Тракторшының махаббаты, ұстаз, блогер: «Мегаполисте тұрмасам да, танымалмын, табыстымын»

0
4 545

«Ауылда жүріп те әдемі өмір сүруге болады»


Тракторшының махаббаты, ұстаз, блогер: «Мегаполисте тұрмасам да, танымалмын, табыстымын»

Инстаграмда traktorshynyn_mahabbaty атты позитивті парақша бар. Оны өзінің қарапайымдылығымен, шынайылығымен халықтың жүрегінен орын алған Айнұр Жәкенова жүргізеді. Мәртөк ауданы, Бөрте ауылының ұстаз әрі блогері. Батыс Қазақстанның сонау шалғайдағы байланыс ұстамайтын ауылында тұрып блогер болып, баланы да туып, үйдің шаруасын да бітіріп, жұмысты да істеп, қоғамға да қызмет етіп, өзіне де көңіл бөліп, күйеудің де көңілін табу әйелдің ғана қолынан келеді. Нәзік, сұлу, мықты, батыр, әлсіз, күшті, білімді, аңғал, адал, от, жалын, құйын, бақытты, мөлдір, сүйкімді, сүйікті... Бір сөзбен, Айнұр мегаполисте тұрмаса да танымал болып, онысын табысқа айналдырып жүрген қазақ келіні. Ол аспандағы айды көрсетіп жатқан жоқ. Қарапайым ауыл үйі, қора, сиыр, ауыл әйелінің тірлігі... Тек қана өз өмірін көрсетеді. «Егер адамдар қалада тұрмаса жетістікке жетпейді» деп ойлайтындарға мықты мотивация болсын деп Тракторшының махаббатын әңгімеге тарттық.


– Айнұр ханым, сіз сеть ұстамайтын ауылда тұрып блогер болдыңыз. Өзіңіздің қарапайымдылығыңызбен, шынайылығыңызбен халықтың жүрегінен орын алдыңыз. Дегенмен, сіз сияқты ауыл өмірін шығарып, көрсетіп жүргендер жетерлік. Сіз неңізбен ерекшеленесіз?

– Менің инстаграмға келуім қалай болды? Сүреңсіз, бір-бірінен аумайтын, тек күйбең тірліктен тұратын ауыл өміріне сәл болса да бояу қосқым келді. Атым шығып, танылып, табысым өсіп, үлкен блогер болмасам да, жазбаларыммен бөлісетін, жүрегімдегіні айтатын оқырманым болғанын қаладым. Көбісі басында түсінбеушілік танытты. «Оның несі қызық? Ондай тірлікті біз де жасаймыз» деген пікірлер көп болды. Менің мақсатым – мен осындай кереметпін, сиыр сауамын, спортпен айналысамын, май шайқап, бала оқытамын деу емес еді. Ондай жұмысты біздің ауылда кез келген әйел істейді ғой. Мені далада қалдыратындары қаншама?! Менің ерекшелігім, ауыл өмірі туралы қызықты, позитивті жазбаларым болды. Қалай бар солай жазамын. Әсіресе әйел мен күйеу арасындағы қарым-қатынасты әзілмен сипаттаймын. Жазбаларым сол үшін де әйелдерге ұнамды деп ойлаймын.

Біз бірдеңені қатты қаласақ, ешқандай қиындыққа қарамаймыз. Маған ауылда мүлдем интернеттің, байланыстың жоғы да кедергі болмады. Мен идеалды өмірді емес, шынайы өмірді көрсеттім.

Менің мақсатым – ауыл тіршілігін насихаттау, ауыл әйелінің әдемі образын көрсету. Ауылда мал бағып, сиыр сауып, май шайқап жүріп те адал еңбекпен әдемі өмір сүруге болатынын өз тәжірибеммен көрсету. Ауылдың бітпейтін күйбең тірлігімен өздерін ұмытып кететін, еңбекқор сіңлілеріме серпіліс беру. Түйе сауып, бие сауып, ауылдың түкпір-түкпірінде күйеуіне сүйеу болып жүргені қаншама. Адамдарды ауылға шақырғым келеді.

Инстаграмға көп уақытым, энергиям кетеді. Бірақ, ісіңді сүйіп жасағанда, сен одан күш аласың. Инстаграм менің өмірімнің өзгеруіне көп әсер етті. Айналамда көп нәрсе өзгерді.

