Шымкентте кірпіш зауытының басшылары ұсталды

0
3 439

Шымкенттегі кірпіш зауытының қожайындары шетелдік азаматты қорқытып ұстап келген.


Шымкентте кірпіш зауытының басшылары ұсталды

фото: видеодан скриншот

Шымкентте Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы заңсыз еңбекке тартты деген күдікпен екі кірпіш зауытының қожайындарын ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы жылдың 14 қазанында Алматы қалалық ПД-нің «102» арнасына Ақтөбе қаласының тұрғынынан арыз түсті. Әйел туған інісі Өзбекстан азаматы еңбек құлдығынан қашып құтылып, өзінің жанына Алматыға келгенін жеткізді. Айтуынша, бұған дейін оны Шымкенттегі кірпіш зауытының қожайындары физикалық күш көрсетемін деп қорқытып ұстап келген. Алайда белгісіз біреулер қайтадан інісінің ізіне түсіп, қара түсті BMW көлігімен ұрлап кетіпті.
Қылмыстың ауырлығын ескере отырып, Алматы және Шымкент қалаларының Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бірлескен арнайы жедел іс-шаралар жүргізіп, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары, үш ер адамды ұстады. Олар кірпіш зауыттарының иелері, екеуі ағайынды бауырлар болып шықты.
Тінту жұмыстарын жүргізу кезінде жедел уәкілдер екі зауыттың аумағынан 60-тан астам шетелдікті тапты, олардың барлығы көрші Өзбекстаннан келген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында шетелдіктер зауытқа жұмысқа шақырылғаны анықталды. Содан кейін, олардың құжаттарын тартып алып, жалақы берілмегені және үнемі физикалық зорлық-зомбылық көрсетеміз деп корқытып ұстағаны белгілі болды.
Бүгін де, 25 шетелдік жұмысшы «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігінің қамқорлығына алынса, 30-дан астам азамат жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауына байланысты қабылдап-тарату орталығына орналастырылды.
Полицияға күдіктілерге қатысты шетелдік азаматтардан үш ресми арыз түсті. Күдіктілер қамауда. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы: 126 «Бас бостандығынан заңсыз айыру» және 389 «Өзінше билік ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды.