EURO 2024: Қазақстан тартысты ойында Словенияға жол берді

0
376

Қазақстан құрамасынан жарақатына байланысты Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Михаил Габышев, Бахтиёр Зайнутдинов кездесуге қатыса алған жоқ.


EURO 2024: Қазақстан тартысты ойында Словенияға жол берді

ERNUR.KZ. Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысы сегізінші турындағы Словения мен Қазақстан кездесуінің бірінші кезеңі аяқталды, деп жазады inform.kz.

Қазақстан құрамасынан жарақатына байланысты Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Михаил Габышев, Бахтиёр Зайнутдинов кездесуге қатыса алған жоқ.

Бас бапкер Магомед Адиев алғашқы минуттан Шацкий, Вороговский, Алип, Марочкин, Малый, Быстров, Оразов, Қуат, Бейсебеков, Чесноков, Самородовқа сенім артты.

Алғашқы минуттан словениялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Десе де оған қазақстандық құрама лайықты қарсылық көрсете білді.

Ойынның 41-минутында Игорь Шацкийдің қақпасына белгіленген пенальтиден словениялық Беньямин Шешко мүлт кеткен жоқ.

Ал 47-минутта Рамазан Оразов таразы басын теңестірді. Бұдан кейін қазақстандық футболшылар бірнеше шабуыл ұйымдастырды.

Ойынның 86-минутында словениялық Беньямин Вербич қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Қазақстан қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді. Құрлықтық доданың финалдық сатысына Словения құрамасы жолдама алды.

Құрлықтық дода іріктеу сатысында қазақстандық футболшылар Дания (3:2) мен Финляндия (1:0) құрамаларын бір мәрте тізе бүктірсе, Cолтүстік Ирландия (1:0, 1:0) мен Сан-Марино (3:0, 3:1) құрамаларын екі мәрте жеңді.

Ал Дания (1:3), Словения (1:2), Финляндияға (0:1) есе жіберіп қойды.

Енді Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына Ұлттар лигасы арқылы шығуына мүмкіндігі бар. Бұл жолы қазақстандық футболшылар 2024 жылдың наурыз айында Грекиямен шеберлік байқасады.

Қазақстандық футболшылар Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында бесінші мәрте бақ сынап отыр. 2008, 2012 жылдарда - 6, 2016, 2020 жылдарда - 5 орын алды.

Қазірге дейін құрлықтық доданың финалдық сатысына Франция, Португалия, Бельгия, Испания, Шотландия, Түркия, Англия, Аустрия, Венгрия, Словакия, Албания, Дания, Нидерланд, Швейцария, Румыния, Сербия құрамалары шықты. Ал Германия ұйымдастырушы ел ретінде іріктеусіз қатысады.