​«Жүктілігіме қарамай тепкілеп тастады»: шымкенттік келіншек күйеуін кешіре алмай жүр

0
2 801

«Қайнымның сөмкемнен ақша ұрлағанынан басталды»


​«Жүктілігіме қарамай тепкілеп тастады»: шымкенттік келіншек күйеуін кешіре алмай жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бір рет опасыздық жасаған еркек, кешіре салсаң, екінші рет тағы жасайды», «бір рет қол көтерген еркек екінші рет тағы ұрады» деген сөз рас па? Мен осыған сеніп күйеуіме кешірім бермей жүрмін. Бірақ айналамдағы адамдар, туыс-бауырларым «ондай-ондай боп тұрады, кешіре білу керек» деп отыр», - дейді Іңкәр есімді келіншек.


Шымкентте туып, Қарағандыға келін болған оқырманымыз күйеуінің соққысынан әрең аман қалған екен. Болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Қарағандыдағы медициналық академияға оқуға түсіп, сол жақтың жігітін ұнатып қалдым. Бір-бірімізді сүйдік, өліп-өшіп тұратын сезім болды. Оның дүниесі, ағайын-туысы, ақшасы, ештеңесі қызық емес еді, көзіме одан басқа ешкім көрінбейтін. Сондай ұлы махаббатпен мен дипломымды алған жылы шаңырақ көтердік. «Бізден алысқа кеттің, баланың ата-анасы да жоқ екен, әлде де ойланып көр» деп ата-анам Шымкентке қайтуымды қатты қалаған. Бірақ мен ешкімнің сөзін елемедім. Жүрегімді тыңдадым.


Серік – екі ағайынды, өзінен кіші інісі ғана бар, ата-аналары қайтыс боп кеткен. Сондықтан үлкен той жасамадық. Ағайын-туысы менің ата-анамның алдынан өтті, кішігірім беташар рәсімі жасалды.


Үйленгенімізге төрт ай болғанда аяғым ауырлады. «Осы күнді ата-анам көрмей кетті» деп Серік бір жылап, бір қуанып жүргенде іштегі бала өлі туылды. Қатты күйзелдім, жыладым, өмір сонымен тоқтап қалғандай болды, ештеңе қызық емес, жата берем. Бәлкім содан болар, күйеуім өзгере бастады. Жұмыстан кейін кешігіп келеді, бұрынғыдай әңгіме айту жоқ, телефонды құшақтаған күйі диванда жатады.


Бір күні шыдай алмай ұрыс бастадым. «Менің жүрісім мынау, қайғыдан қан жұтып, ал сен мына үйде тек квартирант сияқтысың» деп ренжідім. «Қашан келсем қабағың ашылмайды, баладан айырылғалы маған көңіл бөлуді қойдың, сенен әбден шаршадым» деген сөзлерін естігенде жүректегі сезімім су сепкендей басылып қалды. Үндемедім, түсінігі соған жетіп тұрса не істейсің. Ертеңіне ол жұмысқа кеткенде киім-кешегімді жинап, Қарағандыда тұратын ең жақын құрбымның пәтеріне кетіп қалдым.


Екі күн сабылып іздеп, жан-жаққа қоңыраулатып жүріп күйеуім мені тауып алды. Артымнан іздеп келіп, кешірім сұрап, енді қайталанбайтынын айтып, мені үйге ертіп кетті. Сол жағдайдан кейін тәтті өмір қайта басталғандай көрінді. Тағы көтердім. Мәз-мейрам болдық. Бірақ тұп-тура жеті айға жеткенде тағы да қатты ұрысып қалдық. Бұл жолы інісі менің сөмкеме ұрлыққа түсіп, балаға берілетін «декретный» ақшаның біразын алыпты. «Әке-шешенің тәрбиесін көрмеген соң осындай болған, бетімен кеткен» деп ащы тілім тиіп кетіп еді, күйеуім бетіме шапалақпен тартып жіберді. Оған да қоймай, аузыма келгенді айттым, қайтем енді, бір үйде тұрып ұрлыққа түскені жаныма қатты батты.


