Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяны жеңді

0
870

Енді ел құрамасы 24 сәуірде аталған қарсыласымен тағы бір мәрте шеберлік байқасады.


Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяны жеңді

ERNUR.KZ. Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты қарсаңында Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореямен жолдастық кездесу өткізді, деп жазады inbusiness.kz.

Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер басымдық танытты. Ойын тізгінін өз қолында ұстауға тырысты. Кореялық хоккейшілер дөрекі қимылымен бірнеше мәрте мұзайдыннан қуылды.

Ойынның 2-минутында қазақстандық Роман Старченко есеп ашса, одан кейін Тамерлан Гайтамиров 31, Аркадий Шестаков 34-минутта есепті үстемелей түсті.

Ал 51-минутта қазақстандық Дмитрий Гренц, 59-минутта Кирилл Полохов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша ел құрамасы қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.

Екі құрама бұған дейін алты мәрте кездесті. Оның бесеуінде қазақстандық хоккейшілер басым түсті.

2017 жылдың 23 сәуірінде бірінші дивизионның А тобында Оңтүстік Корея тұңғыш мәрте қазақстандық хоккейшілерді 5:2 есебімен сүріндірген еді.

Биыл қазақстандық хоккейшілер топ-дивизионда В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Канада, Чехия, Швейцария, Латвия, Словакия, Норвегия, Словения.

Ал Оңтүстік Корея бірінші дивизионда А тобында 29 сәуір-5 мамыр аралығында Ұлыбританияның Ноттингем қаласында Италия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Румыниямен топ-дивизионға жалғыз жолдаманы сарапқа салады.

Енді ел құрамасы 24 сәуірде аталған қарсыласымен тағы бір мәрте шеберлік байқасады.