«Хит деген лоторея сияқты»: «Маска» шоуының жеңімпазы Ерден Жақсыбековпен сыр-сұхбат

0
3 832

«Өзімнің хит әнімді күтіп жүрмін».


«Хит деген лоторея сияқты»: «Маска» шоуының жеңімпазы Ерден Жақсыбековпен сыр-сұхбат

Оны көрермен Ямайка деп таныды, Ямайка деп атады. Себебі, 2003 жылы 12 жасында Америка Құрама Штаттарындағы Нью Орлеан қаласы, «Батен Руж» деген кішкентай қалашықта «Алтын могнолия» байқауында Робертино Лореттидің «Ямайкасын» әуелетіп, әлемді аузына қаратып еді. Иә, Ерден Жақсыбеков әндеткенде оның самғау үні сылаң нәзіктікке жеп-жеңіл ауысқанда, тыңдап отырған елдің тұла бойы шымырлап кетеді. Оның орындауындағы сазды әуен біресе көкке зырлайды, біресе жер бауырлайды, кейде қиялыңды, кейде қайғыңды қозғайды. Әркімнің айта алмай жүрген шері мен шаттығын, көкіректегі құпия сырларын қозғап, ән әркімге әр түрліні меңзеп, әркімге әр нәрсені сыбырлап тұрған тәрізденеді. Сондықтан да болар, диапазоны кең әнші екенін, талай халықаралық, республикалық байқауларда кіл бәсі биік екенін әлдеқашан дәлелдеп те қойды.


«Ерден деген Ямайка емес, Ерден деген Ерден деген ұғымды қалыптастырғым келеді» деп қалды Ерден бізге берген сұхбатында. Ән дарыған дарынды жігіттің өмірлік һәм өнер жолындағы сыбағасы қандай? Өзімен қатарлас әнші әріптестері Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлілер сахнада суда жүзген балықтай еркін тыныстап, есімі елге кеңінен танылып жатқанда Ерденнің есімі еміс-еміс қана естілетіндей көрінетінін, жалпақ жұртқа жаппай танылуға не кедергі болып жүргенін де сұрадық. Ары қарай сұхбатқа назар салғайсыз.



– Ерден, біріншіден, тығыз жұмыс кестеңізге қарамай сұхбат беруге келіскеніңізге рахметімді айтамын. Алғашқы сауал мынадай. Сіз өнер әлеміне бүгін қадам басқан жоқсыз. Шатаспасам, 12 жасыңыздан халықаралық ірі ән байқауларына қатысып, лауреат атандыңыз. Қайсыбір сахна сізді жатырқаған емес. Сіз де қайсыбір сахнада еркін әнді еркін және кәсіби түрде шырқайсыз. Ән өнерінде кәсіби орта баяғыда мойындап қойған. Өз тыңдармандарыңыз да қалыптасқан. Бірақ, неге екені белгісіз, жалпақ жұртшылыққа сізден кейін шығып танымал болған Төреғали Төреәлі, Нұрболат Абдуллин сияқты таныла алмай келе жатқандайсыз. Неге? Не кедергі болып жатыр?

– Мен бала кезімнен көптеген ән байқауларында бақ сынадым. Қазірде әншілерді «байқаудың әншісі» және «тойдың әншісі деп бөледі. Әріптестерім менің диапазондық, байқаудың әншісі екенімді айтып жүр. Енді кішкентайымнан әкем ән додаларына жетектеп қатыстырды. Әлемнің біршама елінде өнер көрсету маңдайымызға бұйырыпты. Өнердегі азды-көпті жолымда ұққаным, әншінің тағдырын шешетін, жолын ашатын нәрсе, ол – сәтті таңдалған ән. Ал диапазон, талант өз алдына. Халық сені талантты екен деп айтып қояды. Ал сені әнің арқылы жақсы көреді. «Мына ән қандай керемет!» деп сенің жанкүйеріңе айналады.

Біздің елімізде әнші көп, бірақ, халықтың жүрегінен орын алған әнші аз деп ойлаймын. Әрбір әншінің арманы хит әндеріңді халық қосыла шырқап жатса, жатқа айтып жатса, сол емес пе?!. Менің де арманым – әндерін халық іздеп жүретін, кезі келгенде қосыла шырқайтын әнші болу. Осыған дейін репертуарым не стилім қалыптаспады деп айта алмаймын. Жалпы, біздің елде өз стилін тапқан Молданазар сияқты әншілер кейіннен шыға бастады ғой. Сосын қазір «тойдың әншісі» деген бағыт та қалып барады. Мысалы, тойдың ең жеңіл деген әндері менің даусыма келіңкіремейді. Сондықтан, сондай уақытша әндерді іздеп, жазбағаннан кейін халыққа қатты тарап, хитке айналмай жатқан шығар. Хит ән әншіні кеңінен танытады.


