Дубайдан бірде-бір БАҒДАРШАМ КӨРМЕДІК – Дәурен ТІЛЕУХАН

0
2 841

Сол секілді жаяу жүргіншілер жолағының аздығына қарап-ақ мұнда адамдар тек көлікпен жүруді әдетке айналдырғанын аңғардық.


Дубайдан бірде-бір БАҒДАРШАМ КӨРМЕДІК – Дәурен ТІЛЕУХАН

Бір жеті бұрын Түркістан мен Араб Әмірліктерінің арасын қосқан әуе рейсі іске қосылып, екі жүзге жуық қазақстандық Әбу-Даби қаласына аттанған еді. Сол жолаушылардың арасында Түркістан өңірінде қызмет етіп жүрген бірнеше әріптесіміз де болды. Осы орайда, Араб Әмірліктерін аралап келген қарымды қаламгер Дәурен Тілеуханды сөзге тартып, саяхаттан алған әсері, «байлар мекендейтін» елдің артықшылықтары жайлы сұрақтарымызға жауап алғанбыз.


– Ал, Дәурен, аман-есе сапарлап келгендерің үшін қуаныштымыз. Әбу-Дабиге қалай бардыңдар, жете сала не байқадыңдар?


– 16 қаңтар күні Түркістаннан Әбу-Дабиге алғашқы әуе рейсі ұшқан болатын. «Wizz Air» әуекомпаниясының «Airbus 321» ұшағы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасына 3,5 сағатта жеткізді. Алғашқылардың қатарында біз де болғанымызға қуандық. Мұнайлы мемлекетке сапарымызда байқаған біраз айырмашылықтар мен ерекшеліктерді тізбелеп тауысу қиын. Десе де көрген-білгенімізді шама жеткенше айтып берейін. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінің тұрғындары ұлттық валютасы дирхамды доллардан жоғары қояды. Соған сай кез келген бұрышта ақша айырбастайтын дүңгіршектер орналасқан. Келушілер үшін доллардан гөрі дирхамның үнемді әрі ыңғайлы екені кез келген адамға мәлім.


Дубай жайлы көп естігенбіз, ал Әбу-Даби қандай қала екен?

– Бірінші Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабидің инфрақұрылымын сөз етсек. Эмираттардың 95 пайызын құрайтын бұл қаланы дамыту жолындағы жоспарлардың жүйелі іске асып жатқанын байқау қиын емес. Мұндағы негізгі көлік түрі – такси. Қалада автобустар да, шағын автобустар да жоқ. Такси бағасын Түркістандағы бағамен салыстыру мүлдем қиын. Мұндағы туристердің көптігі мен қолайлы жағдайға, сонымен қатар орташа табыстың молдығына байланысты көрсетілетін қызметтер бағасы айтарлықтай қымбат. Көлік қызметіне арналған бірнеше бағдарлама іске қосылған.

Әбу-Даби – ультра заманауи қалалық пейзаж бен Шығыстың ежелгі дәстүрлерінің бірегей үйлесімін қатар игерген қала десек қателеспейміз. Қалада келушілер жергілікті мәдениет пен әдет-ғұрыпты жақсырақ түсіну үшін зерттей алатын көптеген тарихи және заманауи орындар бар. Тіпті әлемдік өркениеттің бір ошағына айналу бағытында да ірі мәдени ошақтар бой көтерген. Париж десе өнертанушылар үшін әйгілі Лувр мұражайы еске түссе, 2017 жылы дәл осы Лувр мұражайы Әбу-Дабиде де ашылған. Әбу-Даби Луврының коллекциясында әртүрлі дәуірлер мен өркениеттердің экспонаттары, соның ішінде Леонардо да Винчи, Пикассо, Гоген, Мане, Магрит, Беллини картиналары қойылған. Әбу-Даби – әмірліктердегі ең үлкен және ең тығыз қоныстанған. Бұл шаһарды «шығанақтың бау-бақша қаласы» деп атайды екен. Оған себеп әр ағаш пен бұтаның суарылуына негізделген жасанды бақтар мен саябақтар өте көп.


