Ұлттық биатлон құрамасы әлем чемпионатында алғаш рет үздік ондыққа енді

0
1 000

Бұл жарыста ел намысын Александр Мухин, Владислав Киреев, Асет Дюсенов және Никита Акимов қорғады.


Ұлттық биатлон құрамасы әлем чемпионатында алғаш рет үздік ондыққа енді

ERNUR.KZ. Отандық биатлон тарихында алғаш рет ұлттық құрама әлем чемпионатында үздік ондыққа енді, деп жазады inform.kz.

Қазақстан биатлоншылар одағының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Чехияның Нове-Место қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде биатлоннан ерлер құрамасы эстафета сайысында үздік ондыққа енді.

Бұл жарыста ел намысын Александр Мухин, Владислав Киреев, Асет Дюсенов және Никита Акимов қорғады.

Жарыс алаңына алғаш болып Александр Мухин шықты.

Ол барлық нысанаға дәл тигізіп, жеңімпаздан +0.9 секунд айырмашылықпен эстафетаны үздік үштіктің қатарында Владислав Киреевке тапсырды.

Владислав Киреев алғашқы жатып ату кезеңінде 3 қосымша оқтың көмегімен, ал тұрып ату кезінде бірден барлық межеге дөп тигізді.

Ол эстафетаны Асет Дюсеновке үздік төрттіктің қатарында тапсырды.

Жарыс алаңына шыққан Асет Дюсенов бірінші айналымда 2 оғы қиыс кетіп, қосымша оқтың көмегімен барлық нысананы жапса, екінші айналымда мергендік танытып, таза атты.

Дюсеновтен кейін бәсекені алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысушы Никита Акимов жалғастырды.

Ол бірінші айналымда 3 қосымша, екінші айналымда 2 қосымша оқ пайдаланып, команданы үздік ондықтан түсірмеді.

Осылайша жылдың басты старты өз мәресіне жетті.