​«Тауықтың өлгенін тілеп отырдық»: шымкенттік азамат дуадан қалай арылғанын айтып берді

0
1 762

«Сандықтағы матамыздың түсіне дейін біліп қойыпты»


​«Тауықтың өлгенін тілеп отырдық»: шымкенттік азамат дуадан қалай арылғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


ERNUR.KZ. Қолдарына тұтатылған адыраспан ұстап алып, топ-тобымен көше кезіп жүретін сығандар жайлы әркімнің пікірі әртүрлі. Біреулер оларды алаяқ деп таниды. Енді бірі көріпкел деп санайды. Өз басым сығандармен бетпе-бет кездеспегендіктен ештеңе дей алмаймын. Соңғы уақытта олар көрінбей де кетті өзі. Десе де таксиде естіген мына бір әңгіме мені таңғалдырды.


Өзін Ералы деп таныстырған кісі өте әңгімешіл адам екен. Өзім ауырып отырғам, ана кісі соны байқады ма, «Жүрек мазалап жатыр ма, қарындасым. Мен де жүректен арғы жаққа кетіп қала жаздағам. Дәрігерлерге барсам нақты диагноз қоя алмай, әбден әуреледі» деп әңгімесін бастап кетті. Оның сөйлегенін аса жақтырмасам да амал жоқ, құлақ салып тыңдауға тура келді. Бірақ кейін, айтқанына таңғалып, сапарлас азаматтың басынан өткен оқиғасын сіздермен бөлісіп отырмын.


«Дәрігерлер «жүрегіңіз сап-сау, десе де шаншыған кезде валидол іше беріңіз» деп шығарып салған. Қайта-қайта қан қысымым көтеріліп, ыстық күнде қатты әбіржідім, - деп бастады әңгімесін Ералы мырза. – Ауруым күннен-күнге үдей берді. Бөлмені қараңғылап алып жатқаннан басқа амал қалмады. Ми қайнатар ыстықта ауырған да жаман екен.


Бір күні бөлмемде демалып жатқанмын. Әйелім ішке кіріп, мені бір сыған әйелдің шақырып тұрғанын айтты. «Қуып жіберші, қайдағы сыған, сен де бірдеңені шығарып, кетсін, тиын-тебенін беріп, шығарып жібер» деп орнымнан қозғалмадым. Әйелім «ол кісі шықпайды» деп айтса да кете қоймапты. Ашуым келді, ақыры орнымнан әрең қозғалып, аулаға шықтым.

Толықтау келген әйел жүзімнің көлеңкесіне жайғасып, мені күтіп отыр екен. Мені көрді де «жүрегіңіз ине сұққандай шаншып ауырып жатыр ғой, соны айтуға келсем де шықпайсыз» деді. Ондайға алдана қоятын мен бе, «оттама, қазір екінің бірі ауру» дедім. Оған қайта салатын сыған жоқ, «Сенің ауруың үйіңдегі дуадан боп тұр. Мақұл десең соны іздеп табайын, оған да сенбесең амал жоқ, кетем» деді.

Әлгіні естіген соң әйелім ойбайлап шықты. «Нең кетеді, іздеп көрсінші» деп жалынды. Амал жоқ, келістім. Бір жағы, өзіме де қызық болды.


Сыған әйел үйден оқтау алдыртты да, бауға қарай аяңдады. Әр жерді бір шұқып бес минуттай айналды. Бір уақта ортада тұрған үлкен жаңғақ ағашының түбіне келіп, «Күрегіңді әкеп, мына жерді қаз!» деп бұйырды. Бір күрек топырақты алып ем, ештеңе шықпады. Сыған әйел оқтауды тағы бір қадады да, «екі күрек топырақ ал» деді. Айтқанын істеп ем, сізге өтірік, маған шын, кәдімгі консервідегі құтыға салынған бір зат шықты. Ішінде не жоқ, бәрі бар. Бір уыс тары да салыпты. Әлгіні көріп қорқайын дедім.

«Мына дуаны жақын туыстарың жасаған. Сені өлсін деп, әйеліңді жаман жолға түсіп, араққа салынып кетсін деген ниетпен істеген. Отбасың тарыдай жан-жаққа шашырап кетсін деп көреалмаушылықтан осындай қадамға барған» деп бәрін айтып берді. Сасып қалдым. Оны естіген әйелім жылап жіберді.


Сығанға «енді мұны не істейміз» дегендей қарап едім, «қораңнан бір тауық әкел, соған дұға оқимын, өліп қалса дуаның қайтқаны, өлмесе менің қолымнан ештеңе келмейді. Не істеу керегін білмеймін, тағдырыңнан көресің» деп бұйырды.

Дереу тауықханадан бір тауықты ұстап, аяғын байлап, сығанның алдына қойдым. Іштей тауықтың өлуін тілей бастағанымды несіне жасырайын...

Сыған әйел бірдеңелерді күбірлеп ұзақ оқыды. Біраздан соң сап-сау жүрген тауықтың көзі жұммылып, әлсіреп, кейін өліп қалды. Әйелім екеуміз қуанып кеттік. «Не сұрайсың, бәрін берем» деп менен бұрын әйелім алдына түсіп шауып жүр. «Маған бес мың теңге бересің» деді сол кезде. Өзім жұмыссызбын, әйелім де үйде, балалардың тапқанын тамақ қылып отырған кез ғой, бес мың деген көп ақша еді, «менде ондай ақша жоқ» деп сүмірейіп қалдым.


Сыған әйел сасқан жоқ, «көршілеріңді аралап шық, алтыншы үйден табасың» деді. Амалдың жоғынан айтқанын істеп, көршілердің есігін ұра бастадым. Айтса айтқандай-ақ, бізден бес үй ары тұратын бажамнан бес мың таптым. Мен үйге келсем әйелімнің үйден бір түйіншекті алып шығып жатыр. «Мынауың не?» деп едім, «сыған әйел сандығымдағы бес киім матаның түсіне дейін тауып тұр, соны әкетпекші» деп аң-таң болды. Бастан құлақ садаға болсын деп, сұрағанының бәрін беріп, құтылғанымызға қуандық.


Бір қызығы, сол күннен бастап жүрегімнің шаншығаны басылды. Жер бауырлап, басым мең-зең боп үйден шықпай жата беруші едім. Өмірге деген құлшынысым оянып, балаларыммен бірге кәсіпке араласып, саудаға шықтым. Үйімізге береке кірді».


Бейтаныс кісінің мына әңгімесіне ойланып қалдым. Дуаны кімдержәне не үшін істейді екен деген сұрақ көкейімде тұрып қалды. Ал сіз қалай ойлайсыз? Өміріңізге сығанға кезіккен немесе дуа, сиқырға ұшыраған кезіңіз болды ма? Ерекше оқиғаңыз болса бөлісе отырыңыз. Байланыс телефонымыз – 8-771-669-36-69.