Бір қарасам кіре берістегі цементтің үстінде жатырмын. Таң атып қалған екен. Ешкім жоқ, басымнан қан ағып, ол ұйып қалыпты. Тұра алмай біраз тағы жаттым. Бар ойым іштегі балада, ақырын бақыласам бала қимылдап жатыр екен. Еңбектеген күйі телефонға жетіп, жедел жәрдем шақырдым.


Мені көрген дәрігерлер шошып кетті. Айнаға қарауға шамам келмеген ғой, сөйтсем күйеуім менің басымнан әбден тепкілеп тастапты. Бір жақ бетім істемей қалған. Көзім жұмылмайды. «Микроинсульт, неврит, миы шайқалған, угроза» деп мені жан сақтау бөліміне алып кетті. Қарағандылық дәрігерлер «балаңызды уақытынан бұрын туғызып алмасақ болмайды, сізді емдеуіміз керек» деді. Іште бала бар кезде КТ, МРТ жасауға болмайды. Ал мен олардың айтқанына көнбедім. Тағы бір бөпемнен айырылып қалсам есімнен адасатынымды жақсы түсіндім. Сөйтіп қолхатпен үйге шықтым.


Күйеуім дым болмағандай «кешір, өзімді ұстай алмадым» деп алдымнан шықты. Мән бермедім. Үйге кіре сала құжаттарым мен заттарымды жинап шығып кеттім. Содан дәрігер боп істейтін құрбымның үйіне барып, екеуміз интернеттен ең мықты деген клиникаларды іздестірдік. Бақытыма орай Астанадан мықты маман кезікті. Жекеменшік клиникада істейді екен, дереу жолға шығып, сол кісінің емімен бір ай дегенде бет-әлпетім қалпына келді. Астанадан Шымкентке билет алып, төркініме бардым.


Обалы не керек, ата-анам, аға-жеңгем құшақ жая қарсы алды, бала босанғанша мені күтіп, бағып, өмірге тәп-тәтті қызым келді. Өмірім быт-шыт жағдайда тұрса да, осы сәби маған ешқашан сезінбеген бақытты сезіндірді. Атын қойдық. Құжаттарымды өткізіп, бала күтіміне арналған жәрдемақыға да ұсыныс тастадым. Артынша ажырасуға арыз жаздым.


Ажырасуға арыз бергенімді білгенде күйеуім құстай ұшып келді. Ата-анамның алдында кешірім сұрап, «енді қайталамаймын» деген сөзін екінші рет қайталап айтты. Бірақ мен сенбедім. «Қызымды көрейінші» деп жалынды, бірақ ол іште жатқанда аяусыз тепкілегені есіме түсіп, көрсетпей қойдым. Не керек, біз ажырастық. Алимент төлеуге міндеттелді. Үйленген кезде алған дүниені бөліске салдық.


Бауырларымның, аға-жеңгелерімнің «басымнан сипауымен» ғана күнімді кешіп жүрмін. Қызымның тәтті қылықтары да көбейе бастады. Алданышым да, жұбанышым да сол балапан боп тұр. Бірақ жүрекке бірдеңе жетіспейтін сияқты, кей кездері көңіл-күйім болмай, жабырқап қаламын. «Басың жас қой, қызыңа өзім қараймын, қыдыр, ойнап-күл» деп жеңгем қоймайды. Бірақ мен өзіме сенімсізбін, тағы бір оңбағанға алданып қалам ба деген үрей бар.


Осы жаңа жылдан бастап күйеуім жұмысын Шымкентке ауыстырыпты. Үйге тағы келіп, кешірім сұрады. «Басқа біреуге үйленетін ойым жоқ, сен келіспесең өмір бойы жалғыз өтем» деп отыр. Оны естіген әке-шешем «отбасы шыдамдылықты, кешірімділікті талап етеді, тағы бір мүмкіндік бер, қызыңның әкесі ғой» деп қоймай жатыр. Қалай ойлайсыздар, әйелдің бәрі шыдам мен төзімнің аяғына бар ғұмырын жығып беруі тиіс пе?


Қызымның қараған көзі, түрі, бәрі күйеуімнен айнымай қалған. Қараған сайын есіме түсіп кете береді. Ішімде сезім мен реніш арпалысып жатыр. Кешіріп, қайта татулассам қайтадан ұрып тастардай қорқамын. Қалай ұмытсам болады сол жағдайды?!»