​«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Шымкент қаласында акцияның үшінші аптасы қарқынды өтіп жатыр

0
229

Президент тапсырмасымен қолған алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы 5 аптаға жалғасады.


​«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Шымкент қаласында акцияның үшінші аптасы қарқынды өтіп жатыр

Бүгін Шымкентте Таза Қазақстан жалпы халықтық сенбіліктің үшінші аптасы қарқынды жұмыстармен жалғасын тапты.

«Жасыл аймақ» деп аталған апталық аясында жоспар бойынша көшет отырғызу жұмыстарын жүргізу керек болатын. Бірақ көшет егу маусымы аяқталғандықтан сенбілікке қатысушылар талдарды әктеп, орындықтар мен жақтауларды сырлаумен айналысты.

— Таза Қазақстан акциясы аясында Қаратау ауданына қарасты Тұран-1 шағынауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан балалар ойын алаңшаларында сырлау жұмыстарын жүргізудеміз. Акцияға тұрғындар да белсене қатысуда. Жалғыз әкімдіктің көмегімен барлық жерді тазартып шығу мүмкін емес. Сондықтан тұрғындарды белсенді болуға шақырудамыз, - деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.
Тұран-1 шағынауданында өткен тазалық акциясына жастар ресурстық орталығының жастары, Шымкент қалалық опера және балет театрының қызметкерлері, Қаратау аудандық коммуналдық мекемесі, тұрғындар, мектеп оқушылары атсалысып, жалпы 100 ге жуық адам тазалық жұмыстарын атқарды. Қаратау аудандық коммуналдық мекемесінен 20ға жуық техника жұмыс істеп, өсіп кеткен шөптерді орып, ағаш бұталарды қырқып, ретке келтірді.

Еске сала кетсек, Президент тапсырмасымен қолған алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы 5 аптаға жалғасады. Шымкенттіктер шара соңына дейін тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, қаланың көркеюіне үлестерін қосуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.

Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар.