Шымкентте екі бастырма құлап, көліктерді басып қалды

0
447

Жалпы көлемі 252 шаршы метр құрайтын екі бастырма құлаған.


Шымкентте екі бастырма құлап, көліктерді басып қалды

Шымкент қаласында толассыз қар жауып, түрлі келеңсіз жағдайлар орын алуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, бүгін сағат 11:28-де Қаратау ауданы, Нұрсат шағын ауданындағы №114 үйдің ауласында жалпы көлемі 252 шаршы метр құрайтын екі бастырма құлап, 5 дана автокөлікті басып қалған.

"Оқиға орнына Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің 7 қызметкері мен 2 техникасы авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ", - делінген ақпаратта.
Сонымен қоса, құтқарушылар Тұран ауданы, Сәуле шағын ауданында қарға тығылып қалған «DAF» маркалы жүк автокөлігін және Құрсай шағын ауданында қарға тығылып қалған қалааралық №60 бағыттағы автобусты тартып шығарған. Аталған оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.