Биыл қыркүйек айынан бастап адам папилломасы вирусын туғызатын инфекцияға қарсы вакцина егілетін болады

0
157

Биыл Ұлттық егу күнтізбесіне адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау енгізіледі.


Биыл қыркүйек айынан бастап адам папилломасы вирусын туғызатын инфекцияға қарсы вакцина егілетін болады
Биыл қыркүйек айынан бастап адам папилломасы вирусын туғызатын инфекцияға қарсы вакцина егілетін болады.


Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова Өңірлік коммуникациялар қызмет алаңында берген баспасөз конференциясында айтты.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарды АПВ жоғары онкогенді түрлеріне қарсы 4 валентті вакцинамен егу жоспарлануда. АПВ вакцинасы 6 айлық аралықпен 2 рет егіледі. АПВ-ға қарсы 2 валентті вакцина 16, 18 типті антигендерінен және 4 валентті вакцина 6, 11, 16, 18 типті антигендерінен тұрады. Қолданыстағы вакциналардың тиімділігі өте жоғары»,- деді А.Тұрымбетова.
АПВ вакцинасын әлемнің 110-нан астам елінде, оның ішінде Өзбекстан және Қырғызстан Республикалары сияқты көршілес елдерде егуде.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халыққа онкологиялық көмек көрсетуді жақсартудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Жоспарда АПВ-ға қарсы вакцинация және қатерлі ісікке қарсы иммунопрофилактика енгізу қарастырылған. Жоспарлы екпе ата-аналардың ақпараттық келісімімен, тегін жүргізіледі.
Кодекстің 80-бабы 4 -тармағымен медицина қызметкерлерінің жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты тағайындауларын ҚР азаматтары орындауға міндетті.
Айта кетерлік маңызды жағдай, биыл Ұлттық егу күнтізбесіне адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау енгізіледі. Адам папиллома вирусы (АПВ) – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады.

АПВ алдын алу жолдары:
• Жыныстық қатынаста тек бір жыныстық серіктес болғаны дұрыс. Бұл әдіс жыныстық жолмен берілетін барлық инфекциялардан, оның ішінде АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді.
• Тосқауыл контрацепциясын қолдану – жеңіл, қолжетімді, бірақ әрқашан инфекциядан 100% қорғай бермейді. Науқас тіпті зақымдалған теріге тиген кезде де вирус жұқтыруы мүмкін.
• Мерзімді профилактикалық тексерулер. Қыздар гинекологиялық тексеруден тұрақты түрде өтуі керек. Осылай аурудың алғашқы белгілерін анықтап, оны емдеуді уақтылы бастауға болады.
• Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс! Вакцинация ерлерге де, әйелдерге де жасалуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының даму қаупін 90% - дан астамға төмендетеді.