Шымкентте көпжылдық гүлдер жайқалып тұр

0
570

Гүлдер композициясы қазақи нақыштағы ою-өрнек пішінінде көмкерілген.


Шымкентте көпжылдық гүлдер жайқалып тұр

Шымкент қаласындағы Бәйдібек би және Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан "Хан қорғанына" сальвия және антирринум көпжылдық гүлдері отырғызылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Гүлдер композициясы қазақи нақыштағы ою-өрнек пішінінде көмкерілген. Бұл аумаққа 45 мың дана гүл отырғызылады.

Еңбекші ауданында орналасқан №1 автожол бойындағы айналма жолына петуния, тагетес, катарантус сияқты жалпы саны 48 мың көпжылдық гүлдер отырғызылуда.

Қаланың көрнекті орындарының бірі - Қабанбай батыр даңғылы мен Анаров көшесінің қиылысы, теміржол вокзалы тұсындағы айналма жол маңында да көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда шафран, сальвия және целозия секілді көпжылдық гүлдер егілуде. Гүлдер арнайы ұңғымалар арқылы суарылады. Көріктендіру жұмыстарына арнайы техникалар мен бригадалар жұмылдырылған.

Сондай-ақ, қазіргі таңда Тұран ауданы аумағындағы айналма жолдардың жиегі көпжылдық гүлдермен көмкерілуде. Сальвияның - 6 000, цинерарияның - 2500, остеоспермумның - 1500, шафранның - 6000 данасы белгіленген аумақтарға отырғызылуда. Алдағы уақытта арнайы орындарға жалпы саны 550 мың түп көпжылдық және біржылдық гүлдерді отырғызу жоспарлануда. Көріктендіру шараларына жұмысшылар мен техникалар жұмылдырылып, агрономдар мен дизайнерлер атсалысуда.

Ал, Қаратау ауданында тұрғындардың қатысуымен орталық көшелердің бойына және көп қабатты үй аулаларына 5000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Одан бөлек, аудан аумағында 3 аллеяның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл күзгі маусымда қала аумағына отырғызылатын көктем гүлдерінің санын 2 миллион данаға жеткізу жоспары бар.

Айта кетейік, қалада “Қызғалдақтар маусымы” басталды. Үшінші мегаполистің символына айналған қызғалдақтар бүгінде бүр жарып, қаланың көркін айшықтай түсті. Сары, қызыл, көк, күлгін түсті қызғалдақтардың 1 миллион данасы айналма жолдар мен орталық көшелерге, саябақтар мен гүлзарларға отырғызылды. Голланд қызғалдақтары әр ауданға орташа есеппен 200 мың дана егілді.