– Парақшаңызды неге Тракторшының махаббаты деп атадыңыз? Баян Есентаеваның осы аттас фильмінің қатысы бар ма?

– Тракторшының махаббаты аталуының сыры мынада. Күйеуім – фермер. Трактор айдайды. Сонымен бірге ерекше атау болсын деген мақсатта Тракторшының махаббаты деген атты таңдап алдым. Негізі фильмге қатысы жоқ. Көпшілігі кинодағы сценарийге қаладан ауылға келіп, тракторшы жігітке тұрмысқа шыққаныңыз ұқсайды деп айтады.


– Бір адам туралы бірдеңе айту үшін оның өмірін 1 күн болса да сүріп көру керек. Сіздің ауылдағы бір күніңіз қалай өтеді?

– Ауылдағы бір күнім өзге әйелдердікіндей сағат 5.00-де тұрып сиыр сауып, сепаратор тартып, бұзауларымды суарудан басталады. Одан әрі мектептегі жұмысыма барамын. Жұмыстан келген соң қыстың кезінде от жағу, тамақ істеу. Қарапайым ауыл әйелі істейтін тірліктің бәрін істеймін. Таңертең сиыр сауып болған соң Бөрте бойын жағалап 30-40 минут жүгіретінім бар. Табиғатта тыныстап, күшті энергия алып келемін. Бір жағы, артық салмақ жинап алмайын деген мақсатта жүгіремін.


– Сіз бірден Бөртенің мақтаулы келініне айналған жоқсыз. Сиырдан да, қаздан да, иттен де шошып жүрдіңіз. Солай ма?

– Эх, баяғы Айнұрды көрсеңіз, шошитын едіңіз. Сиырдан да, қаздан да, иттен де қорқып жүретінмін. Кеште сиырлар келіп жатқанда, сүзеді деп үйге қашатынмын. Енем таң атпай 14-16 сиыр сауғанда, түске дейін ұйықтайтынмын. Енем отты жағып, сиырды сауып, шайды қойып болып «Айнурочка, пора в школу» деп оятып алатын. Қабақты түйіп, шашым жалбырап тұрамын. Ұялмай, жаңа тартылған қаймақпен шайды ұрамын.
Мен үшін таңғы тәтті ұйқысын қиып, мүйізі қарағайдай сиырдан қорықпай, тіпті бауырына тығылып алып сиыр сауатын келіншектер Кеңес Одағының батыры атағын 2 дүркін иемденген нағыз жаужүрек болып көрінетін. Ауылдың адамдары қайдағы бір сиыр үшін неге өздерін соншалықты қинайтынын түсінбейтінмін. Күйеуімнің де жұмысын көпке дейін түсінбедім. Таң атпай кетеді, түннің бір уағында май-май болып келеді. Үйде бітпейтін қайнаған тірлік. Мен жүремін өзге планетадан келген мақлұқ сияқты. Өз қиялым өзімде. Сиырды енем сауады, отты енем жағады, шайды енем құяды, тамақты енем асады. Мен дүкендегі тірі манекен болдым. Енем сонда да мәз келін алдым деп. Мен де мәзбін байға тидім деп.
Таңертең мектепке барайын десем, көшедегі қаздан, иттен қорқам. Күйеуім мектепке дейін шығарып салады. Қазір болса ғой пиик-пииктің қызыл, сары, жасылын айтатын еді. Ол кезде махаббатқа мас. Менің қорыққанымды қызық көреді. Күнде ерінбей шығарып салады.
Сол кезде мен келіндік өмірге мүлдем дайын емес екенімді түсіндім. Әжемнің соңында ырбиып жылап, арқасында аяғым салақтап отырып, той-садақаға еріп барып, папамның қарындастары айтқанымды істеп, ештеңеге қабілетсіз болып өсіппін.
Маңдайыма жақсы ене тап болған. Бір тентек енеге тап болғанымда өмірімді тозаққа айналдырар еді. Жүрер ме ем байдан байға тиіп, бай шақ келмей.
Ауылдағылар да мені әңгіме ете бастады. Менен кейін түскен келіндер сиырды да сауып, отты да жаға бастағанда, мен ұялатынмын. Бірақ, ерте тұру, сиырдың қасына бару мен үшін ең қорқынышты фильм сияқты еді.

