Е.Айтаханов: «Бізді шетелде татулықтың эталоны ретінде таниды»

0
987

Шымкент әкімі діни конфессия басшыларына арнайы алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.


Е.Айтаханов: «Бізді шетелде татулықтың эталоны ретінде таниды»

"18 қазан – Рухани келісім күні" мерекесінің қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов діни конфессиялардың басшыларын қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кездесу барысында қала әкімі діни конфессия басшыларымен дін жұмыстары бойынша пікір алмасып, жиынға қатысушылар дінаралық қарым-қатынас мәселелерін де талқылады.

«Бүгін өздеріңізді "Рухани келісім күні" мерекесімен шын жүрегіммен құттықтағым келеді. Біз – көпконфессиялы мемлекетпіз. Тәуелсіздік алғалы бірлігіміздің арқасында өсіп-өніп келе жатырмыз. Бізді шетелде татулықтың эталоны деп таниды. Біз осы ынтымақ-бірліктің үлгісін өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Алдағы жылы мегаполисымыз ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Ол үшін жан жақты дайын болуымыз керек.Сіздер де сол дайындыққа, қала тұрғындарының санасын өзгертуге, ізгіліктің дәнін себуге көмектеседі деген сенімдемін», - деді Ерлан Қуанышұлы.


Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы, "Ақмешіт" орталық мешітінің бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев «18 қазан – Рухани келісім күні» деп атаудың өзі дін өкілдеріне деген үлкен құрмет екендігін айтып, мемлекеттің салиқалы саясатын жүргізуге, тұрақты діни ахуал, мамыражай қоғам қалыптастыруға өзге дін өкілдерімен бірлесіп жұмыс істейтіндігін жеткізді.

Сонымен қатар, жиында «Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедралдық соборының приходы» жергілікті діни бірлестігінің қызметшісі Александр Могилевский де өз ойын жеткізді.

«Дін де, дәстүр де қоғамда тыныштық пен татулықтың, ынтымақ пен сыйластықтың салтанат құруына қызмет етеді. Діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеудің бір бағыты – діни ахуалды зерделеу және талдау екендігі белгілі. Сондықтан да, біз осы қалыптасқан ахуалды шешудің дұрыс тетіктерін қамтамасыз ету басты назарымызда», - деді А.Могилевский.

Жиналыс соңында қала әкімі конфессия басшыларына арнайы алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.