– БАӘ астанасында көп тұрақтамай, Дубайға аттанғандарыңды әлеуметтік желі арқылы біліп отырдық. Көпшілікке арман болған шаһар несімен ерекшеленеді екен?


– Иә, Әбу-Дабиде аз ғана аялдап, төрткүл дүниені таң қалдырған Дубай шаһарына келдік. Бір қызығы, Әбу-Даби мен Дубай арасын құрайтын 150 шақырымдық жолдар тақтайдай десек артық емес. Мұндағы 5 жолақты жолдардың сапасы мен такси қызметінің жоғары деңгейіне қарап, үлкен мәдениет пен экономиканы байқайсың. Сонымен 150 шақырымға 300 дирхам көрсетті. Яғни Түркістан-Шымкент қалаларының арақашықтығындай жолды біз шамамен 35 мың теңгеге жүріп өттік. Яғни әр адам Әбу-Дабиден Дубайға 8-9 мың теңгеге жетіп алса болады.

Құм орынына салынған қаладағы қазіргі туризм саласы өте жоғары дәрежеде екені әлемге хақ. Туризм саласы белгілі бір мемлекеттің табыс көзі ғана емес, сонымен қатар әлемнің әр жерінен келген туристерге өз елінің минталитетін дәлелдейтін сала десек қателескеніміз емес. Ал туристік бағытта қызмет атқару үшін міндетті түрде ағылшын тілін меңгеруі қажет. Бұл сөзімнің себебі БАӘ-де жүрген кез келген адам екеуара мәміле құру үшін ағылшын тілін жетік меңгерген. Сондай-ақ, бұл шаһарда расымен туризмнің дамығанын қала тұрғындарының мінезінен де байқауға болады. Көшеде көрінген кез келген адамнан жол сұрасаң, жөнін айтып, аңқылдап тұратынына да көзіміз жетті.


– Туризмі дамығанын түсіндік. Енді сол туристерге қызмет көрсету жағы қалай екен?


– Ендігі басты мәселе – кімде-кім шетелге саяхатқа шығатын болса, қонақ үй мәселесіне зейін қояры анық. Ал осы басты тақырыпқа бар күшін салған эмираттардың бірлігінен үлгі алуға болады. Себебі, туристер көп келетін Дубай шаһары миллиондаған саяхатшыны бір мезгілде еш қымсынбай қабылдай алады. Ол туралы аз-кем ақпарат айтайық. Дубай қаласында 2022 жылғы санақ бойынша 610 қонақ үй болған. Ал бүгінде бұл сан 2 есеге көбейген. Демек бір жылдың көлемінде Дубай қаласында тағы 600 қонақ үй бой көтерген көрінеді. Бұл туралы 14-інші желтоқсанда өткен «сити брифинг» дөңгелек үстел отырысында айтылған. Аталмыш жиынға 1000-ға жуық адам қатысқан. Мұның бәрі қонақүй басшылары және жергілікті билік өкілдері екен. Дәл осы қонақүй ісінде Түркістандағы Керуен сарай кешенінде тәжірибе жинап, 2 жылға жуық уақыт БАӘ-де қызмет етіп жүрген Айбек есімді досымыздың айтуынша, бұл іс-шарада Дубай шаһарының өткен жылдар мен қазіргі уақыттағы туризм саласындағы өзгеріс деректері талданған. Ол өз сөзінде: «Біздің Түркістан қаласына да осындай форумдар мен дөңгелек үстелдер керек. Себебі облыс әкімі мен барлық қонақүй басшылары орташа есеппен қанша туристті қабылдағанын және қанша кіріс түскенін байқап отырса, соған сай қызмет көрсету сапасын да жақсартуға болады. Мұнда келгенде мен жұмыс жасаған «Rixos Marina Abu Dhabi» қонақүйі елдегі ең үздік қонақүйлер қатарына жатады. Ал дәл қазір Дубай қаласындағы әлемнің 44 үздік қонақүйінің қатарына кіретін «Atlantis The Royal» отелінде қызметтемін. Үйренетін біршама дүние бар. Соны Қазақстанға, Түркістанға барып жүзеге асыруды ойға алып келемін», – деп, біршама мәлімет айтып берді.


