ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРҒА арақатынасты жақсарту, ОТБАСЫН сақтап қалу оңай

0
2 332

Психологтар ерлі-зайыптыларды жұптық типтерге бөледі


ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРҒА арақатынасты жақсарту, ОТБАСЫН сақтап қалу оңай

Басы екі адамнан құралатын «ОТБАСЫ» деген одақты құлатпай ұстау оңай шаруа емес. Әр шаңыраққа ажырасу қаупі болмағанда бір рет төнетіні шындық. Көшілігін бұл қауіп бұлты бірнеше рет шалып, біршамасы шын мәнінде екі жаққа айрылып жатады.

Үйдегі ұрыс-керіс, бір-бірін түсінбеу, қабылдамау, сезімнің өшуі, сенімнің жоғалуы – осының бәрінің түп-тамырындағы негізгі мәселе біреу. Ол – ерлі-зайыптылардың бірінші кезекте өзін, екінші кезекте – жұбын жақсы танымауы.

Сезімді, отбасын, жақсы қарым-қатынасты, т.б. сақтап қалуға, одан әрі бақытты бола түсуге қатысты көптеген кеңестер айтылады. Бірақ осы тұста ескерілмей қала беретін бір нәрсе бар. Ол – адамдардың бәрі бірдей еместігі. Сәйкесінше, олардан құралған жұптық арақатынас та бірдей болмайды.

Психологтар ерлі-зайыптылардың мінез-құлқына, қарым-қатынасына, іс-әрекеттеріне қарап мынадай жұптық типтерге бөлген.


Драмаға толы тип

Эмоцияға берілгіш, әсершіл, қызуқанды екі адамнан құралған отбасының өмірі драмаға толы. Айқай-шуға, ұрыс-керіс, келіспеушіліктер, «бәрі бітті» деп екі жаққа кету өте жиі болады. Қайта татуласулары да сезімге, эмоцияға, оқиғаға толы, есте қаларлықтай, фильмге бергісіз. Тату кезінде махаббаттары маздап, лаулап тұрады. Сөйте тұра, бір-біріне айтар сын-ескертпесі, реніші көп. Осындай аумалы-төкпелі жағдайларсыз бұл отбасыны елестету қиын.

Драма-жұптардың әрбір айрылысып, қайта татуласқандарынан кейін қарым-қатынастары бұрынғыдан да нығайып, жаңа деңгейге көтеріледі. Әйткенмен, әйтеуір бір күні артық кетіп қалып, байланыс жібі үзіліп кетуі әбден мүмкін ғой. Сондықтан, отбасылық қатынасты үнемі бәске тіге беруге де болмайды..

Отбасылық психологтар драма-жұптарға өмірін қызықты етуге, бір-біріне жағымды эмоция сыйлауға көп күш салу керегін айтады. Болуы мүмкін негативті эмоцияның бәрінің жолын кесіп, оның орнын жағымды әсермен үнемі толықтырып отыру керек. Қыдыру, бірге демалу, сезім білдіру, сыйлық беру, адреналин алатын демалыс түрлері басқа жұп типтеріне қарағанда екі-үш есе көп болуға тиіс. Сонда тез зерігіп, тез жалығу, эмоциялық аштық болмайды. Сәйкесінше, ұрыс-керіс те азаяды.

Сонда да арасында орын алып қалатын келіспеушіліктер кезінде кім қандай әрекет ететінін алдын ала келісіп, нақты қадамдарын блгілеп қойған да артық болмас. Мысалы, «Мен ашуланғанда сен де қөтеріліп кетпе. Сен ашуға булығып тұрғанда мен өзімді ұстаймын», «Мен жылап тұрсам, сен мынандай сөздермен жұбат», «Телефонды көтермей қалсам, бірінші кезекте жаман ойды емес, жақсы жағын ойла» деген сынды келісімшарттар болғаны дұрыс.


Еркін қарым-қатынас

Еркін қарым-қатынастың белгілері:

  • Бір-бірін сыйлау бірінші орында;
  • Түсіністікпен қарау, толығымен қабылдау орын алған;
  • Міндеттер мен парыздар жүгі жеңілірек.

Осылайша екі адамның арақатынасында әркімнің бостандығы, еркіндігі сақталғаны да жақсы. Алайда, белгілі бір мөлшерде ғана. Тым шектен шықса, ерлі-зайыптылардың қызығушылығы жоғалып, бір-бірімен мүлде ісі жоқ жандарға айналады. Еркіндікке басымдық беріп, әркім өз қалауымен өмір сүрсе, тұрақтылық, отбасылық дәстүрлер, бір-бірін жақсы тану, жан мен рухтың шынайы жақындығы орнамайды. Бұл жағдайда жұбайлардың біріне сәл еркіндігі шектелген сияқты көрінсе болғаны, екіге айрыла салуға дайын тұрады. Сондықтан, еркіндік пен екеуара байланыстың алтын ортасын табу маңызды. Отбасылық байланыс – бұл тәуелділік емес, алайда толыққанды еркіндік те емес екенін түсіну керек. Жиі сөйлесу, бірігіп іс атқару, компромиске келу, кей жағдайда өз қалауыңды отбасы үшін құрбан етуге дайын болу, жұбайының алдында қандай да бір жауапкершілігі мен міндеттері барын мойындау – еркін қарым-қатынас құрғысы келетін жұптар үшін ескеру керек дүниелер.