Сонымен Айнұр адам болудың жолын іздей бастады. Қолынан түк келмейтін келін болудан шаршады. Жұрт мені айтса енем «Она мне троих внуков родила. Она учительница» деп ақтап алатын.

Енді өзгеру керек екенін түсіндім. Күйеудің қалаға көшетін ойы жоқ. 3 баланы тудым бірінен соң бірін. Ұйқыны азайтып, ауылдың тірлігіне төселу керек қалай да.
Тез арада болмаса да, мен сиырды сауып үйрендім. Тек кеште ғана сауамын. Қорқып жүрген жануарым әлемдегі ең жуас, момақан жануар екен. Сиырларымды жақсы көре бастадым. Өздері сондай адал, жуас жануар. Көршілер сиырларын боқтап жатса, аяйтынмын. Әрбір сиырыммен сөйлесіп, еркелетемін. Бәрінің өзіне тән мінезі бар. Хюррем сияқтыларға сәл қаттылау болып, ұрсып қою керек. Міне, осындай қызықтар мен қиындықтардан өттім. Қазір Бөртенің пысық келіншегі боп шыға келдім (күліп)



– Инстаграмға күніне қанша уақытыңызды жұмсайсыз?

– Инстаграмға күніне кем дегенде 2-3 сағатым кетеді. Басқа парақшаларды қарауға уақыт таба алмаймын да, сол уақытты өзімнің парақшама жұмсаймын. Инстаграмды белсенді жүргізген соң мені барлық жаңалықтан хабары бар деп ойлайды. Бірақ, мүлдем олай емес. Өзіңнің парақшаңды дамытқан кезде барлығын қарап шығуға уақыт болмай қалады екен. Фокусты тек өз парақшаңа қоясың. Сондықтан, кейде жаңалықтарды білмей қалып жатамын.


– Ақтөбе қаласының «Жыл блогері-2021» атаныпсыз. Осы күнге қалай жеттіңіз? Отағасы, отбасы мүшелері сізді ұдайы қолдап жүре ме? Сиыр сауып, қора тазалап, шөп жинап, май шайқап, қаймақ алып жүріп сториз түсіру үшін де жеке оператордың көмегіне жүгінетіңіз аян. Үйдегілер видео түсіруден шаршадық демей ме?

– Иә, сол номинацины алғаным рас. Ең бастысы халықтың махаббатынан биік ешнәрсе жоқ. Қазір үлестірілетін сыйлық та, атақ та жетіп артылады. Шақырады, көбінесе бармаймын. Әрине, бұл күнге ең алдымен отбасымның арқасында жеттім. Күйеуім мені шектемейді. Баратын жерімнің бәріне рұқсат берді. Көптеген блогер келіншектердің күйеуі жібермей қойып жатқанда менің жолдасымның қаншалықты керемет, түсінігі мол екенін ұғына түсемін. Иә, ауылдың күйбең тіршілігі бітпейді. Бірақ, соның бәріне қарамастан, отбасым мені қолдап, барлық жерге рұқсатын береді. Иә, балалар арасында фото, видео түсіруден шаршап кетеді. Кейде күйеуім де сөйлеп қалады. Бірақ, амал жоқ. Менің қосымша табысым болғандықтан қазір түсіністікпен қарайды. Басында атам мен күйеуім ұрсып, айғайлайтын. Менің хоббиім, табыс тауып отырған жұмысым, маған ұнайды деп түсіндірдім. Қазір бәрі түсіністікпен қарап, бүткіл отбасы болып қолдау көрсетеді. Отбасы қолдап тұрса әйелге қанат бітеді екен.


– Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері кітабына ену тарихыңызбен бөліссеңіз...

– «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері» кітабына ендім. Бұл кітапқа ауылда тұрып, жетістікке жеткен, ауылдағы қайнаған тірлікті жасай жүріп, өзінің әйел екенін ұмытпаған, ауылдың өсіп-өркендеуіне атсалысып жүрген нәзік жандылар енген. Бірі әкім, бірі кәсіпкер, бірі дәрігер, бірі ұстаз т.б. Ақтөбеден 8 әйел еніппіз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдың иісі мұрнына келмеген маған ауылдың арқасында осындай жетістікке жетесің десе, сенбес ем. Өмір деген қызық қой.

