орындаңыз. Қызықты әрі сүйікті іспен айналысуға, жаңа нәрсені үйренуге, жаңа жерлерді көруге ешқашан кеш емес.

Перзентім бақытты болсын, өз алдына жеке тұлға ретінде қалыптассын, мен жоқ жерде де өз басын өзі алып жүрсін деген ниетіңіз бар ма? Ендеше, баланы ұядан ұшырғасын шаужайына жармаспай, еркін самғауына мүмкіндік беріңіз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Бақытты отбасы болу үшін бұл сөздерді ата-енеге айтуға болмайды