– Өзің қоныстанған қонақүй жайлы да айта кетсең.

– Біз аялдаған «Атана» қонақүйінде екі адамға 3 күнге 1300 дирхам кетеді. Жобамен бір адамға үш күнге 70-75 мың теңге. Әрине бұл жақта кез келген қызмет түрі Түркістанмен салыстырғанда қымбат. Әсіресе азық-түлік маркеттеріндегі бағалар біздікінен айтарлықтай алшақ. Мысалы, дүкеннен екі сэндвич пен екі кола алсаңыз, шамамен 40 дирхам төлейсіз. Ол дегеніңіз 4-5 мың теңгенің жобасы. Сондай-ақ, қала ішіндегі такси бағасы да жоғары. Әлемдегі ең биік ғимарат саналатын, биіктігі 828 метрлік Бурдж-Халифаның немесе Дубай Моллдың маңы мен біз қоныстанған «Атана» қонақүйінің арасы 14 шақырымды құрайды. Бұл аралыққа таксисттер 40-60 дирхам аралығында алады екен. Яғни, теңгемен есептегенде 4500-7000 теңге аралығы.


– Дубайда жүріп, байланысқа қалай шығып отырдыңдар?

– Байланыс – кез келген турист үшін өте маңызды. Тиісінше, Дубай мен Әбу-Дабиде біз көрген бір керемет – WiFi жүйесі. Тіпті таксиге дейін WiFi орнатылған қаланың туризмге қаншалықты ден қойғанын бағамдай беріңіз. Егер жақындарыңызға хабарласамын десеңіз, арнайы роумингке қосылған Sim-карталарды алсаңыз болады.


– Тағы қандай ерекшелік байқадыңыз?

Айтсам сенбейсіз, бірақ Әбу-Даби мен Дубай қалаларының кең көшелерінен бағдаршамды кезіктіру қиын. Біз онда барғалы бірде-бір бағдаршам байқамадық. Сол секілді жаяу жүргіншілер жолағының аздығына қарап-ақ мұнда адамдар тек көлікпен жүруді әдетке айналдырғанын аңғардық. Көшелердегі көліктер діттеген жерге лезде жеткізуіне тағы бір себеп – сапалы жол мен бағдаршамсыз көшелер деп түйдік.


Жалпы, Дубайдағы өзекті мәселелер өз шешімін тапқан десек артық емес. Дегенмен, ауа райы қаңтардың 17-сі күні +28 градус ыстықты көрсететін болса, жазға қалай төтеп беретіні ойландырады. Бірақ Араб Әмірлігіндегі жасанды жағажайлар мен Парсы шығанағының арқасында Дубай мен Әбу-Дабиде жанға жайлы ылғалды ауа климаты қалыптасқан. Ол аз десеңіз әрбір көлік пен ғимаратта, тіпті көше бұрыштарында салқындатқыштар орнатылған.


Сәулетті де сәнді қалаларымен әлем назарын аударған Біріккен Араб Әмірлігіне саяхатымыз жайлы ақпараттардың бір парасы осы. Алда тарқатып айтар дүниелер өте көп.


– Сәтті сапар, жазар дүние көп болсын!


Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Тіпті АНТАРКТИДАҒА ХАТ ЖЕТКІЗЕ алады! Әлемдегі ЕҢ ЕРЕКШЕ пошта бөлімшелерімен таныс болыңыз


2024 ЖЫЛҒЫ САЯХАТ: Жоспарлар, трендтер және үздік бағыттар