Қайыңдар неге жылайды? Айым Алтайқызы.

0
819

Анасының шексіз махаббатын сағынған сайын бала қайың да білдірмей жылап алатын.


Қайыңдар неге жылайды? Айым Алтайқызы.

Ерте, ерте, ертеде бір орманның ішінде жалғыз қайың өмір сүріпті. Ол жалғыздығына налып, жанына тағы бір кішкентай қайың өсіп шықса екен деп күні-түні тілейтін болыпты. Арада бір қыс өтіп, көктем келісімен үлкен қайыңның жанынан кішкентай тал өсіп шығады. Үлкен қайың жанының жалғыздығын ұмытып, сол күннен бастап өзін ең бақытты ағаш сезінеді.


Алғашында кішкентай тал тым тұйық болды. Басқа ағаштар тұрмақ, үлкен қайыңнан да қысылатын.


- Балақайым, жапырағы жайқалған жасыл бағым менің. Сен менің тамырыма жалғасқан ақ қайыңсың. Сен менің тұқымымды жалғастыратын боласың. Осы орманда дәл біз сияқты мыңдаған ақ қайыңдар мекен ететін болады.


Осылайша үлкен қайың кішкентай қайыңды еркелетіп, одан көп үміт күтетін.


Оған желмен тербеліп билеуді де үйретті. Жапырақтарымен қалай сыңсып ән салуға болатынын айтты. Күзде қалай сарғайып кетпей сақталудың сырын да түсіндірді. Кішкентай қайыңға зиянкес жәндіктер өрмелей бастаса үлкен қайың оны бұтағымен қағып, түсіріп тастайтын. Аспандағы жауын бұлтын шақырып алып кішкентай қайыңын суарып тұратын. Жел қатты соқса өзі ық болып, салқын да тигізбейтін. Тіпті, кішкентайын аяғаны сондай, оның құстармен дос болуына да бөгет жасады.


- Балам, бұтағыңа қарға құсын қондырма. Ол бір өзі жүрмейді, қасына тобырын тасып жүреді. Көп қарға отырса бұтағыңды сындырып кетеді. Сауысқанды да жаныңа жуытпа, олар шулап берекетіңді алады. Көкекті де дос санама. Олар сондай өзімшіл болады.


Үлкен қайыңның махаббаты бара-бара шектен шығып айықпас дерткеайналды. Бойындағы бары мен нәрін тал шыбыққа берген ол күн өткен сайын арып-ашып, қурай түсті. Ал, кішкентай қайың болса күннен күнгежайқалып өсе берді. Мейірімге шомылып, діңі де қатайып, жапырақтары да қалыңдайтүсті. Ақ қайың желге ырғалып билеген кезде бүкіл орман қызыға қарап, қошемет көрсететін еді.


Сондай сәтте үлкен қайың:


- “Бұл менің, қайыңым. Көрдіңдер ме, бұл қайыңды мен өсірдім, биді де мен үйреттім”, - деп жан-жағына масаттана қарайтын.


Үлкен қайың ұшқан құсқа да, жүгірген аңға да жанындағы қайыңның сұлулығын айтып мақтана беретінді шығарды. Күндердің бір күнінде орманға бір отбасы серуендеп келді.


Бір кішкентай сұлу қыз ата-анасымен табиғат аясына тамақтануға шыққан екен. Ата-анасы әлгі қызды жандарынан алысқа жібермепті. Балаларының асты-үстіне түсіп бар жағдайын жасап жүгіріп жүріпті.


Бір кезде кішкентай қыз бала қайыңның жанына барды. Қайың да оны жақсы көріп, бұтағымен шашын сипап, ойнап кетті. Сәлден соң бұл ойынға самал жел де араласты. Ол қайыңның жапырақтарын қозғап, кішкентай қайың ырғалып билей жөнелді. Осыны көрген қыз таң-тамаша күйде болды.Басқа тіршілік иесімен дос болғанына қуанған кішкентай қайың да шексіз бақытты еді. Ал үлкен қайың өз перзентін қызғанып, қатты күйзелді. Бірақ кішкентай қызды итеріп жіберуге батылы барған жоқ.


Тамақтанып болғаннан кейін бұл отбасы үйіне қайтуға жиналды. Кішкентай қыз қайыңмен қимай-қимай қоштасты.


Кішкентай қайың сонда үлкен қайыңанан сұрапты:


- Анашым, бұл қандай жануарлар? Өздері сондай сүйкімді екен.


- Жоқ, балам бұл жануарлар емес. Бұларды адамдар деп атайды. Олар нағыз жауыздың өздері. Тілімді алсаң олармен енді қайтып дос болма.


Бірақ, кішкентай қайың тұңғыш рет анасының сөзіне сенгісі келген жоқ.Сол сәттен бастап ол үлкен қайыңды тыңдаудан қалды. Бар ойы адамдар мекенін өз көзімен көру болатын. Арада қанша уақыт өткенін кім білсін, өткен жолы келген жанұя осы орманға тағы келіпті.


Ойнап болған соң кішкентай қыз ата-анасына былай деді:


- Әкешім, анашым. Біз мына кішкентай қайыңды өз ауламызға апарып отырғызайықшы.


- Қызым-ау. Ол орманын, отбасын сағынады ғой. Біз оны әкете алмаймыз, күнім, - деді анасы.


Бірақ өмірде тек өз айтқанын істетіп үйренген қыз қиғылық салып, жылап, әке-шешесін көндіріп бақты.


Осыны естіген үлкен қайың баласына қарап:


- Жарығым, жайқалған жапырағым. Сен мені тастап ешқайда кетпейсің ғой. Мен қартайдым. Сені, баптап, аялап қалай өсірсем сен де мені қартайған шағымда солай бағуың керек. Егер мені шын жақсы көрсең, мына кішкентай қызды қайтарып жібер.


Бірақ кішкентай қайың анасының ойындағыдай жауап берген жоқ.


- Иә, анашым. Сіз мені ерекше мейіріммен өсірдіңіз. Бірақ, маған таңдау жасауға мүмкіндік бермедіңіз. Тек сыртымның әдемі болуына күш салдыңыз, ал ішімде не болып жатқанын ойлаған жоқсыз. Сол үшін мен бақытсыз болып өстім. Қалған өмірімді бұлай көңілсіз өткізгім келмейді. Мен осы отбасымен кетемін.


Осылайша, адамдар кішкентай қайыңның тамырын анасынан ажыратып алып, өз аулаларына отырғызуға алып кетеді.Қарт қайың жылдар бойы тамырымен жалғасып тұрған кішкентай қайыңынан ажырап сол орманда қураған күйінде қала беріпті. Содан бері қайың перзентін сағынған анадай құсадан жылайтын болыпты.Ал, кішкентай қайың мен кішкентай қыздың қызықты өмірі басталды. Қайыңның бұтағына әткеншек іліп, екеуі күні бойы бірге уақыт өткізетін еді. Бірақ, анасының шексіз махаббатын сағынған сайын бала қайың да білдірмей жылап алатын.


Махаева Айым Алтайқызы. 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты.