Шымкентте “Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында 136 сәби дүниеге келді

0
464

елімізде жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы аясында қаламызда көптеген отбасы бала сүю бақытына ие болуда.


Шымкентте “Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында 136 сәби дүниеге келді

Шымкент қаласында “Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында 136 сәби дүниеге келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы аясында қаламызда көптеген отбасы бала сүю бақытына ие болуда.

Жалпы, республика бойынша жыл сайын 7000 квота бөлінеді. Ең көп квота Алматы, Астана, Шымкент қалаларына қарастырылған.
Қала аумағында бүгінде 4 репродукция орталығы жұмыс істейді. Қалада ЭКҰ-ға дайындық бойынша қалалық перинаталдық орталықтың консультативті-диагностикалық блогы жетекші медициналық ұйым ретінде бекітілген. Онда 2018 жылдан бастап Бедеулік мәселелері жөніндегі кабинет жұмыс істейді.
Түрлі ем шараларға қарамастан бір жыл бойы түрлі факторларға байланысты физиологиялық жүктілік болмаған ерлі-зайыптылар ЭКҰ квотасына қатыса алады.
Биыл мегаполиске бағдарлама шеңберінде 429 квота бөлінген.
Қазіргі таңда қалада бедеулікпен есепте тұрған 600 жұп бар. Жыл басынан бері арнайы орталықтарға 261 жұп ЭКҰ квота арқылы жолданды.
Айта кетейік, 2021 жылы қалаға 403 квота бөлінген болса, соның ішінде жүкті болғандар саны-202. Былтырғы жылы 413 квота бөлінген, соның ішінде жүкті болған саны – 220. Бағдарлама қолға алынған соңғы үш жыл ішінде квота арқылы 136 сәби дүниеге келген.

Еске сала кетсек, Шымкентте өткен жылы экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасымен жүктілік бойынша есепке алынғандардың көрсеткіші 45 пайызға жеткен.

Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың басында 538 келіншек бедеулік диагнозымен диспансерлік есепке алынған. Оның 293-і әйелдің бедеулігі, ал 271-і ер азаматтың белсіздігі диагнозы бойынша тіркелген. Алайда, өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында тегін экстракорпоральді ұрықтандыруға 413 орын қаралып, бағдарламаға қатысқандардың ішінен 185 келіншек жүктілік бойынша есепке алынды. Нәтиже 45 пайызды құрады. Бұл ЭКҰ-да өте жоғары көрсеткіш. Себебі, әйелдердің жасына, денсаулығына қарай нәтиже өте төмен болатын кезеңдер де болады. Өткен жылдың қорытындысы бізді қуантып отыр. Сонымен қатар, 62 келіншек бағдарлама аясында ем-шараларын жалғастырып жатыр. Өткен жылдың соңына дейін 33 сәби дүние есігін ашып үлгерді. Бұл көрсеткіш әлі де өсе бермек, - дегене болатын Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі, қаланың штаттан тыс репродуктологы Г.Рысқұлбекова.
Ақпарат үшін айта кетсек, ЭКҰ-ға жіберу туралы шешімді Шымкент қалалық денсаулық басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Ал, ем-шара жүргізілетін репродуктивтік медицина орталығын әйелдің өзі таңдайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасына жолдама жылына бір мәрте ғана беріледі.