Кірпінің тапқырлығы – ертегі

0
1 004

Себебі, тұла бойыңда емес, ақыл-ойыңда не бар екені, бетіңде емес, ниетіңде не болғаны бәріненде маңызды!


Кірпінің тапқырлығы – ертегі

Ерте, ерете, ертеде орманда кішкентай кірпі өмір сүріпті. Үстінде қылқанды сауыты бар демесең, оның ешкімге зияны тимеген екен. Бір күні кірпі тиіндермен қуаласпақ ойнауға шығыпты. Алайда, кірпіні қуып жүрген тиіндер оған жолай алмай, ұстап алған кезде қолдарын тигізе алмай әбден қиналыпты.


- Әй, кірпіжан. Сені қуып жеткен сайын, тікерейген инелеріңе қолымызды тигізе алмай қалып жатырмыз. Ал, сен болсаң оп-оңай сытылып кетіп жатырсың. Бұлай болмайды,- деп шағымданды бір тиін.


- Бізбен ойнағың келсе тікен сауытыңды шешіп кел, - дедітағы бір сотқар тиін сес көрсетіп.Осылайша, кірпі байғұс ойыннан шеттетіліп қала берді.


Келесі күні кірпі көжектердің ойынына қосылды. Көжектер доп ойнағанды жақсы көреді екен. Кірпі де ойынға қызығып, қатарға қосыла кетеді. Бір көжек допты кірпіге оқыс лақтырып қалғанда кірпі қорыққаннан жиырыла қалыпты. Кірпінің сансыз инесіне қадалған доп сол сәтте жарылып қалыпты. Көжектерде ойынның шырқын бұзды деп кірпіні қуып жібереді.


Осылайша, кішкентай орман тұрғыны өзіне дос таба алмай, қатты қапаланып үйіне қайтады. Ол өзінің жалғыздығына қылқанды сауыты кінәлі деп ойлады.


Бір күні ағаш діңінен шықпай жылап отырған кірпінің даусы бұтақта отырған жапалаққа жетеді.


Жапалақ айтты:


- Күндіз-түні қуыстан шықпай жылап отырған бұл қайсың?


- Бұл - мен, кірпімін.


- Неге достарыңмен ойнаудың орнына, бүктеліп жылайсың да жатасың?


- Менің достарым жоқ, - деп тіл қатты кірпі.


Содан соң барлық болған жайды жапалаққа айтып берді.


- Меніңше, мәселенің сенің инелеріңде емес. Оны қалай қолданып жүргеніңде. Менің инелерім бар деп домаланып жатсаң, әрине, саған ешкім жоламайды. Сен тікендеріңнің қауіпті емес, пайдалы екенін өзің түсінген кезде ғана басқалар сені қатарға қосады.


Кірпі жапалақтың айтқан ақылын онша түсінген жоқ. Бірақ, ағаш қуысында жылай бергеннен пайда жоғын түсініп, орманды аралап қайтпақшы болды. Келе жатып ол ақ тиіндерге жолығады. Ақ тиіндер жерде жатқан жапырақтардың арасына сүңгіп абыр-сабыр болып жатыр екен.


- “Бұл қандай ойын? Сендер не істеп жатсыңдар?”, - депсұрады кірпі.


- Бұл ойын емес. Біз ағаштан әбден пісіп жерге түскен жаңғақтарды үйге тасып жатырмыз. Бірақ көріп тұрғаныңдай жердің беті толған қураған жапырақ. Арасынан жаңғақты тауып алу оңай емес, - деп жауап берді ақ тиін. Кірпі ақ тиіндерге жаны ашып қалай да көмектескісі келді. Біртіндеп жапырақтар арасына сүңгіп жаңғақ та іздей бастады. Бірақ үстіне жапырақ жабысып әбден титықтап кетті. “Бұл жолы да ешкімге пайдам тимейтін болды” деп салы суға кеткен кірпіге ақ тиіндер келіп өтініш айтты.


- “Айналайын, кірпіжан. Сен осы төңіректі бір жүгіріп өтсең жапырақтардан тазалап тастайтын түрің бар. Ал, жапырақтардан құтылсақ жаңғақтарды теріп алу оңай болады. Бізге көмектес!” - деп қолқа салады тиіндер.Кірпі расында да домаланып алып, бірнеше рет айналып шыққанда жерде жатқан жапырақтың бәрі оның инесіне қадалып, айнала тап-таза болып шыға келіпті. Сөйтіп, ақ тиіндер өткендегі сөздері үшін кірпіден кешірім сұрап, жиі ойынға келіп тұруын өтінеді.


Кірпі өмірінде алғаш рет біреуге пайдасы тигеніне қуанып үйіне қайтып келе жатты.