– Тойға мүлдем шықпайтын боп тұрсыз ғой?

– Тойға шығамын. Әлеуметтік желіге, арнайы тойдың элементіне сәйкес әдеттегі әндерді жазбаймын. Ырғақты әндерді өзім де іштей қалаймын. Хит деген лоторея сияқты. Оны ешкім білмейді. Хит болған әндердің тарихын қазып сұрасақ, бәрінде «Дәл сол әнді хит болады деп ойлаған жоқпын. Жәй жаза салғанмын» деп айтады. Ал мына ән хит болады деп жазса, керісінше хит болмай қалады.


– Сіз әлі де өз әніңізді күтіп жүрсіз бе?

– Мүмкін. «Байқауларға неге бармайсың, Әмірелер барып жатыр ғой» деп айтады. Біріншіден, барып-келу де ақша. Жалпы әнді жаздыру да қыруар ақша. Сондықтан, жиі жазбаймын. Бақ келіп қалар деген үміт оты жанып тұр. Бұйырғаны болар.


– Бұған дейінгі сұхбаттарыңызда «Бала кезіңізде көп адамдар Ямайка деп атайтынын» айтқансыз. Қазір де солай атай ма?

– Бала кезде көшеде көргендер «О, Ямайка!» деп айғайлайтын. «Менің атым Ерден ғой, Ямайкасы несі?!» деп намыстанатынмын. Өскеннен кейін керісінше оның бәрі жақсы екенін түсіндім. «Ямайка» менің әнім емес пе?! 1960 жылдары Робертино Лоретти сол әнмен танылған. Сол кісінің репертуарымен өстім. «Ерден деген Ямайка емес, Ерден деген Ерден» деген ұғымды қалыптастырғым келеді. Атымды әннің ассоциациясымен емес, кім екеніммен таныса деймін.


– «Бозторғай» халықаралық ән байқауы сіздің бағыңызды ашты. Содан соң бірінен соң бірі шетелдерге шығып өнер көрсеттіңіз. Содан бері жұлдыз ауруымен ауырған сәттер болған шығар?!

– «Періште алтын көрсе жолдан таяды» деген сияқты, әрбір дүние, атақ, мансап адамға белгілі бір дәрежеде әсерін тигізеді. Бірақ, осы уақытқа дейін ешкім менің бетіме басып, «жұлдыз ауруымен ауырып қалыпсың» деп айтқан емес. Бұл да болса әке-шешемнің тәрбиесінің жемісі деп ойлаймын. Мені Шымкенттен Алматыға «Бозторғай» байқауына дайындап, қатыстырған әкем болатын. Сахнаға ең алғаш шыққан кездерде әкемнің бар айтқанын істейтінмін. Кейіннен өсе келе баланың өз ойы, амбициясы қалыптаса бастайды ғой. Сол ауыспалы көңіл-күйде жүретін жасөспірімдік кезеңде әкемнің айтқандарына қарсы келіп «Қойыңызшы, былай айта берейін де» дейтін сәттер болды. Сонда әкем: «Бәрін біліп, болып-толып қалдың ба? Білесің бе, «Жұлдыз ауруы» деген болады. Ертең жұлдыз ауруына шалдықсаң, маған ренжіме, аямаймын!» деп айтқаны есімде. Мүмкін, бала күнімдегі тәрбие менің жұлдыз ауруымен ауыруыма жол бермеген шығар. Біздің үйде ешқайсымызда ондай қасиет байқамаппын. Біріншіден, пайдасыз, екіншіден, абыройыңнан айырыласың.


– Әнші боп жүріп Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Эстрадасына» емес, «Актерлік шеберлік» мамандығына түскеніңізді түсінбей қалдық?..

– Мектеп бітірер жылы бала күнімнен қатысқан байқаулардан алған марапат, алғыс хаттарды әкем ҚР Мәдениет министрлігіне жіберіп, дарынды бала ретінде грант беруін сұраған болатын. Маған грант бөлінді. Алайда, Т.Жүргенов атындағы академияға түсу менің асқақ арманым болды. Актерлік шеберлікті армандадым деп айта алмаймын. Эстрада мамандығына түсемін деп келдім. Белгілі актер, продюсер Сәбит Әбдіхалықов ағамыз Жүргенов академиясына жұмысқа орналасқан екен. Ол кісімен Алтынай Жорабаева әпкеміз арқылы 2004 жылдары таныстық... Жолығып ақыл-кеңес сұрадық.

