Көктемді АСЫҒА КҮТКЕНДЕР үшін – ТАМАША БАҒЫТТАРДЫ таңдап қойдық

0
1 524

Әлемнің әр түкпіріндегі бұл елдердің әрқайсысының өзіндік мәдениеті, әдет-ғұрпы, тағамдары мен көрікті жерлері бар.


Көктемді АСЫҒА КҮТКЕНДЕР үшін – ТАМАША БАҒЫТТАРДЫ таңдап қойдық

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қақаған қыстың қытымыр аяздарынан кейін адамның жанына рахат сыйлайтын жылы теңізден артық не болуы мүмкін? Сондықтан сіз қыс біте сала саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, біз ұсынған 5 бағыт туралы ойланып көріңіз.


ЕГИПЕТ

Көктемде Египетте не істеуге болады?

- Жағажай демалысы. Сәуір айының соңына қарай Қызыл теңіз нағыз шомылу орнына айналады. Сондай-ақ, құмнан соққан ыстық жел сіздің тоңбауыңызды қамтамасыз етеді.

- Экскурсиялар. Жаздың басында Египет экскурсиялар үшін тым ыстық болады. Сондықтан егер сіз Луксор храмдарын, Гиза пирамидаларын және басқа да мысырлық көрікті жерлерді көргіңіз келсе, онда көктемде барған дұрыс.

- Су спорты. Египеттегі көктем айлары сүңгуге, серфингке, виндсерфингке және басқа да судағы іс-шараларға уақыт бөлуге қолайлы уақыт.


Көктемде Египеттегі ауа-райы

Египетте көктемде ауа-райы сәуір айының ортасына дейін өте өзгермелі — ашық күндер желді күндерге ауысып, хамсиндер шөлден құм бұлттарын әкелуі мүмкін. Ауа-райына тәуелді болмас үшін Египет курорттарына сәуірдің ортасынан ауа барған дұрыс.

Көктемде Египетте демалудың оң және теріс тұстары

Көп уақытты серуенде өткізуге мүмкіндік беретін ұзақ күндер, экзотикалық жемістердің көптігі, көктемнің соңындағы жайлы жағажай ауа-райы, қатты ыстықтың болмауы – көктем айларында Египетте демалудың басты артықшылығы.

Кемшіліктердің қатарына көктемнің басында жағажайға қалыпты күн сәулесінің түсуіне жол бермейтін қатты шөлді жел және қонақүйлердегі жөндеу жұмыстары жатады.



ТҮРКИЯ

Көктемде Түркияда не істеуге болады?

- Жағажай демалысы. Жағажай таңдау барысында қателеспеу үшін мамырдың соңғы апталарын және жазғы жылу ең ерте келетін Жерорта теңізі курорттарының бірін (Алания, Анталия, Кемер, Белек) таңдаңыз.

- Экскурсиялық туризм. Наурыз-сәуір айларында, яғни теңізде жүзу туралы әлі айтылмайтын кезде сіз Стамбул, Анталия немесе Каппадокияның сұлулығын зерттеуге барып, керемет білім демалысын ұйымдастыра аласыз.

- Сауықтыру демалысы. Көктемнің басында да, соңында да Памуккалаға барып, өзіңізге термалды бұлақтарда ұмытылмас спа-релаксация сыйлай аласыз.


Көктемде Түркиядағы ауа-райы

Көктемнің басында Түркиядағы жағажайдан алыс жерлердің, тіпті Жерорта теңізінің жағалауындағы температура +17 °C-тан анда-санда ғана асады. Ал, сәуір айында Түркияда нағыз көктем басталады. Термометр бағаны +20 °C белгісін сенімді түрде еңсереді, ал мамыр айының басында туристер шомыла бастайды.


Көктемде Түркияда демалудың оң және теріс жақтары

Егер толып жатқан теңіз курорттары сіздің таңдауыңыз болмаса, бірақ сіз Түркияда демалғыңыз келсе, көктемнің соңында осында келуге болады. Бұл уақытта демалушылар да әлдеқайда аз, бағалар төмен болады. Қонақ үй қызметкерлері шамадан тыс жұмыс істемейді және қонақтарға барынша көңіл бөледі.



ТАЙЛАНД

Көктемде Тайландта не істеуге болады?

- Жағажайда демалу. Тайланд ең алдымен – жағажай бағыты. Сондықтан көптеген турист мұндағы демалыстан ақ құмда жатып, теңізге шомылу мүмкіндігін күтеді. Ал, бұл арманды наурыз айында немесе сәуір айының басында осында келу арқылы оңай орындауға болады.

- Мерекелер. Сәуір айының ортасында Тайландтың Жаңа жылы – Сонгкран кең көлемде атап өтіледі. Бұл уақытта температура жылы болатындықтан адамдар бір-біріне су шашып көңіл көтереді.

- Теңіз экскурсиялары. Көктемге әдеттегідей емес, жоғары ылғалдылық пен ауа температурасына байланысты теңіз экскурсияларын жоспарлаған дұрыс. Егер мұндай жоспарды Тайландта орындайтын болсаңыз, бұған еш өкінбейсіз. Өйткені Таиландтың басты тартымдылығы – таңғажайып табиғаты.

- Сүңгу. Су асты сүңгуірлері мұнда наурыз-сәуір айларында келуі керек. Себебі, бұл кезде теңіз тыныш, көріну жақсы болады.

