Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде төртінші орынға көтерілді

0
210

Жекелей сында алғашқы үштікте өзгеріс бола қойған жоқ.


Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде төртінші орынға көтерілді

ERNUR.KZ. Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті, деп жазады inform.kz.

Жекелей сында алғашқы үштікте өзгеріс бола қойған жоқ.

Польша өкілі Ига Швентек көш бастаса, белоруссиялық Арина Соболенко екінші, америкалық Кори Гауфф үшінші орында тұр.

Кеше Әбу-Даби WTA 500 турнирінде чемпион атанған қазақстандық Елена Рыбакина америкалық Джессика Пегуланы ығыстырып, төртінші сатыға көтерілді.

Е.Рыбакина Доха WTA 1000 жарысын екінші айналымнан бастап, қытайлық Чжу Линьмен кездеседі.

Дохада іріктеу сайыстарынан өте алмаған Юлия Путинцева 69-дан 76-ға сырғыды.

Жұптық сында бұрынғыша бельгиялық Элизе Мертенс, тайбэйлік Се Шувэй және аустралиялық Сторм Хантер алда келеді.

Қазақстандықтардан Анна Данилина 44-тен 45-ке төмендесе, Жібек Құламбаева 143-те қалды. Ю.Путинцева 354-тен 356-ға ығысып, Е.Рыбакина 363-те тұр.

Анна Данилина жұптық сында украиналық Надежда Киченокпен бірге Доха додасында бақ сынайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Әбу-Даби турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Дмитрий Попко АҚШ-тағы жарыстың чемпионы болды.