Ауылдың иісі мұрнына келмеген Айнұрдың «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері» жинағына еніп, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Ораққызының қолынан жинақты алу, бірінші Алланың, екінші инстаграмның арқасы. Инстаграмда белсенді болып, сеть жоқ жерден, тасты жарып шыққан гүл сияқты блогер болып, өз әрекетімді бастамағанда, қазір қол жеткізгенімнің бәрі болмас еді. Мен ешкімнен артық емеспін, ерекше дарыным да жоқ. Мені бұл жолға алып келген – өмірімді өзгертуге деген ниет, құлшыныс.
Біз әрекет етсек, Алла шексіз мүмкіндіктерді ұсынады. Сіз тіпті армандауға қорқатын нәрсені алдыңызға өзі әкеліп береді.


– «Адамда шектеудің бәрі мида» деп айтудан жалыққан емессіз. Өзіңіздің шектеулеріңізді жеңе алдыңыз ба?

– Иә, қыздарға үнемі шектеу тек миымызда деп айтып жатамын. Адам өзін өзі шектейді, алайда біздің мүмкіндігіміз шексіз. Көп жиындарға қатысып тұрамын. Сондай бір жиында аяқ-қолы жұмыс істемейтін адамның қолөнермен айналысқанын көргенде таңғалдым. Адам өзін-өзі шектейтінін, бірақ, біздің мүмкіндігіміздің шексіз екенін сол кезде түсіндім. Кей қыздар «Ауылда тұрамын ғой» деп айтады. Мен оларға олай деп айтпаңыздаршы деп айтамын. Қазір ауыл, қала болып бөлінбейді. Ауылда да интернет істеп тұр. Аяғымыз жетпегенмен құлағымыз, бас, көзіміз жетіп тұр. Қазір онлайнда шекара жоқ. Барлық мүмкіндікті пайдалана аламыз. Менде негізінен қорқыныш басым. Қазір қорқыныштарымды жеңуге күш салып жүрмін. Бір іс бастайын десем үрей басымырақ. Мені шектеп тұрған сол ғана деп ойлаймын. Көптеген шектеулерімді жеңіп үйрендім.


– Инфорбизнес саласындағы тың идея, бастамаларыңыз туралы айтып беріңізші....

– Көптеген қыздар блогерлікті үйретіңіз, инстаграмнан ақша табуды үйретіңіз деп жатады. Инстаграмда блогерлер ғана табыс табады деген сөз емес. Блогер болмай-ақ та табысқа шығуға болады. Инстаграм – үлкен базар, жәрмеңке!
Бұл жерде бәріне де орын табылады. Өзім инфобизнеске осы күзде келдім. Әйгерім Тәңірбергеннен 1 миллионға сабақ сатып алдым да, оқып, осы салаға келдім. Ең бірінші бастамам «Суперкеліншек» марафоны болды. Бұл жерде біз еріншектікпен күрестік. Көп келіншектер «Сіз энергияны қайдан аласыз?», «Артық салмақпен қалай күресесіз?» деп айтып жатады ғой. Мен соның бәрін тәжірибе жүзінде көрсеттім. Таңертең 6-да тұрамыз. Таңғажайып таңнан вакуум және тағы басқа жаттығуларды жасаймыз. Шүкіршілік күнделігін толтырамыз. Солай бастайтынбыз. Сол марафон өзіме ерекше ұнады. Нәтижелері де керемет болды. Көбісі күнін жоспарлай білмейтініне көзі жетті. Бәрімізге 24 сағат берген. Тайм-менеджмент сақтасақ, біз барлық жұмысты жоспарлап жасай аламыз. Ол үшін қалай ерте тұру керек, қандай тапсырмаларды орындау керек деген сұрақтарға жауап айтамын. Оның бәріне көп энергия мен уақыт керек.


– #Мишаағайдыңаптауызы, #Қанзира апа, #Қатипаш, #Хюррем хэштегтерін танымал еттіңіз. Бұлардың бәрі шын өмірден алынған ба?

