Шымкенттік көпбалалы жас ана қайтарымсыз гранттың көмегімен баспахана ашты

0
439

31 жастағы қала тұрғыны үй жағдайында мектептерге, балабақшаларға түрлі көрнекілік құралдар мен қабырға газеттерін шығарумен айналысады.


Шымкенттік көпбалалы жас ана қайтарымсыз гранттың көмегімен баспахана ашты

сурет: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Мемлекеттік қайтарымсыз грант көптеген шымкенттіктің мақсатын жүзеге асырып, кәсіп бастауына көмек болуда.

Көпбалалы ана Арайлым Садырбайқызына жобасын іске асыруда қайтарымсыз гранттың игілігі мол болды. 31 жастағы қала тұрғыны үй жағдайында мектептерге, балабақшаларға түрлі көрнекілік құралдар мен қабырға газеттерін шығарумен айналысады.


– Еңбек жолымды табу үшін мұғалім, архитектор мамандықтарын меңгердім. Сәулет саласындағы «CorelDRAW» графикалық-дизайн бағыты мені баспагер болуға жетеледі. Алғашында 1 млн теңге несиеге ноутбук, түрлі-түсті принтер, ламинаттың және түптеу құралдарын сатып алып, қызметімді ұсыну үшін балабақша мен мектептерді аралап шықтым. Білім ұйымдары қабырға газеттеріне тапсырыс бере бастады. Олардың дизайнын үйде жасап, өзге баспаханалардан басып шығаратын едік. 2023 жылы мемлекеттік қайтарымсыз гранттың ІІ легінде жеңімпаз болып, қаржыға үлкен принтер сатып алдым. Қазір түскен тапсырыстарды өзім сәндеп, үйдегі типографиядан басып шығарамыз, – дейді Арайлым Сайпилова.

Жуырда ол Мемлекеттік кірістер департаментіне алғаш рет кәсіпкер ретінде есеп тапсырып, салық төлеген. Алдағы уақытта үлкен баспахана салып, жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.