Негізі менің даусым өтпелі кезеңнен соң жуандап кетті. Дауысты үзіп алу қаупі бар болғандықтан біраз уақыт ән айтудан демалдым. Яғни, оқуға түсетін жылы даусым әлсіз боп тұрды. Әкем: «Сен бала күніңнен екінші орын алмағансың. Бәрі І орын, Гран-при. Эстрадалық факультеттің комиссиясында отырған кәсіби мамандар сенің даусыңның өтпелі өзгерістерін білмейді. Егер ол кісілер сені сынаса, сынып, өнерді мүлдем тастап кетуің мүмкін. Оданша актерлік шеберлікті көрерсің. Әншілігің ешқайда қашып кетпейді. Бойыңдағы бар нәрсе. Екеуін қатар алып жүре бересің», - деді. Сәбит ағамыз да: «Актерлік шеберлікте» бүткіл сабақтар тереңдетіліп оқытылады», - деп әкемнің ұсынысын қоштай кетті. Бала кезімнен пародия салатыным тағы бар. Осылайша актерлікке бет бұрып кеттім. Қазір әкеме және Сәбит ағама үлкен алғысымды білдіремін. Сонымен тағдыр солай болып кетті.

– Сіздің дауыс мүмкіндігімен, болмыс бітіммен ұзаққа шабуға болатынын өнердегі әріптестеріңіз талай айтып жүр. Оның дәлелі – «Хабар» телеарнасындағы «Маска» шоуы болды десек қателеспейміз. Сіз финалға шығып, жеңімпаз болғанда қолдағандар да, түрлі сыни пікір айтқандар да болды. «Маска» сізге не берді?

– «Маска» шоуы – менің өнер жолымдағы ең ауыз толтырып айтарлық жаңалық болды. Бала күнімнен ерекше тосын сыйларды жақсы көремін. Адам баласы тосын сыйға ерекше қуанады. Пандемия кезінде ғаламтордан әлемдік «Маска» шоуларын көп көретінмін. Ресейлік «Масканы» көріп қатты қызығатынмын. «Бізге де келетін болар, бірақ, мені шақырмайтын шығар» деген ойлар болатын. Кейіннен бәрі ұмытылып, жұмыс қарбаласып жатқан кезде маған хабарласып, шақырту алған кезде «Иә, иә» деп абдырап қалғанмын. Дауыс мүмкіндігімді төменгі және жоғарғы ноталармен ауыстырып, қазылар алқасын шатыстыру мақсатым жүзеге асты деп айтсам болады. Арасында «Ерден, не «Заман» тобындағы Ерген бе?» деп атап жатты. Басқа маскаларға да Ерден шығар деп айтқаны маған майдай жақты. Атың аталып жатса, іштей қуанасың ғой. Қаншама жылдық еңбегімнің ақталғаны деп білдім. Ешкім танымай жатса да қиын ғой. Әділ болмады деп айтып жатқандар да бар. Репертуарым ерекше болғандықтан, еңбегіме қарап берді деп ойлаймын. Өзіммен бірге қатысқан қатысушыларды қатты сыйлаймын. Олардың әрқайсысы тамаша өнер көрсетті. Дегенмен, арамызда билеп ән айтқан мен ғана шығармын. Өйткені, костюм ыңғайлы болды. Көп қатысушылардың костюмдері билеуге ыңғайсыз болды. «Хит әнім болмаса да, қазақ жұртына Ерден деген атты естірттім-ау!» деген мақсаттың жүзеге асқанына қуаныштымын. Жоба ұйымдастырушыларына үлкен алғыс.


– Ерден, сіздің жақсы породист екеніңізді білеміз. Ал дубляжист екеніңізді екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Дубляж саласына баруыңыз театрдың жалақысы жетпегеннен кейін қосымша ақша табудың жолы ма?

