Әлемдегі ЕҢ ҮЛКЕН КЕМЕ алғашқы сапарға аттанды. Табиғат жанашырлары неге наразы?

0
1 559

40-тан астам мейрамханалары, кафелері мен барлары бар лайнер 20 палубада ұйықтайтын, тамақтанатын және көңіл көтеретін 7600 жолаушыны қабылдай алады.


Әлемдегі ЕҢ ҮЛКЕН КЕМЕ алғашқы сапарға аттанды. Табиғат жанашырлары неге наразы?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Әлемдегі ең үлкен круиздік кеме Icon of the Seas («теңіз белгішесі») Флоридадағы Майами портынан Кариб теңізі аралдары арқылы алғашқы жеті күндік саяхатқа шықты.


Кеменің ұзындығы әлемдік рекордты жаңартып отыр – 365 метр. Салыстырар болсақ, аты аңызға айналған Титаник бұл кемеден 100 метр (269 метр) қысқа болған. Ал АҚШ Әскери теңіз күштерінің ең ірі тасымалдаушысы Gerald R. Ford кемесінің ұзындығы 333 метрді құрайды.


Кемені суға түсіру рәсіміне футболдан әлем чемпионатында жеңіске жеткен Аргентина футбол командасының капитаны әйгілі Лионель Месси қатысқан. Қазір ол «Интер Майами» клубында доп тебеді.

40-тан астам мейрамханалары, кафелері мен барлары бар лайнер 20 палубада ұйықтайтын, тамақтанатын және көңіл көтеретін 7600 жолаушыны қабылдай алады екен. Сондай-ақ, тропикалық өсімдіктері бар шағын саябақ, театр, караоке, теннис және волейбол алаңдары, балаларға арналған аттракциондар мен аквапарк бар.

Кеме Багам аралдарында тіркелген және Финляндияда 2 миллиард АҚШ долларына салынған.


Қалқымалы ойын-сауық паркінің қозғалысын да қамтамасыз ететін қозғалтқыштары сұйытылған табиғи газбен жұмыс істейді.


Өз кезегінде экологтар отынның бұл түрін сынға алып, оны пайдалану метанның атмосфераға шығарылуына әкеледі деп мәлімдейді.


Сұйытылған табиғи газ дәстүрлі кеме отыны – мазутқа қарағанда таза болып саналады екен. Алайда, қазіргі сұйытылған табиғи газдың 85-95 пайызы метаннан тұрады. Сондықтан сұйытылған табиғи газды қолданған кезде метанның атмосфераға шығу ықтималдығы артады. Ал метан көмірқышқыл газына қарағанда қауіпті парниктік газ болып саналады.

Сондай-ақ, метан көмірқышқыл газына қарағанда жылуды 80 есе көп сақтайды. Сондықтан климаттың өзгеруіне қарсы күресте осындай шығарындыларды түбегейлі азайту өте маңызды міндет болып саналып отыр.

Бұл тұрғыда Халықаралық таза көлік кеңесінің (ICCT) теңіз бағдарламасының директоры Брайан Комер пікір білдіріп: «Бұл дұрыс қадам емес. Біздің бағалауымыз бойынша, сұйытылған табиғи газды кеме отыны ретінде пайдалану атмосфераға парниктік газдардың 120 пайызға көп түсуіне әкеледі», - деген. Осы орайды ICCT-тің өзі де сұйытылған табиғи газбен жұмыс істейтін кемелерден шығатын метан шығарындылары қолданыстағы ережелерге сәйкес есептелгеннен жоғары екендігі туралы есеп жариялады. Алайда, кеме иелері – Royal Caribbean «Icon of the Seas заманауи теңіз көлігі ережелеріне қарағанда 24% энергияны үнемдейді» - деп мәлімдейді. Компания сонымен қатар 2035 жылға қарай шығарынды болмайтын кемені қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.


Халықаралық круиздік желілер қауымдастығының мәліметтері бойынша, круиздік индустрия – туризмнің ең жылдам дамып келе жатқан секторларының бірі болып саналады және негізінен жастарды көптеп тартады. 2021 жылы туристік бизнестің осы секторының әлемдік экономикаға қосқан үлесі 75 млрд. АҚШ долларын құраған.


Тағы бір айта кетерлік жағдай – қазір круиздік кемелердің 6 пайызы сұйытылған табиғи газбен жұмыс істейді екен. Ал, 2024-2028 жылдар аралығында туристік фирмалар 54 круиздік кеменің 63 пайызын осы жүйеге көшіруді жоспарлап отыр.

Маңызды сандар:

  • Бұл – салмағы 250 800 тонна және ұзындығы 365 метрге жуық әлемдегі ең үлкен круиздік кеме.
  • Кемені салу және жабдықтарын сатып алу үшін Royal Caribbean International компаниясы шамамен 2 миллиард АҚШ долларын жұмсаған.
  • Royal Caribbean веб-сайтының хабарлауынша, билеттердің бағасы бір адамға – 1723 доллардан 2639 долларға дейін.
  • Бірінші рейстің аялдамалары: Сент-Китс пен Невис және американдық Виргин аралдарының астанасы – Шарлотта-Амалия.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Дубайдан бірде-бір БАҒДАРШАМ КӨРМЕДІК – Дәурен ТІЛЕУХАН


Әмірліктер астанасында ӘЙГІЛІ МҰРАЖАЙ БАР ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?