Шымкентте халықтың 81 пайызы МӘМС жүйесімен қамтылған

0
244

Жұмыстан босаған азаматтардың сақтандырылған мәртебесі үш ай бойы сақталады


Шымкентте халықтың 81 пайызы МӘМС жүйесімен қамтылған

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында тұрғындардың басым көп саны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылып отыр.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша халық саны 1 миллион 229 мың адамды құраған болса, олардың 81 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. 220 мың 554 адам сақтандырылмаған. Мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жалғастыруда.

Сондай-ақ, Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеуден босатылған тұрғындар саны 720 735 болып отыр. Жалпы, халық санының 58,7 пайызын құрайды.

Соңғы 12 айда міндетті әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру жарналары тұрақты түрде аударылған азаматтардың сақтандырылған мәртебесі жұмыстан босағаннан кейін де 3 ай бойы сақталады.

Мәселен, қызметкер үшін соңғы төлем 2024 жылдың сәуірінде енгізілсе, мәртебесі биылғы жылдың шілде айына дейін сақталады. Бірақ жарна төленбеген кезеңдер үшін қарыз жинақталады.

Сақтандырылған мәртебесін жоғалтпау үшін азаматтарға қарызды өтеу қажет немесе жергілікті «Мансап» орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркеліп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жеңілдік санатына кіруге болады. Жұмыссыз ретінде тіркелген азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден босатылады.
Қарапайым қызметкерлер үшін осы және өзге де маңызды мәліметтер бүгін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қаласы бойынша филиалы мамандарының «Фиркан» компаниясы қызметкерлерімен кездесуі барысында түсіндірілді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту аясында Қор филиалының өкілдері танымал сауда желілері мамандарының медициналық көмек алу және сақтандырылған мәртебесін сақтауға қатысты көптеген сұрақтарына жауап берді.