Шымкентке жыл басынан бері 11 мыңға жуық шетелдік турист келді

0
353

Шетелдіктердің басым бөлігі «Shym Qala» тарихи-мәдени орталығы мен «Арбат» демалыс алаңына қызығушылық танытып отыр.


Шымкентке жыл басынан бері 11 мыңға жуық шетелдік турист келді

ERNUR.KZ. e-Qonaq желісіндегі сараптамалық көрсеткіш бойынша үшінші Шымкент қаласында 3 ай ішінде шетелден 10 837 қонақ келген. Олардың көбі Өзбекстан, Ресей, Қытайдан келген туристер.

Шетелдіктердің басым бөлігі «Shym Qala» тарихи-мәдени орталығы мен «Арбат» демалыс алаңына қызығушылық танытып отыр. Статистикаға көз жүгіртсек, сұранысқа ие туристік орталықтар қатарында қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, тарихи-өлкетану мұражайы мен “Бәйдібек би” монументі бар.
Кез келген қала қонағы мегаполистің демалыс орындары туралы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының дүңгіршектері арқылы біле алады. Жыл басынан бері орталық 100-ге жуық азаматқа қызмет көрсеткен.
Дүңгіршектер Әл-Фараби алаңы, 2/10 және Бакбаев көшесі, 51в мекен-жайында орналасқан.
Айта кетейік, туризм басқармасы тарапынан қала туризмін дамытуға үлес қосқан бизнес иелері үшін ынталандыру шаралары қарастырылған. Басқарма туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау кезіндегі шығындардың 10%-ын өтеп, туристік автобустарды сатып алу бойынша 25% өтемақы береді. Сонымен қатар, жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде 10% өтемақы қарастырылған және кәсіпкерлік субъектілерінде санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде субсидия бөлінеді.

Ақпарат үшін, Шымқала кешені — Жергілікті маңызы бар, тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген болатын.

Бұл археологиялық нысан жасалуы мен дизайны жағынан өзінің тұпнұсқасын, бастапқы келбеті мен бекініс жүйесін сақтаған Шым шаһарымыздың орталығынан орын тепкен көне ескі қалашық.

2003-2020 жылдар аралығындағы археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесінде Ескі қалашықты ашық аспан астындағы музейлендіру жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы 1-ші мамырда "Шым қала" тарихи -мәдени кешені" деп аталып, келушілерге есігін ашты.

Сонымен қатар, миллионды мегаполис Шымкент қаласында 2018 жылғы 1 желтоқсан күні Арбат демалыс орны ашылып ел игілігіне берілген болатын. Бүгінде шырайлы шаһардағы Республика даңғылы Мен Әл-Фараби алаңы арасындағы Бейбітшілік көшесі бойында орналасқан жаңа Арбат тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған.

Бөлісу