«Тамашаның»тарланы Кәдірбек Демесін ағамыз біздің театрда істейді. Актер ағамыз ұжымдық бір жиналыста: «Мен театрда көп жыл істеймін. Қаншама тарихи тұлғалармен әріптес болдым. Бірде Әмина Өмірзақова апамыз: «Қанша миллион тауып келсең де, ақша ешқашан көптік етпейді. Бірақ, театрдың айлығынан асқан береке жоқ» деп айтты. Менің де соған көзім жетті», - деп айтып еді. Кейде театрдың айлығына қарап қалатынымызды жасырмаймын. Кейде үнемдейміз. Берекесі бар. Сырттан ұсыныс, не киноға кастинг түсіп жатса неге істемеске? Бала күнімнен мені ән асырап келеді. Той не концертке шығып, гонорар алып келе жатырмын. Бес тиын алсам да аш қалған күнім жоқ. Өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласында өмір сүру оңай емес. Иә, мен бай емеспін. Жинаған артық ақшам да жоқ. Бірақ, Құдай маған несібені беріп қойғанын жақсы білемін. Дубляждың ақшасына қызыққан емеспін. Бала күнімнен киноларды қарайтынмын. Мектеп кезінде қазақ тіліндегі мультиктер жоқтың қасы болатын. Қазақша мультиктер шыққанда қатты қуанғанмын.

Орыстардың мультфильмдерін қарап, «Біздікілер қашан осылай аударады екен? Мен де дыбыстағым келеді» деп қиялға берілетінмін. Ар жағында даусы естіліп, бер жағында аударып жататын. Шүкір, қазақ дубляжы қанатын кеңге жайып келеді. Осы салаға титтей де үлес қосып жатқаныма қуаныштымын.


– Қазірде Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының актерісіз. Театрда жүріп әншілігімді әлсіретіп аламын деп ойламайсыз ба?

– Біздің театр балалар мен жасөспірімдерге арналғандықтан ертегілерде ойнаймыз. Бірінші жылы балаларға арналған қойылыммен жер-жерді аралаған кезде даусым отырып қалған болатын. Өйткені, біз микрофонсыз ойнаймыз ғой. Сонда даусымды уайымдап әбіржіген едім. Сонда әріптестерім: «Уайымдама, ештеңе етпейді. Бізде де сондай болған. Дауысың театрға бейімделіп жатыр. Әлі-ақ тез бейімделіп, қанша айқайласаң да шаршамайтын болады» , - деп жұбатты. Шынында тура солай болды. Қазір қанша спектакль ойнаймыз. Одан соң студияға барып ән жаздырамын. Ешқандай әсерін тигізбейді. Керісінше даусым шынығып, мықты боп кетті. Ең әлсіз кезі өтпелі жасөспірімдік кезеңде ішкілік ішпей, даусын күтсе ары қарай ер адамның даусы қатайып кетеді екен. Академияны бітірген соң дайындалатын жерім жоқ, даусым керісінше әлсіз болды. Қазір театрда күн сайын дайындықта жүргендіктен, үнемі формада жүремін. Театрға кіргелі түрлі жобаларға шақырту алып, берекем кіріп қалды. Өзім соны байқадым. Осы орайда Айгүл Иманбаева әпкеміздің «Әнші көп. Ал сен көптің бірі емессің» деп айтқан сөзіме ойыма оралып тұр.


– Көп сұхбатыңызда «Қайталағанды ұнатпаймын», «Ерекшеленгім келеді» деп айтасыз. Театрға қандай жаңалық әкелдіңіз?

– Біздің театр бір ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасы. Бұл жерде қаншама корифейлер еңбек сіңірген. Небір жаңалықтарды сол кісілер алып келген. Театрға қанша адам кіріп, шыдамай шығып кетеді. Өзіме келсек, болашақта тәжірибе жинақтап, жаңалық жасасам ба деген жоспарым бар. Біздің театрда жаңалық әкелген режиссерлер бар. Талғат Теменов, Сәбит Әбдіхалықов, Азамат Сатыбалды ағаларымызды жаңалық енгізді деп айта аламыз. Тикетон арқылы билет сатылып, халықтың театрдан шықпауы ең басты жаңалық, қуантарлық жағдай.


– Бұлай сұраған себебім, «Құлагер» қойылымында музыкалық сүйемелдеуді сіз жасайды екенсіз...

– «Құлагер» – саунд драма жанрындағы қойылым. Режиссер Фархат Молдағалиев Мәскеудегі неше түрлі театралдық зертханаларға қатысқан. Аспаптармен сүйемелденеді, дауыстық аккомпонентті мен айтып отырамын. Атқосшының рөлінен алып, вокалдық мүмкіндіктерімді пайдалануды шешті. Біздің театрда саунд драма алғаш рет қойылды. Театрда Мақсат Рахмет, Толқын Нұрбекова деген мықты дауыс мүмкіндіктері бар, жаңалық әкеледі деген әріптестерімді айтқан болар едім. Болашақта мюзикл қойса екен деп ойлаймын.


