Шымкенттегі жаппай тәртіпсіздіктердің хронологиясы көрсетілген бейнежазба жарияланды

0
778

Жиналғандардың басым бөлігі жастар екендігі айтылды.


Шымкенттегі жаппай тәртіпсіздіктердің хронологиясы көрсетілген бейнежазба жарияланды

фото: видеодан скриншот

Шымкентте болған жаппай тәртіпсіздіктердің хронологиясы көрсетілген бейнежазба жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Полицияның дерегі бойынша, 4 қаңтарда Жаңаөзендегі наразылық шеруі қарсаңында бір топ шымкенттік тұрғындар әлеуметтік желіні пайдаланып, халықты әкімдік ғимараты маңы мен қала алаңдарында рұқсат етілмеген акцияларды өткізуге шақырған. Жиналғандардың басым бөлігі жастар екендігі айтылды.

Түнгі Сағат 00:30-да жалпы саны 6 мыңнан астам адамға жеткен наразылық білдірушілер қала әкімдігіне келіп, полицияға тас пен қолдан жасалған құралдарды қолданып, алдын ала құрылған жоспар бойынша шабуыл жасай бастаған. Шабуыл жасаушылардың көбінің қолында арматура, темір лом, күрек пен пышақтардың болғаны атап өтілген.


Таңғы сағат 02:20-да бүлікшілер полиция мен әскери бөлімнің көліктерін аударып, іштерінен құралдарды алуға кіріскен. Тәртіпсіздіктерден 62 қызметтік автокөлік зақымданған, оның 12-сі аударылып, 2-і өртеніп кетсе, 1 ДҚНБ арнайы көлігіне қатты зақым келген.

Полиция қызметкерлері су шашатын машинаның, дыбыс шығаратын гранаталардың және резеңке таяқтардың көмегімен жиналған жұртты шегіндіруге мүмкіндік алып, кейіннен олар тарап кеткен. Азаматтарды қала көшелерінен қайтарып, көлік қозғалысы қалпына келтірілген. Сол күні полицияға бес жүзге жуық адам жеткізілген.

Қаңтардың 5-і күні күндіз тәртіп сақшылары наразылықтың бетін қайтарғанымен, сағат 20:00-де халық әкімдік маңына қайтадан жинала бастаған.

Сағат 20:20-да Төле би мен Қапал батыр көшелерінің қиылысында, ал сағат 20:30-да Бәйтереков көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысында көлік қозғалысы тоқтатылды. Арнайы техниканың көмегімен жиналған жұрт артқа ығыстырылды. Олар қашып кетіп, бірақ кейін тағы да жолдарды жабуға әрекеттенген. Бұл кезде шерушілер брондалған көліктерге атыс қаруынан оқ жаудыра бастаған.

Сағат 22:10-да наразылық білдірушілердің жалпы саны 8 мың адамға жетті, әкімдікке қайта-қайта кіруге әрекеттенген олар қаруды, молотов коктейльдерін, тастарды және басқа да қолдан жасалған құралдарды қолдана бастады. Полицияның атап өтуінше, кейбір наразылық білдірушілер мас күйінде бола тұра арнайы құралдарды қолдануға әрекет етпеген, алайда соған қарамастан өте агрессивті көңіл-күйде болған және қатыгездік танытқан.

6 қаңтар күні таңға қарай жиналған жұрт тарқап, көлік қозғалысы қалпына келтірілді. Алаңдар, кеңсе ғимараттары, қару-жарақ дүкендері, банк бөлімшелері, банкоматтардың алдына күзет қойылды. Сол күні қалада төтенше жағдай мен коменданттық сағат енгізілді.

Шымкенттегі қирату мен тәртіпсіздік оқиғаларынан кейін полицияға 3520 адам жеткізілді.