Сөйтсе алдынан құлақтары қалқайып, жүндері үрпейіп көжектер шығыпты. Аңдап қараса, көжек біткен індерінен түйіншектерін көтеріп, әлдеқайда үдере көшіп жатыр екен. Кірпі бір көжекті тоқтатып мән жайды сұрайды. Сөйтсе, қояндардың қонысына азулы қасқыр келе жатқан көрінеді. Қандыауыз қарақшы қасқыр бұрын да қояндарға тыныштық бермеген екен. Енді міне, жаңа жайлы мекендерін де біліп алып осында жорыққа шығыпты.


Кірпі көжектерді дереу тоқтатып былай деді:


- Сендер сонда, өз жерлеріңді тастап кете бересіңдер ме? Өмірлеріңнің бәрі қасқырдан қашып өте ме?


- Шибөріге жем болғанша, көшіп-қонып жүре бергеніміз жақсы емес пе? Біздің қасқырға қарсы тұрар қаруымыз да, қауқармыз да жоқ, - деді көжектердің біреуі.


- Қасқырдың өзі бұл дүниеде қорқатын нәрсесі бар ма? - деп сұрады кірпі.


- Қасқыр ешбір аңнан да, құстан да қорықпайды. Тек аңшының мылтығы ғана оның зәресін ұшыратын болуы керек. Орманға адам келгенін ол жақсы көрген емес.


Мұны естіген кірпі көжектерге көмектесу үшін бір айла ойлап тапты.


- Біз орманымызды қатігез хайуанатқа ойрандатып қоймайық. Бүгінше көшпей осы қоныстарыңда қалыңдар. Ертең қасқыр келгенде бұл араға екінші рет аттап баспайтындай етеміз!


Осыны айтты да, кірпі көжектермен қасқырға қарсы жоспар құрды. Күткендеріндей келесі күні азулы қасқыр дакеліп жетті. Қасқыр келгенде қояндар асып-сасқан жоқ. Тіпті, бұрынғыдай індерінің аузын бітеп, жан-жаққа тым-тырақай қашпады да.


Бұған таң қалған қасқыр:


- Сендер неменеге жетісіп отырсыңдар. Қазір бәріңді аш қарыныма тоғытып жіберейін. Тегіс батыр бола қалыпсыңдар ғой.


- Дұрыс айтасың, Қасеке! Біз енді сенен қорықпаймыз. Өйткені біздің қаруымыз бар. Дәл қазір мекенімізден кетпесең, аңшының қосауыз мылтығымен атып жіберуден тайынбаймыз.


Кішкентай қоянның бұл сөзіне Қасқыр қарқылдап тұрып күліп алды.


- Бұйдаланған бір уыс жүн секілді мақұлықтар-ай. Сендерде адамның ауыр мылтығы қайдан болсын. Көптен бері бұлай ешкім күлдірмеп еді. Ух-ух-ух. Ішім-ай…


- Сенбесең інімізге еңкейіп қарай ғой.


Қасқыр желік қуып тұмсығын інге тоса бергені сол еді “Тарс” еткен мылтықтың даусы естілді де,іннен шыққан ауыр оқ тұмсығына тиіп үлгерді. Қасқырдың мұрнының ұшы қан-жоса болып, өзі де аң-таң күйде қалды.


- Ал, айтқанымызға сенбеп едің, енді көзің жеткен шығар. Енді қорғасын оқпен атсын демесең, кеткенің жөн.


Қоян осылай деп айтып аузын жиғанша тағы бір мылтық дауысы естілді. Қасқыр бұралқы иттей қыңсылап алды-артына қарамай қаша жөнеліпті. Көжектердің бәрі қуанып індерінен шығып, кірпіні шақырып алғыстарын айтып жатты. Осының бәрін ағаш басынан бақылап тұрған жапалақ “Мылтықты қайдан алдыңдар, оқты қалай аттыңдар?” - деп көжектерді сұрақтың астына алды.


- Бәрі кірпінің ақылының арқасы. Оның инелері болмаса біз қасқырды алдай алмас едік. Өткен жолыкірпі добымызды жарып тастады деп біз оны ойыннан шығарып тастаған едік. Доп жарылған кезде қатты дауыс шығады екен. Бүгін естілген қатты дауыс мылтықтікі емес, кірпі жарған доптың даусы еді. Ал, кірпі домаланып барып қасқырдың тұмсығына атылған кезде, мың инелі сауыттың соққысы оқтан да қатты болып тисе керек. Сөйтіп, қасқыр бізде мылтық бар дегенге сеніп қалды.


Содан бастап аш қасқыр бұл маңайға аттап баспапты. Кірпінің тапқырлығына тәнті болған кішкентай жануарлар болса,онымен дос болуға асық болыпты. Ал, кішкентай кірпі енді ешқашан инелерін жек көріп, жалғыздықта жыламайтын болды. Себебі, тұла бойыңда емес, ақыл-ойыңда не бар екені, бетіңде емес, ниетіңде не болғаны бәріненде маңызды!

Айым Алтайқызы.

Бөлісу