«Ауру» арақатынас

Әлі толыққанды есеймеген, саналы әрі сау арақатынас құруға қауқарсыз жандардың білместікпен көтерген шаңырағы тәуелді немесе «ауру» байланыстың ошағы болады. Әдетте мұндай қарым-қатынас ұзаққа созылады, себебі, ерлі-зайыптылар өз жағдайларын бағамдай бермейді. Іс-әрекеттеріне, өмірлеріне анализ жасап, шын мәнінде нашар залде екенін ұқпацды. Ұққан күннің өзінде де, бір-бірінен кете алмайды, себебі, тәуелділік орнап үлгерген. Алайда, қанша ұзаққа созылса да, оларды отбасын сақтап қалған «жеңімпаздар» деп атауға келмейд. Өтйкені, оларда даму болмайды, бір орында айналып тұра береді. «Ауру» арақатынаста орын алатын жағдайлар:

  • Драмалық жұптар секілді сан түрлі оқиғалар, эмоциялар ағыны;
  • Бір-біріне көңілі толмау, бітпейтін талап-шағымдар;
  • Абьюзер, құрбандық, құтқарушы рөлдерін ойнайды, бұл рөлдерде өзара орын алмасып тұрады;
  • Шектен тыс байланыс, тәуелділік.

Мұндай арақатынасты да сақтап қалуға әбден болады, бірақ көп еңбек пен шыдам керек. Ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей энергетикалық вампир болмай, біреуі «донор» қызметін атқара алғаны абзал. Екі адам да өзімен, өткен өмірдегі жарақаттарымен, қарым-қатынаспен жұмыс жасап, өзін дамытумен айналысуға тиіс. Бұл ретте арнайы мамандардан көмек аса қажет. «Донор» болған жан жоғалтқан энергияның орнын толтырудың жолын тауып, сол арқылы ресурсын толықтырып отыруды әсте ұмытпауға тиіс.



Үйлесімді жұп

Мақсаттары, жоспарлары, құндылықтары мен өмірге деген көзқарасы ортақ жұпты үйлесімді деп атауға болады.

Олар келесі белгілермен ерекшеленеді:

  • Әрқайсының өзіндік талғамы, көзқарасы, мінезі қалыптасқан;
  • Қарым-қатынаста бір-бірін толығымен қабылдау және өзара құрмет бар;
  • Эмоционалдық және тиімділік деңгейлерін теңестіре ұстай алады;
  • Арада байланыс, бауырбаушылық бар, сөйте тұра бір-бірінің шекарасын бұзбайды.

Үйлесімді қарым-қатынастағы ерлі-зайыптылар еш ұрыспайды деуге келмес. Конфликт, сөзталастар болып тұрады. Алайда оларды жанжалға айналдырмай, түсінісу құралы ретінде қолданады. Бұл ретте эмоциялық тепе-теңдікті ұстау көп көмегін береді.

Көп жерде жақсы болғанымен, мұндай қатынастың да жалықтыратын кезі болады. Немесе ерлі-зайыптылар өте тату көршілерге не іскер серіктестерге айналады. Шынайы махабатты, жұптық қатынасты сақтап қалу үшін отбасылық өмірді қызықтырақ етуге күш салу қажет.


Кереғар тұлғалар тоғысы

Минус пен плюстың бір-бірін тартатыны рас. Осы заңдылықпен бас қосқан жұптар біршама. Бұл жағдайда ерлі-зайыптылар бір-бірінің жоғын толықтырады дейміз. Алайда, шын мәнінде олардың тіл табысуы, бір-бірін түсінуі өте қиын. Махаббат оты маздап тұрғанда бәрі оңай, сәл бәсеңдесе болғаны, мәселелер легінің туындауы одан да оңай. Бір-біріне ұқсамайтын, қарама-қайшылыққа толы тұлғалардың отбасылық қатынасында:

  • Ерлі-зайыптылар бір-бірінен тәуелсіз болады;
  • Патриархалдық немесе матриархалдық қатынастар жүйесі құрылады;
  • Айырмашылықтар мен сәйкессіздіктерге орай қақтығыстар жиі орын алады;

Мұндай жұптарда бәрі өздігінен жақсы боп кетуі екіталай. Білім, тәжірибе, өзімен жұмыс, бір-біріне деген құрмет, түсінуге тырысу – осы тектес әрекеттерден соң ғана отбасылық одақ мығым болады.

Әрине, әр адам – ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын жеке тұлға. Сондықтан, отбасылар да, қарым-қатынастар та бірдей болмайды. Дегенмен, ортақ белгілеріне қарап осындай типтерге бөлуге болады. Өз отбасыңызды қайсысына жатқызар едіңіз?


Қай типке жататыныңызды анықтап, сәйкес кеңесті оқыған боларсыз. Оған қосымша, бәріне ортақ келісімге келу, бір-бірі үшін құрбандыққа бара алу, түсіністікке ұмтылу заңдылықтарды да еш ұмытпаған дұрыс. Қалай болғанда да, қарым-қатынастың туын тік ұстап, шаңырақты шайқалтпау үшін астарында терең махаббат, түсіністік пен құрмет жатуға тиіс.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ОСЫ арқылы өміріңізді қиындатқан ПЕРФЕКЦИОНИЗМНЕН арыласыз