Шымкентте "Еңбек жолы" байқауының жеңімпаздары марапатталды

0
293

Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбі күні «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленген.


Шымкентте

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Еңбек жолы» дәстүрлі байқауының қатысушылары марапатталды.

Соның ішінде логист маманы Ләйла Назарбайқызы «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша ІІ орын иегері атанды. Ол — «Адалдық пен жауапкершілік кез келген істі нәтижелі етеді» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған жас логист.


Ләйла Досымбекова 2008 жылдан бастап «Қазпошта» АҚ «Шымкент почтамт» филиалы өндірістік пошта және логистика секторының бастығы лауазымын атқарып келеді. Яғни, әр тұрғынның алыс-жақын аймақтарға, шетелдерге жолдайтын сәлем-сауқаты дәл осы өндірістік пошта және логистика секторында сұрыпталып, белгіленген мекенжайға жеткенге дейін қадағаланып отырады.
— Әр істің өз қиындығы болатыны анық. Бірақ, мен өз ісімді сүйемін және оны тыңғылықты атқару үшін барымды саламын. Себебі, поштаға келген әр құжат, әр заттың соңында бір адам тұр. Кейде жөнелтуші азаматтың салғырттығынан құжатқа бір сан немесе әріп қате толтырылса, сәлемдеме тиісті орынға жетпей қалуы әбден мүмкін. Ал мұндай жағдайда жөнелтуші азамат емес, пошта қызметінің сапасына сын келеді. Сондықтан жұмыстың ұқыпты, әрі жауапкершілікпен атқарылғанын қалаймын, – дейді Ләйла Назарбайқызы.
Ләйла – 2008 жылы атқарушы қызметкер ретінде еңбек жолын бастаған күннен әріптестерінің ортасында оң пікір қалыптастырған білікті маман. Әріптестері оның ұқыптылығы мен адалдығын, тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын тілге тиек етті. Әсіресе, іс нәтижелі болу үшін тыңғылықты ұйымдастырып, өзгеден бұрын өзіне талап қояды екен. «Өз саласының хас шебері болу үшін әрқашан ізденіп, біліктілігін арттырудан жалықпайтын жан», дейді әріптестері.

Сонымен қатар, Шымкентте қала әкімдігінің қолдауымен өткен дәстүрлі «Еңбек жолы» дәстүрлі байқауында «Үздік әулет» номинациясы бойынша жүлделі үшінші орынды иемденген ұстаздар әулеті де осынау игі мамандықтың үдесінен шыққандар. «Еңбек адамы» айдарының кезекті кейіпкері ұстаздардың династиясы – Аманқұл әулеті.

Бұл шаңырақта мұғалімдік қызмет ұрпақтан-ұрпаққа лайықты жалғасып келе жатыр. Үлкен отбасында білім саласында еңбек етіп жүрген жанның ең жасы – Назым. Аманқұл Назым Берікқызы – ұстаздық мамандықты таңдап, ата жолын қуып, бүгінде қаладағы №124 жалпы орта білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарып келеді.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбі күні «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленді.

Оның негізгі мақсаттары – еңбек өнімділігін ынталандыру, қарапайым жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру және оған жастардың назарын аудару.