– Миша ағай біздің ауылдың жүргізушісі. Қанзира апа біздің дүкендегі сатушы кісі әрі менің абысыным. Қатипаш жалпы әйелдердің прототипі. Бәрі «Мәә, Қатипашты көрсетші, кім?» деп сұрайды. «Бәріміз де Қатипашпыз» деп күлемін ғой. Сондықтан бәрі де өмірден алынған шынайы кейіпкерлер. Миша ағам да, Қанзира апам да күледі, әзілмен қабылдайды. Шынымен ауылда өмір солай ғой. Ауылдағыларға автобуспен кім кетті, кім келді, сол қызық. Қанзира апаның дүкенінен қарыз аламыз. Тізім жазып қояды. Қарыз алып, беріп болмайтындар бар. Кімнің қанша қарыз екенін де білеміз. Кімнің қай банкте карточкасы барын, оның пароліне дейін білеміз. Ауылда адамдар солай араласады. Ал Хюррем менің сүйікті сиырларымның бірі. Сиырларымның атымен де ерекшеленетін шығармын. Ауыл келіншектер де менің сиырларымның атын қойып алғанын көріп жүрмін. Негізі малға да қандай ат қойсаң, мінез-құлқы соған сай болады.


– Мұғалімдікпен қоса блогерлікті де қоса алып жүрген жайыңыз бар. Шәкірттеріңіздің ішінде блогер болғысы келетіндер бар шығар? Мектепте де хит шығарсыз?

– Иә, мұғалімдік пен блогерлікті қоса алып жүру оңай емес. Бірақ, адамда ниет болса, осы менің жұмысым деп жауапкершілікпен қараса бәріне үлгеруге болады екен. Әрине, шәкірттерім бағдарламаға қатысып келсем қызығып жатады. Оларға да блогерліктің қызықты жұмыс екенін айтып отырамын. Видео түсіріп талпынып жүрген балалар бар.


– Көп адамдар егер адамдар ауылда тұрмаса жетістікке жетпейді деп ойлайды. Бірақ, бұл пікірді өздеріңіз жоққа шығарып келе жатырсыздар. Мегаполисте жүрмесеңіз де танымалдылығыңызды табысқа айналдырып келесіз. Қала, дала, ауыл дегендер сылтау ғой, айтыңызшы?.. Әйел өзін қалай сыйлауы керек?

– Табысты болу, өзін дамыту адамның қай жерде тұрғанына не жынысына, не басқа нәрсеге байланысты емес. Әйел отбасында бірінші өзін ойлау керек. Өзіне көңілі тоқ әйел ғана отбасының берекесі мен ұйытқысы бола алады. Өзін жақсы көретін әйел ғана, күйеуі мен балаларын жақсы көре алады. Өзін ең соңғы орынға қоятын әйел, өзін жақсы нәрсеге лайық санамайтын әйел «құрбандық» күйіне түсіп, бақытсыз болады. Ол өзінің осы күйде жүргеніне күйеуін, балаларын, ата-анасын, ата-енесін т.б кінәлайды. Табысқа жеткен әйелдерді жек көреді. Өзгелер үшін қуанудан қалады. Айналадағыларды өзіне міндетті деп санайды. «Құрбандық» күйінде жүретін әйелдердің балаларына да өте қиын болады. Балаларда анасына деген махаббаттан гөрі аяушылық сезімі басымырақ болады. Аналарының алдында өздерін кінәлі сезінеді. Құрбандық күйіне түскен әйел өмірді қиын сынақ деп қабылдайды, өмірге ызалы болады.

Әйел ең бірінші өзін сыйлап, жақсы көріп, шекарасын қоя білу керек. Менен «Жиі-жиі Нұр-Сұлтан мен Алматыға кетіп қаласыз, ата-енеңіз қарсы болмай ма?» деп сұрайды. Мен тұлғамын, әйелмін, менің шекараларым бар. Ата-енемді тыңдайтын кездерім көп. Бірақ, өз өміріме қатысты шешімдерді өзім қабылдаймын. Шектен тыс шығып жатқан жоқпын. Келін де, ана да, әйел де бола білейік деп айтқан болар едім.


– Қарапайым ауылдың өмірін, күйбең тіршілігін, еңбектерін көрсету арқылы өзіңізді дамытып, жастарға үлгі көрсете беріңіз!

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Өмір инстаграмдағыдай емес»: «Мотор келін» Қарлығаш Сұлтанша отбасылық сынақты қалай жеңгенін айтты


«Құдай енді бұл жігітке терезеден береді»: 3 жасар қызды құтқарған жігіт желідегілерді сүйсінтті