Көктемде Тайландтағы ауа-райы

Мамыр айында Тайланд қатты жаңбыр мен жоғары ылғалдылық әкелетін муссондардың «мейіріміне бөленеді». Сондықтан жағажай демалысы мен экскурсиялар үшін Наурызды таңдаған дұрыс. Бұл уақытта Пхукетте, Паттайяда және басқа да танымал курорттарда ауаның орташа температурасы +32 °C, ал сәуірде ол +35 °C-қа жетеді. Сол себепті сіз ыстыққа шыдамайтын болсаңыз, демалуға көктемнің басында барған жөн.


Көктемде Тайландта демалудың оң және теріс жақтары

Наурыз-сәуір айларында Тайландқа барушыларды көптеген жағымды тосынсыйлар күтеді. Біріншіден, саяхат мерзімі мамыр айына неғұрлым жақын болса, бағалар соғұрлым төмен болады. Сонымен қатар, бұл уақытта теңіз әлі де тыныш, барлық жағажай іс-шаралар мен аквапарктерге, ал дүкен сөрелері піскен жемістерге толы болады.

Көктемгі сапардың кемшіліктерінің бірі – жоғары ылғалдылық пен ауа температурасы (балалар мен созылмалы жүрек және қан тамырлары аурулары бар адамдар саяхаттан бас тартқан дұрыс). Мамыр айында бағалар одан да төмендейді, бірақ кемшіліктер де артады — теңіз толқып, жиі жел соғып, жаңбыр жауады.



КУБА

Көктемде Кубада не істеу керек?

- Жағажай демалысы. Наурыз-сәуір айларында Куба жағажайлары демалысқа өте қолайлы болады.

- Су спорты. Көктемнің басында теңіз әлі де тыныш және өте жылы, сондықтан сүңгуге өте қолайлы болады. Сәуір айында серфинг пен виндсерфингті көруге болады – бұл уақытта толқындар жақсы және әлі де қауіпсіз. Егер сіз балық аулауды ұнататын болсаңыз, Куба көктемі ұнайтыны сөзсіз. Өйткені бұл уақытта Куба айдындарынан мол балық ұстауға болады.

- Экскурсиялар мен ойын-сауық. Гавана, Тринидад және Сантьяго-Де-Кубадағы температура көктемнің басында ыстық болмайды. Сонымен қатар, сіз елдің ұлттық саябақтарына барып, латынамерикалық өнерпаздардың сүйемелдеуімен кештерде көңіл көтере аласыз.


Көктемде Кубадағы ауа-райы

Наурыз-сәуір айларында Кубада ылғалдылық төмен және ауа температурасы +29 °С шамасында болады. Ал, мамыр айында бұл жайлылық бұзылып, ұзаққа созылған жаңбыр мен жоғары ылғалдылықтағы муссондардың әсері саяхатқа кедергі жасайды.

Көктемде Кубада демалудың оң және теріс жақтары

Көктемнің бірінші жартысында Кубадан кез келген демалыс үшін керемет жағдайларды таба аласыз – жағажайдан – белсенді демалысқа және экскурсияға дейін. Кемшіліктерге тек бағаның жоғарылауы жатады. Бірақ мамыр айына қарай баға біртіндеп төмендейді. Сондықтан, жаңбырдан қорықпасаңыз, Кубаға көктемнің соңында барып, қаржы үнемдеуге болады.



ҚЫТАЙ

Көктемде Қытайда не істеу керек?

- Жағажай демалысы. Классикалық жағажай демалысы үшін тропикалық Хайнань аралы қолайлы, әсіресе наурыз-сәуір айларында, яғни жаңбырлы маусымға дейін барсаңыз.

- Экскурсиялар, ойын-сауық және сауда. Егер сіздің мақсатыңыз шынайы көңіл көтеру, Қытай тағамдарынан дәм тату, сауда жасау және аспан асты елінің ең көрікті жерлерін көру болса, көктемнің бірінші жартысында Бейжіңге, Шанхайға немесе Гонконгқа баруға болады.

- Фестивальдер. Сәуір айында Қытайда көптеген мерекелер мен фестивальдер өтеді — Шанхайдағы шабдалының гүлденуі, пион немесе батпырауық фестивальі.


Көктемде Қытайдағы ауа-райы

Қытайдағы көктем – бұл елдің барлық аймақтарындағы ағаштардың гүлденуі байқалатын тамаша уақыт. Бейжіңде наурыз айындағы температура әдетте +5-+ 7 °C болса, мамырда +20-+22 °C болады. Хайнань наурыз айында өте жылы – +25 °C, ал сәуірге қарай нағыз жаз келеді – +30 °C. Мамыр айында жаңбыр мен найзағай басталады, сондықтан көктемнің алғашқы екі айын таңдаған дұрыс.


Көктемде Қытайда демалудың оң және теріс жақтары

Қытай көктемінің басты артықшылығы – ұзақ күн, күннің жылылығы, жағымды ауа-райы және табиғаттың керемет өзгерісі. Осы уақытта баға да орташа болады. Кемшіліктердің бірі – температураның күрт өзгеруі, жаңбыр мен тұманның ықтималдығы және салқын кештер.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Әмірліктер астанасында ӘЙГІЛІ МҰРАЖАЙ БАР ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?


Әлемдегі ЕҢ ҮЛКЕН КЕМЕ алғашқы сапарға аттанды. Табиғат жанашырлары неге наразы?