– Талантты әнші, актер ғана емес, сымбатты, сері жігітсіз. Сіз бүгінде екі баланың әкесі екенсіз. Дегенмен, сері жігітті мазалайтын қыздар әлі де бар шығар? Қызғаныштың қызыл иті үріп тұратын кездер бола ма?

– Иә. Өнер жолы қиын ғой. Әсіресе, қыз балаға. Мен ер балаға да қиын деп айтар едім. Әке-шешем де әрдайым уайымдап отырады. Ата-анамның өнерді бір кісідей түсініп, мені жетелегеніне ризамын.

– Жұбайыңыз да актриса екен. Екі қошқардың басы бір қазанға қалай сыйып жүр? Жалпы, отбасылық өмірде бәрі бірден теп-тегіс, әдемі бола бермейді ғой. Техника мен технология үндесіп, жаһандану жұтып бара жатқан кезеңде өз отбасыларыңызды қалай сақтап келе жатырсыздар?

– Алда не болатынын бір Құдай біледі. Бірде дауыл, бірде күн шығады. Артынан жауын жауып тұрады (күліп). Ақылға салса бәрін орнымен болады. Ең бастысы жүйкені тоздырып қажеті жоқ. Не болса да жүйкеңді сақтаған абзал.


– Алматыға біржолата қоныс аудардыңыздар ма?

– Иә. Қоныс аударғанымызға бесінші жыл.


– Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

– Елімізге соңғы жылдары неше түрлі сынақтар берілуде. Қанша жылдан бері тыныш отырған мемлекетімізге көз тиді-ау деп ойлаймын. Ұлы дала елі тіл-көзден, бәле-жаладан аман болсын деп тілеймін.

Алда бәрі жақсы болып жатса, жақсы ұсыныстар болса, жұмыс істеуге дайынмын. Шағын альбомымды жазғым келеді. Өз бағытымды тапсам деймін. Театрда бұдан да қарымды еңбек етсем деймін. Өткен жыл өте табысты, сәтті жыл болды. Көп адамнан солай естідім. Биылғы жылдың басы қантөгіспен басталса да, арты жақсы болады деп сенемін. Құдай қабыл етсе жаңа ән жазсам деймін. Бейнебаян түсіргім келеді. Сәтті ән болса, сонда бәрі болады.


– Кешегі қанды қырғында қайда болдыңыз, не істедіңіз, не көрдіңіз, не түйдіңіз?

– Басында әлеуметтік желі бір өшіп, бір қосылып тұрған аралықта қалада не болып жатқанын білмей қалдым. Бесінші қаңтар күні студия жаққа шығып кеттім. Театрда демалыс болғандықтан, әннің мәселесін тындыра берейін деп ойлап едім. Мен жағдайдың, жаппай тәртіпсіздіктер болып жатқанын кейіннен білдім. Бүкіл әншілер бейбіт митингті қолдап шығыпты. Мен керісінше үйде болып қалдым. Өткен жыл табысты жыл болғаннан кейін күздің 3 айында тоқтамастан жұмыс істедік. Гастрольдерге көп шықтық. Одан соң балаларға арналған ертегіні сахналадық. Бір минут та бос уақыт болмады. Сол жиналып қалған ұйқыны, шаршауды, ағзаны орнына келтіру процесі болып жатты. Негізі бейбіт митингке шығамын деп ойлағанмын. Артынша 5 қаңтар күні қырғын басталып кеткен екен. Шымкенттен үйдегілер хабарласып, уайымдады. Содан үйден шықпадық.

Жүрегің ауырады, қаншама әскерилер қыршын кетті. 18-ге де толмаған курсанттардың қапияда көз жұмуы жүректі қан жылатты. Марқұмдардың жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.


– Ерден, ақтарылып сұхбат бергеніңізге рахмет! Барыс жылында өзіңіздің хит әніңізді жаздырып, халқыңызға тарту ете бергейсіз! Сәтті шыққан әндеріңіз көп болсын!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Мен Құдайды таныдым»: Нұртас Адамбаев исламды қабылдағанын айтты


«Сіздің де балаңыз әнші болсын!»: Сәкен Майғазиев әншілерді қарғайтындарға жауап берді