Шымкенттік жас спортшылар 2 мыңға жуық медальді қоржынға салды

0
413

Шымкенттік жас спортшылар 628 алтын, 577 күміс, 619 қола медаль жеңіп алды.


Шымкенттік жас спортшылар 2 мыңға жуық медальді қоржынға салды

Өткен жылы Шымкенттік жас спортшылар 2 мыңға жуық медальді қоржынға салды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласында жалпы 34 спорттық ұйым жұмыс істейді. Оның 29-ы мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі, 5-еуі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асқан.
Аталған мекемелерде 18 242 спортшы тіркеліп, 906 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Спорттың 74 түрі қамтылады. Соның ішінде 37 олимпиадалық спорт түрі бар.
Атап айтқанда, ауыр атлетика, бадминтон, баскетбол, бокс, әйелдер боксы, грек-рим күресі, еркін күрес, велоспорт, волейбол, жағажай волейболы, гандбол, гимнастика, байдарка және каноэда есу, дзюдо және тағы да басқа.
Ал, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектептерінде 18 спорт түрі жолға қойылған. Онда 381 мүмкіндігі шектеулі азамат жаттығуда. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. Былтыр Пекин (Қытай) қаласында өткен ХХIV қысқы Олимпиада ойындарында спортшымыз Шерзод Хаширбаев бақ сынады. Ал, Кашиас-ду-Сул қаласында (Бразилия) өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарына еркін күрестен 70 кг салмақта Рсалы Сабыржан және 65 кг салмақта Пернеш Шадияр қатысты. Рсалы Сабыржан 2 орын, Пернеш Шадияр 5 орынды жеңіп алды.
Сонымен қоса, Нормандия мен Францияда өткен Дүниежүзілік гимназия ойындарына 11 спорт түрінен 23 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль иеленді.
Бирмингем қаласында өткен XI Дүниежүзілік ойындарына Берульцева Софья каратэден 1-орынды жеңіп алды. Құзға өрмелеуден Улжабаева Тамара мен каратэден Дархан Асадилов 7-ші орынды иеленді.
Жалпы Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысқан шымкенттік жас спортшылар 628 алтын, 577 күміс, 619 қола медаль жеңіп алды. Барлығы 1824 медаль.
Ал, Азия чемпионаттарында қала спортшылары 89 алтын, 58 күміс және 67 қолаға қол жеткізсе, Әлем чемпионаттарында 60 алтын, 38 күміс және 33 қола медальға ие болды.